Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

Түркітілдес театрлар фестивалінде «Ең үздік спектакль» жүлдесін алды

Бұл күндері Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры Түркия мемлекеті­нен үлкен табыспен оралып отыр. Аталмыш театр 20-30 сәуір аралығында Түркияның Конья қаласында өткен «Мың тыныс – бір дауыс» атты Түркітілдес театрлардың ХІ халықаралық фести­валінде «Ең үздік спектакль» жүлдесін жеңіп алды.

Жастар театрының жетек­шісі Сәбит Әбдіхалықов халық­аралық өнер додасының өте жоғары деңгейде өткізілгенін айтады. Сондай-ақ, театрдың шы­ғармашылық ұжымы өзде­рінің өнерлерін шыңдауда өте жақсы мүмкіндіктерге ие болған екен. Қазақ актерлері үшін фестивальдің мұсылмандар мейрамы – Мәулітпен тұспа-тұс келуі есте қаларлықтай, ерекше әсерлі болған.

Фестивальге Түркияның бес театрынан бөлек, Македония, Мол­­дова, Әзербайжан, Кипр, Гру­зия, Ирак, Иран, Болгария сынды ел­дердің өнер ордалары сайысқа түсіп, бақ сынасты.

Сонымен, халықаралық фес­ти­вальде қазақ театры Геор­гий Хугаевтың «Қара шекпен» қойы­лымын Коньяның орталы­ғында орналасқан Түрік ұлттық «Devlet» театрының сахнасында қойды.

Қазақ көрермендерінің қоше­­метіне бөленіп жүрген спек­такль­дің қоюшы-режиссері – Ас­хат Маемиров, қоюшы-сурет­шісі – Индира Ихсан, музыкамен көр­кемдеген – Динара Әбікеева, Болат­бек Нұрқасымов, балетмейс­тер – Ринат Билібаев.

Түркия көрермендері ғана емес, түркітілдес мемлекеттерден келген кәсіпқой театр ұжымдарының кө­ңі­лінен шыққан тамаша қойы­лымда Данияр Базарқұлов, Жанар Мақашева, Ерлан Кәрібаев, Әсет Есжан, Еділ Рамазанов, Гүл­баһрам Байбосынова, Сәния Ер­зат, Дархан Сүлейменов, Ербол Са­­дырбаев, Ербол Ыдырысов, Гау­һар Сағынғалиева, Толқын Нұр­бекова, Қуаныш Тұрдалин, Гүл­­дана Ергешова, Мөлдір Қоныс­қызы, Динара Шымырбаева, Ел­дар Отарбаев сынды әртістер тамаша өнер көрсетіп, сахналық шебер­ліктерімен әріптестерін тәнті еткен.

Пенделердің де болмысымен астасып жатқан бұл пьесада бір ғана адам бар. Ол қара шек­пенді Шопан. Спектакльдің басты кейіпкері Тұзар атты иесіне адал берілген төбет десек те, адамның түрлі болмысын бейнелейтін Көкжал қасқыр, Көкшулан қан­шық, Қосүрей қоян, еңбегі еш есек Кико, 250 жыл жа­саған Қуқар қарға, айласына құрық бойлатпас Сылаң түлкі, әді­летсіздікке жаны төзбейтін, бірақ оның қулық-сұмдықтарын да әлі түсінбейтін Бе-бе қозы кезегімен бірінші план­ға шығып отырады. Ал қортық қасқыр мен қойлар да тіршіліктің иелері. Тындырғаны шамалы болса-дағы, топ бастаған Теке де айналамызда бар.

Түрік көрермендері алдында адалдығы бағаланбаған итті Данияр Базарқұлов пен өнер сұлулығына тамсандырған Көкшу­ланды Жанар Мақашева жар­қыратып алып шықты.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Ақпарат көзі: https://egemen.kz/2016/05/06/38549

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Құттықтаймыз!

admin

«ӨНЕРНАМА» бағдарламасының қонағы ҚР халық артисі Роза Әшірбекова

admin

«А счастье было так возможно»

admin

ПІКІР ҚАЛДЫРУ