Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

Балалар драматургиясы неге әлсiз?

Балалар әдебиеті секілді балалар драматургиясы да құлдырау үстінде. Балаларға арналған пьесаларды режиссерлердің өзі жазуға мәжбүр. Неліктен?

Оның басты себебі, балалар тақырыбында жазатын драматургтердің азаюында. Өткен аптада Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының ұйымдастыруымен «Алтын сақа» балалар спектакльдерінің фестивалі өткен. Ұйымдастырушылар драматургтердің азайып кеткеніне алаңдаушылық білдірді.

Балаларға арналып жылына үш спек­такль қойылады. Бұл бір ғана жастар теат­рына тән нәрсе. Одан бөлек, мемлекеттік «Қуыр­шақ» театры бар. Демек, жыл сайын ке­мінде алты-жеті пьеса сахнаға шығады де­ген сөз. Егер драматургия саласы ақсап тұр­ған болса, театрлар өздеріне қажетті дү­ниені қайдан таппақ?
Жалпы, қазақ драматургиясының тууы, да­муы және қалыптасуы дегенде, қазақ ба­лалар драматургиясын да айтпай кетуге бол­майды. Балалар драматургиясының не­гізінде не жатыр? Қазақтың халық ауыз әде­биеті: мифтер, қиял-ғажайып ертегілер, аңыз­дар. Балаларға арналған сұрамақ, қа­ла­мақ, айтыс ойындары, мақал-мә­тел­дердің өзі драматургияның қалыптасуына ық­пал етті деуімізге негіз бар. Жаңа үрдіс бір күнде пайда болмайды, ол ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрмен рухани игі­лігімізге айналып келеді. Ұлттық әдебиеттің ру­хани уызы саналатын ауыз әдебиеті – ба­лалар драматургиясының бастау көзі екені бел­гілі. Батырлар жыры, ертегілер, мы­сал­дар, шешендік сөздер, өтірік өлеңдер, жұм­бақтар, тұрмыс-салт жырлары, айтыс, бас­қа да ауыз әдебиетінің үлгілері өте көп. Сол өте көп үлгіні өз игілігімізге неге пай­да­лана алмай отырмыз?  Қазақ поэз­ия­сы­ның құлагері Ілияс Жансүгіровты қазақ ба­лалар драматургиясының бастауында тұр­ған қайраткер ретінде бағалаймыз. Мә­се­лен, қазақ баласы түгел білетін «айдалада ақ отау, аузы мұрны жоқ отау», болмаса «ала­са ғана бойы бар, айналдырып киген то­ны бар», «белі бүкір, алысқа түкір» деген сияқ­ты жүзге тарта жұмбақтарды алғаш жа­зып алған, редакциялаған, жеке кітап ре­тінде басып шығарған Ілияс Жансүгіров еке­нін қазіргі таңда көп адам біле бермейді. Атақ­ты қырық өтірікті қағазға түсіріп, «Өті­рік» деген атпен 1927 жылы кітап шы­ғарған да Ілияс болатын. «Бұл жинақтың түп­кі ойы, түпкі орны мен өтірігі – үлкен­дерден гөрі балалардікі, балалар әдебиетіне жатады» деп баға берген де Ілияс болатын. Өкі­нішке қарай, бүгінгі балалардың дені Ілияс салған жолмен, яғни қазақтың ауыз әдебиетімен, фольклорымен жете таныс емес. Оның бір себебі, көрермен көзайымы бо­ларлық дүниелер театрда жоқтың қасы.
IMG_7192 копияБір кездері театртанушы Амангелді Мұ­қан: «Тәуелсіз ел болған бүгінгі кезең бүл­діршіндерге эстетикалық тәрбие беру ісін­­де, ұлттық құндылықтарымызды дәріп­теу­ді жас балалар аудиториясынан бастауға белсене атсалысудан біздің бұл театрлары­мыз неге шет қала бермек? Бұл мәселеге жо­ғары жақтан, арнайы мекемелер тара­пы­нан қозғау салмаса театрлар өз бетінше із­денгісі жоқ секілді. Ал театрдың балаларға ар­налған өзіндік тартымды репертуары бол­са, бір жарым миллионнан астам халқы бар қаладан өздерінің жас көрермендерін айы­рып алатынына сеніміміз кәміл. Балалар мен жастар театрына жетекші болған режиссерлердің сахнада өздерінің жеке шығармашылық амбициясын көбірек ойлағандықтарынан шығар, балалар театры репертуарлық бағытына түбегейлі өзгерістер енгізіп, өзіндік жолын, өзгелерге ұқсамайтын даралығын жоғалтып алды. Театр балалар әлемі мен ересек көрермен­дер арасын жалғайтын алтын көпір бола алмады» деп сын айтқан екен. Алайда, Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрына жаңа басшылық келгелі бұл олқылықтың орнын толтыруды қолға алған секілді. «Алтын сақа» фестивалі осының нақты дәлелі.
Жастар театрына биыл – жетпіс жыл. Жетпіс жылдығына орай, театр ұжымы жеті шараны   қолға алған. Соның бірі – балалар спектакльдерінің фестивалі. Фестиваль аясында жеті бірдей спектакль балаларға ұсы­нылды. Олардың арасында «Алтын сақа», «Наурыз-думан», «Алтын мүйізді киік», «Маугли», «Томпақ» секілді бала­лар­ға арналған қойылымдар бар. «Алтын са­қаны» ұйымдастырушылардың басты мақ­саты – балалар қойылымын ынталан­ды­рып қана қоймай, драматургияға жаңа сер­пін беру. «Балалар драматургиясына қа­лам тартқысы келіп жүрген жастарға ық­пал ету. Театр бұл үшін арнайы қаржы бөліп отыр. Әзірге бұл театр ішінде ғана өткізіліп отырған шара» дейді театрдың директоры Сәбит Әбдіхалықов. Республикалық де­ң­гейге жеткізу мол қаражатты қажет ететіні белгілі. Оған жастар театрының шамасы келе бермейтіні анық. Театрдың көркемдік жетекшісі Мұрат Ахманов бұл фестивальдің бір жағынан жастарға серпін беретінін айт­са, екінші жағынан театр артистеріне де қол­дау болатынын жеткізді. Жыл сайын театрда балаларға арналып, бар-жоғы  үш спектакль қойылады. Бұл бір жылға аздық ете­тіні рас. Бірақ бұған азық болатын дайын өнім тағы жоқ. Театр барға қанағат ету­ге мәжбүр.   Тағы бір дүние: балалардың жас ерекшелігі. 1-сынып пен 5-сынып ара­лығындағы балаларға арналған қойылымды он үштегі балаға күштеп көрсете алмайсыз. Ондай қойылымды жасөспірім бала қабыл­дай алмауы да мүмкін. Сондықтан жас ерек­шеліктерін ескере отырып, қойы­лым­дар жасалатын болса, онда төрт спектакльді сахнаға шығаруға мәжбүр болады. Оған театрдың тағы мүмкіндігі жоқ.
Балалар драматургиясы дегенде, кесе-көлденең шығатын тағы бір мәселе бар. Ол – балалар қойылымдарының насихатының кем­шін түсіп жататындығы. Ата-ананың бала­сымен спектакльді тамашалайтын уа­қы­ты да ескерілмеген сияқты. Театр ұжы­мы балалар қойылымын табысты өткізу үшін осындай кедергілерді жою қажет.
Расында да, театр ұсынған «Алтын сақа» фестивалі – бұрын-соңды театр тари­хында болмаған дүние. Театрдың ішкі фестивалі болғандықтан, жүлде де театр артистері  арасында сарапқа салынды. Мә­селен, «Көрермендер көзайымы» номина­ция­сын «Маугли» спектакліндегі Табаки рөлі үшін Ербол Ыдырысов алса, «Эпизод­тық рөлдегі актерлік шеберлігі үшін» «Ал­дар көседегі» рөлімен Мөлдір Қонысқызы иемденді. «Ең үздік дебют» Динара Нұрбо­латқ­а тиесілі болды. Әмина Өмірзақова атын­дағы «Ең үздік әйел бейнесі» Нұргүл Мың­ғатоваға, Қасым Жәкібаев атындағы «Ең үздік қосалқы рөлдегі ер адам бейнесі» Жомарт Зейнәбілге, Аққағаз Мәмбетова атындағы «Ең үздік әйел бейнесі» Динара Абдулл­инаға, Байділда Қалтаев атындағы «Ең үздік ер адам бейнесі» Мерей Әджі­бе­ковке бұйырды. Театр мерекесіне орай ұйым­дастырылған бұл фестивальдің көрер­мен үшін қажет дүние екендігін мойын­дауымыз керек.
Алайда, қолда бар мүмкіндікті орнымен пайдалануымыз қажет. Балалар театрының іші бүлдіршіндер үшін пайдалы болуы тиіс. Театр дейтін құтты мекенді балалардың да құлшыныспен келетін құдіретті орнына ай­налдыра алсақ, ұтарымыз көп. Ел болу­дың да, бесікті түзеудің де алғышарттары осын­да. Ол үшін көрерменге қызықты қой­ы­лым қажет. Қызықты қойылымды жазатын балалар драматургтері. Қоятын – режиссерлер. Режиссерлерге кінә артпай, балаларға арналған сапалы шығармаларды жазатын кезең жетті. Онсыз біз көңілінің гүлі жоқ қуыс кеуде, арсыз, білімсіз ұрпақ­тың өсіп-жетілуіне себепкер боламыз. Сон­дықтан, балалар драматургиясын да­мыту­ды бүгін қолға алмасақ, ертең кеш бо­ла­ды.

Ақпарат көзі: http://aikyn.kz/ru/articles/show/22366-balalar_dramaturgiyasy_nege_lsiz_

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Мүсірепов театры Ақтауда!

admin

Белгілі режисер 68 жасына қараған шағында дүниеден озды

admin

ҚАЗАҚ ТЕАТРЫНДА «СЕҢ» ҚОЗҒАЛДЫ

admin

ПІКІР ҚАЛДЫРУ