Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

Тарлан актерге тақта орнатылды 

Жарты ғасырға таяу шығар­машылық өмірін (1948-1984 жж) Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мем­лекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына арнап, қазақ театр өнерін өркендетуге өлшеусіз үлес қосқан дара талант иесі Қасым Жәкібаевтың есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында өзі тұрған үйіне мемориалдық тақ­та орнатылды.

Сайын көшесі мен Райымбек батыр көшесінің қиылысында орналасқан актер тұрған үйге Астана және Алматы қала­ларының зиялы қауым өкіл­дері, әріптестері мен туған-туыс­тары жиналды. Театр өнерінің майталманы сахнада жүріп 300-ден аса рөлді сомдаған. Алғаш атақты Наталья Сац қолынан жетектеп театрға әкелгенде, бар болғаны 19 жастағы жігіт «Алтын кілт» ертегісіндегі Базилио мысықтың рөлімен-ақ болашағының зор екенін байқатып үлгереді. Осы уақыт аралығында сахна өнері үшін туған сайыпқыран балаларға арналған қойылымнан бастап ересек көрерменге арналған салмақты спектакльдерге дейін­гі әр түрлі  образды өзіне ғана тән шеберлігімен ширатты. Қ.Жә­кібаев кино саласына да елеулі үлес қосқан таны­мал актер. «Дерсу Узала», «Жансебіл», «Қан мен тер», «Үшеу», «Дәне­кер», «Отырар», «Махаббат бекеті», «То­ғысқан тағдырлар» филь­міндегі рөлдері кино өнері тари­хында қалды. Алматы қаласы әкімі қабыл­даған қаулыға сәйкес, Ғ.Мүсі­­ре­пов атындағы Қазақ мем­ле­кет­тік академиялық балалар мен жас­өспірімдер театры­ның ұйымдас­тыруымен, Қазақ­стан­ның халық әртісі, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайрат­кері, Тәуелсіз «Платиналы Тар­лан» сыйлығының иегері Қа­сым Әбекұлы Жәкібаевтың құрметіне орнатылған тақтаның ақ шы­мылдығы түрілген соң салтанатты рәсімде сөз алған Саты­балды Нарымбетов, Нұр­жұман Ықтымбаев, Роза Әшір­бекова сынды өнердегі әріптес­тері та­ланттың сан қилы тағдыры туралы жан тебірентетін есте­лік­терімен бөлісті.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Ақпарат көзі: https://egemen.kz/article/159266-tarlan-akterge-taqta-ornatyldy

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Театрымыздың екі бірдей артистері – Еділ Рамазанов пен Əсет Есжан “ЖАҢА КҮН” бағдарламасында. #Хабар20жыл #театр #өнер

admin

ШАПАННАН БАСТАЛҒАН ХИКАЯ

admin

ТЕАТР – ӨМІР АЙНАСЫ

admin

ПІКІР ҚАЛДЫРУ