Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

«АЛТЫН МҮЙІЗДІ КИІКТІ» КӨРДІҢ БЕ?

Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында отырмыз. Шымылдық түрілді. Əртүрлі жұмсақ ойыншықтар көздің жауын алады. Бəрін ұстай қалып, ойнағың келіп кетеді. Сөйтіп, ойыншықтарға елітіп отырғанымызда, Ертегі қыз шыға келді. Сахна да, көрермен залы да балалардың еркінде. Кім қалай отырам десе де, өзі біледі. Күн нұрынан жаралғандай əдемі қызды көргенде зал үн-түнсіз қалды. Ертегі қыз сиқырлы сөздерімен елітіп барады. «Қанекей, балалар, біз қазір ертегі құрастырып, соны сахналаймыз», – деп кейіпкерлеріне рөлдерді бөліп беріп жатыр. Ертегі қыз мынадай рөлдерді бекітті: Шибұт, Жарғақбас, Қылкеңірдек, Мес қарын. Олардың əрқайсысы əртүрлі. Мысалы, ақылды да мейірімді – Ертегі қыз, халықты қорқытып жүретін аңқау да аңғал Қылкеңірдек – «Алтын мүйізді киік», Жарғақпас – қойшы бала, хан болып сайланатын – Шибұт, қулық-сұмдығы басым Мес қарын кішкентайкөрерменге сан қилы əсер етті.

Олар залдағы балалармен тікелей байланыс жасайды. Кішкентай көрермендер жалықпайды. Бұл қойылымда балақайларды сергітетін сəттер көп. Ертегі қыздың сиқырлы таяқшасынан кəмпиттердің шашылуы, қойшы бала адамдарды қорқытқаны үшін жазалануы тиіс болғанда сахнаны айналып қашуы, оны ұстап аламыз деп балалардың қууы – сəтті шыққан көріністер. Соңында алтын мүйізді киікті қойшы бала ханға табыстайды. Ал, хан болса, жақсылық жасаған қойшы балаға заманауи «айфон» сыйлайды. Міне, осылай ертегі əлемі мен бүгінгі заман астасып жатады…

Қойылымнан соң режиссер Еркін Əбдірешовпен жолығып, өзімізді қызықтырған сауалдарға жауап алдық.

«АЛТЫН МҮЙІЗДІ КИІКТІ» ТҮСІМДЕ КӨРДІМ…

Ұлан: Балаларға арналған қойылымдарыңызға қаншалықты жаңашылдық енгізіп, бүгінгі күнмен байланыстырасыз?

Е.Əбдірешов: Қолымнан келгенше, шығарманың түпкі бағытынан ауытқымай, жаңашылдық енгізуге тырысамын. «Жезтырнақ», «Алтын мүйізді киік» – халық ертегілері. Егер мен сол ертегілердің біреуіне ойдан немесе шетелдің бір мултьфильмінің кейіпкерін қоса салсам, ертегі негізгі түп тамырын жоғалтып алады. Жаңашылдықты балалардың есінде ертегі қалу үшін енгіземін. Бірақ, ертегінің өзінің шеңберінен ауытқып кеткен емеспін.

04

Ұлан: «Алтын мүйізді киік» ертегісі қалай дүниеге келді? Осы ертегіні сахналауға ықпал жасаған адамдар болды ма?

Е.Əбдірешов: Ғаламтор заманында өмір сүріп жатқан балалардың көңіліне ұнайтын дүние жасап шығару үлкен еңбекті талап етеді. Менің балаларға арнап жазған дүниелерім комиссия қарауына жіберіледі. Олардың шешімдері қалай қабылданады, солай болады. Театрдың жетекшісі болған Ерлан Білəл бауырым туындыларыма оң бағасын беріп, қолдап отырды. «Алтын мүйізді киік» – көптен ойда жүрген дүнием болатын. Жарғақбас, Қылкеңірдек, Шибұт – нағыз ертегі кейіпкерлері. Менің жанымнан қосқан кейіпкерім – Мес қарын ғана болды. Оның қимылдары арқылы кішкентай көрермендер сергіп отырсын дедім. Ертегі шағын ғана. Сахнаға өзі-ақ сұранып тұр. «Ертегіні сахнаға қалай ыңғайлаймын?» деп ойланып жүргенде, түс көрдім. Түсімде бəрі анық болып, сахнада қойылып жатыр. Тіпті, кейіпкерлерді сомдайтын актерларына дейін көріп жүр екенмін. Қарасам, төртінші кейіпкер – Мес қарын жүр. Сосын ертегіні ежелден балаға атасы немесе əжесі айтады. Ал менің түсімде оны үлкен кітаптың ішінен шыққан жеті-сегіз жасар қыз айтып тұр. Түсімде не көрдім, сахнаға соны алып шықтым. Жаман дүние болмаған секілді.

Ұлан: Актерларды да түсіңіз арқылы таңдадыңыз ба?

Е.Əбдірешов: Ертегі қыздың рөлін Толқын Нұрбекова сомдады. Театрға төселген, талантты актрисаларымыздың бірі. Мені көзіме қарап-ақ түсінеді. Мерей Əжібеков қойшы баланың рөлін сəтті алып шықты. Шахимардан Əлмахан деген жас актердің ең алғашқы сахналық рөлі – Мес қарын. Тұрдалин Қуаныш пен Ергешова Гүлдана да – балалармен жұмыс істей алатын таланты актерлар. Балалар қойылымын сахналағанда актерлардан міндетті түрде баланың кейпіне енулерін талап етемін. Қойылым бір-екі сағатқа созылса да, сол уақытқа дейін ол баланың кейпінде болуы керек. Жалпы, театр ұжымдық еңбекті талап етеді. Мысалы, балалар қойылымы болғасын міндетті түрде көрерменмен байланыс болуы тиіс. 1,5-2 сағат бойы балаларды ұстап отыру қиын. Сахнада түрлі заттарды лақтырып ойнап жатқанда, балалардың денесіне қатты тимейтін, жұмсақ материалдардан жасалған ойыншықтар қолданамыз. Актерлардың киімдеріне келетін болсақ, олардың костюмдеріне түрлі заманауи кейіпкерлерді жабыстырып қойдым. Актерлардың киімдері ашық түсті, көңілді болса, бала да оған еріксіз қарайды. Сондықтан да, балалардың кейіпкерлерді қабылдауы оңай болған сияқты.

02

Ұлан: Аға, орайы келгенде сұрағым келіп отыр, елімізде балаларға арнап пьеса жазып жатқан драматургтер бар ма?

Е.Əбдірешов: Менің қуанатыным – соңғы жылдары біздің театр балаларға бет бұрды. Оған жаңадан келген басшылар мұрындық болып отыр. Енді ғана біз өз миссиямызға қарай ойыстық. Балалар театрының негізгі мақсаты – балаларға арналған қойылымдар көрсету. Балаға арнап жазу оңай емес. Мысалы, Əбдібай Табылды балаларға арнап көптеген шығармалар жазды. Алайда, ол кісінің шығармалары сахналауға келе бермейді. Балалар драматургиясында сондай дүниелер көп. Керемет шығарма дүниеге келеді, бірақ сахналауға жарамсыз. Шығарманың форматы сахнаға үйлеспей жатады. Балаларға арналған шығарма жазу үшін əуелі баланың психологиясын зерттеу керек.

03

Ұлан: Алдағы уақытта балаларға арнап қандай қойылымдар жазғыңыз келеді?

Е.Əбдірешов: «Космос құтқарушылары» мен «Ұшар» деген пьесамды сахналау ойда бар. Баланың ішкі сезімін, ой-қиялын дамытуға септігін тигізетін дүниелер. Əрине, сахнаға шығару – болашақтың еншісіндегі нəрсе. Тағы бір айта кететінім, «Ұлан» газетінен оқушы баланың «Кірпінің киімін кім тікті?» жəне «Ақ желкен» журналынан «Əріптер əлемінде» деген ертегі-əңгіме оқығанмын. Сол екі ертегі қатты ұнап қалды. Енді соны жарыққа шығару жоспарымда бар.

 БАЛАЛАР ӨТІРІК АЙТПАЙДЫ

Толқын НҰРБЕКОВА, Ертегі қыздың рөлін сомдаған актриса:

– Үлкендерден гөрі, балалардың алдында ойнау өте қиын. Үлкендер сезімге беріліп, жеткізе алмай жатқан əрекеттерімізді өздері түсініп алады, ал балалар қалай бар, солай қабылдайтын жандар. Оларды алдай алмайсың, өтірік сөз қосып, ойдан құрастыра салуға мүлдем болмайды. Сондықтан да, қолымыздан келгенше, шынайы əрі əсерлі ойнап шықтық деп ойлаймын. Өзіңіз көргендей, «киікке не жетіспейді?» деген интеллектуалды сұрағымызға хормен «мүйіз» деп жауап беруінен-ақ балалардың сезімталдығын аңғаруға болады. Сахнаны айналып, қойшы баланың қашуы, оны ұстап аламыз деп балалардың өздері орындарынан тұрып жүгіруі, бəрі сəтті шықты. Бұл жолғы көрермендер – өте белсенді балалар. Əр қойылым сахналанған сайын əрқалай шығады. Кейбір балалар бұл ертегіні мүлдем қызықсыз қабылдаса, енді бірі сахнада ойнап жатқан актермен бірге ойнап отырады. Бұл қойылымды сахналауға тамыз айынан бастап кірістік. Залдағы балалардың көңілді отыруынан қойылымның нəтижесін байқадыңыздар деп ойлаймын. Ең үлкен сыншымыз – балалар.

Айдана МАЙКАТОВА, №176 мектептің 2-сынып оқушысы:

– Маған бұл қойылым ұнады. Шибұт пен Ертегі қызды жақсы көріп кеттім. Ертегі қыз көп ертегі біледі екен. Жарғақбас ұнамады. Қорқынышты киініп алып, адамдарды қорқытады. Адамдар неге жамандық істейді? Соны түсінбеймін. Мен кейін жаман адам болғым келмейді.

Сабина ҚОШҚАРОВА, №176 мектептің 2-сынып оқушысы:

– Маған Шибұт ұнады. Өйткені, ол хан болып сайланды. «Халқыма, еліме көмектесемін» деп, алтын мүйізді киікке уəде берді. Уəде бергесін орындау керек.

Ерасыл ДҮЙСЕНБАЙ, №176 мектептің 2-сынып оқушысы:

– Қойшы бала ұнады. Өйткені, ол алтын мүйізді киікке көмектесіп жүрді. Ханға көп ақшаға алтын мүйізді киікті сатқан жоқ. Егер жаман адам болса, пайдасын ойлап, киікті ақшаға сатар еді…

Ақбота ҚАСЕН, №176 мектептің 2-сынып оқушысы:

– Маған ұнаған кейіпкер – Қылкеңірдек. Ол сондай көңілді. Үнемі достарына көмектеседі. Соңында алтын мүйізді киік болды. Уəзір ұнамады. Ол адамдарға көмектесуді ойлаған жоқ.

P.S. «Алтын мүйізді киік» ойын-ертегі болғанымен, түсінген көрерменге үлкен ой салды. Адам мен табиғат арасында тепе-теңдіктің құлдырап бара жатқанын астарлап жеткізуде режиссер шеберлік танытыпты. Қойылым соңында залға глобус пішіндес үлкен шар жіберілді де, балалар оны аспанға лақтырып жатқанда, алтын мүйізді киік бар даусымен: «Адамдар, табиғат пен қоғам арасындағы бұзылып бара жатқан тепе-теңдікті сақтайық! Табиғатымызды аялайық! Хан ием, сен халқыңа, халқың саған қызмет етсін!» – деп жар салды.

Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

(«Ұлан», №45, 10 қараша 2015 жыл)

Дерек көзі: http://zhasorken.kz/?p=13924

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Құрметті театр сүйер қауым! Тəуелсіздік күні қарсаңында театрымыздың актрисасы Айгүл Иманбаева Елбасының қолынан “Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері” атағын алды! Шын жүректен құттықтаймыз!

admin

1-маусым Халықаралық балалар күніне құттықтау!

admin

АЗАМАТТЫҢ АНАСЫ, ЖӘКІБАЕВТЫҢ ЖАРЫ

admin

ПІКІР ҚАЛДЫРУ