Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

Әр қойылымы — бір олжа

Ғ.Мүсірепов атындағы жастар театрының тағы бір табысы деуге тұратын «Қызыл орамалды шынарым» драмасын халық ерекше толғаныспен қабылдады. Саид Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» комедиясы да көрермендерін сүйсіндірді. М.Мақатаев туралы «Мен ұмытылмаймын» драмасы да жанға жақты.

Қазақстанның халық артисі Талғат Теменов Шыңғыс Айтматовтың «Арманым, Әселім» шығармасының негізінде «Қызыл орамалды шынарым» (орысша атауы да әу бастан «Тополек мой в красной косынке» болатын)  деген атпен сахналық нұсқасын жазып, өзі қойған еді. Классикалық шығармалар ескірмек емес, сондықтан оған режиссерлер жылдар өте қайта айналып соғып отырады.

Бұл шығарма осы театрда осыдан 45 жыл бұрын қойылып,  Мәскеуде өткен театр фестивалінде жүлделі орын алыпты. Сонда Чапай Зұлқашев, Байділдә Қалтаев, Мұхтар Бақтыгереев, Роза Әшірбекова сияқты театрдың алдыңғы буын танымал артистері  қатысқан екен.

Жастық, махаббат тақырыбы — өзектілігін жоймайтын өміршең тақырып. Жас жігіт пен бойжеткен қыз жол үстінде кезігеді. Көлігін жөндеп жатқан шопыр жігіт Ілиясқа кезігетін қызыл орамалды бойжеткен Әсел екеуінің арасында тұтанған махаббатқа, олардың бақыттан бастары айналған тамаша сәттерге куә боласыз.  Екеуінің үйленіп, үй болып, бала сүйгеніне, жарасымды тірлігіне сүйсінесіз. Соншалықты шынайы, таза махаббатқа тамсанасыз. Бұл екеуін ештеңе ажырата алмайтынына сенесіз. Бірақ сүйіп қосылған екі жастың арасына бұрыннан Ілиясқа ғашық  диспетчер Хадиша (актриса Айгүл Иманбаева) атты сылқым  түсіп, отбасының ойраны шығады.

Актер Бейбіт Камаранов сомдаған Ілиястың бойында жастыққа тән желік те, өткірлік те, қызбалық та, аңғалдық та, айтқанынан қайтпайтын бірбеткейлік те бар. Әсел рөлінде көрінген актриса Ақбота Қаймақбаеваның сұлулығы, нәзіктігі, сыпайылығы, мейірімділігі  көрерменіне ұнады. Жас нәрестесімен көрікті де ақылды келіншегін тастап кеткен Ілиястың тағдырынан гөрі, Әселдің болашағы жұртты ойландырғандай.

Сәбиін құшақтап басы ауған жаққа кетпек болған Әселдің алдынан  Байтемір

(актер Еділ Рамазанов) шығады. Бір жыл балалы келіншекке қамқор болған ол да тағдырдың тауқыметін тартқан азамат. Өзі соғыс көрген ол бейбіт күннің қадірін біледі. Бала-шағасы табиғат апатынан опат болған Байтемірдің  сабырлылығы, адамшылығын, өмірге деген құштарлығын жоғалтпауы көрерменін тәнті етеді.  Актер Еділ Рамазановтың Байтемірі мен Г.Хугаевтің «Қара шекпеніндегі» Көкжалы бір-біріне мүлде ұқсамайтын, дара образдар. Бұл актердің шеберлігін, жан дүниесінің кеңдігін байқатса керек.

Спектакльді көріп отырғанда көз алдыңда кино жүріп жатқандай әсерде қаласыз.

Тәжіктің «Сарбон» әні, қырғыз халқының әндері  пайдаланылған, адамның жүрек қылын қозғайды.

Ал  өзбектің халық жазушысы Саид Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» комедиясы да талай театрдың репертуарынан берік орын алған шығарма. Кезінде М.Әуезов атындағы академиялық драма театрда табысты жүрді. Комедияны қазақшалаған — Асқар Сүлейменов. Қоюшы режиссері — ҚР еңбек сіңірген  артисі Мұрат Ахманов.

Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері Лидия Кәденова  осы спектакльде Фармон бибіні келістіріп ойнайды. Бас-аяғы тұнған музыка мен би. Жеті ұлды тәрбиелеп өсіріп, қырық бір немере сүйіп отырған Фармон бибінің айтқаны — заң. Өзбек ұлтының дәстүр-салтын мықтап ұстанған ол балалары мен  келіндерін ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайды. Үлкен келіні Саттыхан (актриса Шолпан Сіргебаева) арқылы барлық мән-жайдан хабардар болып отырады. Бірақ өмір бір орнында тұра ма?! Осы қалыптасқан тірлікке жаңа түскен келіні қарсы тұрады. Үйінде еркін өскен, еркетотай кенже келіні Нигораның енесінің тәртібіне көнгісі жоқ. Абысындарын енесіне қарсы шығуға үгіттейді. Олар оңашада келіскенімен, күйеулері келгенде айтқандарынан айнып шыға келеді. Ақыры кіші келін  радио тілшісінің  көмегімен «Генерал ене» деген шағын қойылым дайындап, оны Фармон бибінің өзіне көрсетеді. Өзінің қателігін түсінген Фармон бибі балаларын бөлек шығарып, кенже ұлының қолында қалады.

Ене мен келіннің арақатынасы арқылы өзбектің көңілді музыкасымен астасқан небір күлкілі көріністерімен көрерменін баурады.

Фармон бибі-Лидия Кәденова бір әулеттің берекесін сұйылтпауды, балаларының ауызбіршілігін  сақтауды, ата дәстүрді қадірлеуді мақсат ете отырып, балаларының алдында қадірін кетірмеуді де ойлайтын дана  бәйбішенің образын жасады. Бұл спектакльде де біртұтас актерлік ансамбль қалыптасқан.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, майталман театр режиссері Жанат Хаджиев қойған Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» трагедиясы, Т.Теменовтің «Қызыл орамалды шынарым» (Ш.Айтматов), Б.Сейітмамытовтың «Мен ұмытылмаймын» (М.Мақатаев) драмалары, М.Ахмановтың «Келіндер көтерілісі» (С.Ахмад), А.Маемировтың «Қара шекпен» (Г.Хугаев) әфсанасы, балаларға арналған И.Әбілмәжіновтің «Ер көжек» (Ө.Боранбаев) музыкалық ертегісі ақтөбеліктердің есінде қалды. Кәсіби театрдың бір емес, бірнеше қайтара көруге тұратын спектакльдерін Ахтанов театрында тамашалауға мүмкіндік жасаған Ғ.Мүсірепов атындағы мемлекеттік академиялық театрының әкімшілігіне, ұжымына ақтөбелік көрермендер дән риза. Мұндай гастрольдер жиірек болса дейміз.

ЛИДИЯ КӘДЕНОВА: АҚТӨБЕНІҢ ХАЛҚЫНА РАҚМЕТ!

 — Ақтөбеге  біздің театр 8 жылдан кейін гастрольдік сапармен келіп отыр. Менің де содан бері ел жаққа келіп тұрғаным.  5 күнгі спектакль де аншлагпен өтті. Көрермендердің ықыласына риза болдық. Театр өнерін сүйеді екен. Қойылымдарымыз туралы оң пікірлерін айтып жатты.  Мұны өнерімізге берілген жоғары баға деп есептеймін. Өнер адамдары үшін одан артық құрмет бар ма?! Билеттеріміз алдын ала  өтіп кетті,  өзімнің ұжымымның алдында мерейім өсіп қалды.

Ақтөбе  туған жерім болғандықтан, әрдайым ел жаққа алаңдап отырамын. Жайсыз жаңалықтар құлағыма тисе, уайымдап қаламын. Астанадан Ақтөбеге әртүрлі комиссиялар келіп жатыр екен. Қалай болғанда тыныштыққа ештеңе жетпейді,  ел-жұртым пәле-жәледен аман болса екен деп тілеймін.

Мұғалжар ауданының әкімі Ербол Данағұлов «Лидия апамыз келіпті» деп елеп, бір топ азаматтарды сәлемдесуге жіберіпті. Еңбектері жемісті болсын!

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Ақпарат көзі: http://www.aktobegazeti.kz/?p=45616

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Ғ. МҮСІРЕПОВ АТЫНДАҒЫ БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕР ТЕАТРЫ ПАВЛОДАРДА

admin

People and Technology to PC Tablet Computer Screen

admin

27 11 Студия қонағы ДИНАРА ШЫМЫРБАЕВА

admin

ПІКІР ҚАЛДЫРУ