Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

Саңлақ

Қазақ КСР-ының еңбек сіңірген артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мәкіл аға Құланбаевтың Ресей киногерлері түсірген «Ермак» фильміндегі Сәтбек рөлін сомдап келгенін естіп, кездескенде: «Мәкіл аға, халқымызды шапқан Ермак туралы фильмнен көп актер бас тартыпты. Сіз неге келісе қойдыңыз?» дегенімде: «Мен түспесем, басқа бір якуты ма, башқұрты ма, әйтеуір бір қазаққа ұқсайтын біреуді түсірер еді. Ол Ермакқа ажал құштырған біздің Cәтбек атамыздың кім болғанын қайдан білсін. Режиссердің айтқанын істейтін еді. Мен шамам келгенше атамызды тарихтағыдай етіп бейнелеуге тырыстым. Шамам келгенше қорғадым», деп еді. «Шамам келгенше»… Иә, ол кезде тарихыңды бұрмалап жатқанда, түзетуге шама келмей қалатын кез көп еді.

Макил КуланбаевАл, Мәкіл ағамызға келсек, уа­қытпен жарысқан сайын арғы­мақ­тарының саны артатын дода, алған сайын берері мол дария, театр атты өнер өлкесіне, сахналық сан қырлы сарынымен сырнайлата келген қырқыншы жылдардың өкілі. Ол сол соғыстан кейін құрылған, биыл 70 жылдығын тойлағалы отырған Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының іргетасын қалаушылардың бірі.

Алматының жанындағы колхоз­дың темір ұстасының отбасында дүниеге келген бір қыз, екі ұл қала­да мектепте оқып жүргенде Отан соғысы басталды. Ел басына түс­кен ауыртпалық балаларды да айналып өтпегені белгілі. Алматыға Мәскеуден өнер ошақтары көшіп келіп жатты. Жаңа оқу жылы бастал­ғанда мектеп-интернатқа келген қаталдау көрінген орыс апай жаңа ашылған театр училищесіне балалар іздеп жүргенін айтып, бұлардың этюд жасауларын сұрайды, оны қалай жасау керектігін түсіндіреді. Көзілдірікті әйелге не керек екенін мұғалімі қазақша айтып бергенде бала Мәкіл сәл ойланып алып шыбын ұстауға кіріседі. Балалық сенгіштікпен жоқ шыбынды көз алдына елестетіп, аңдып жүріп қағып алады. Ұстаған шыбынымен бірге өзінің болашақ мамандығын уысына түсіргенін бала Мәкіл, әрине, білген жоқ. Әпкесі Бибиза бар, 12 бала театр училищесінен бір-ақ шықты. Ал, алғашқыда қаталдау көрінген көзілдірікті әйелдің атақты К.Станиславскийдің сахнадағы серік­тесі, шәкірті, режиссер, ұстаз Ольга Ивановна Пыжова екенін кейін мақтанышпен есіне түсіріп, айтып отыратын. Сонымен бірге, негізгі ұстазы Асқар Тоқпанов болғанын да алға тарта, қызықты әңгімелейтін.

Мәкіл ҚұланбаевЖасы толған студенттер әскерге шақырылып жатты. Уақыты келгенде Мәкіл де майданға аттанды. Соғыс­тан жеңіспен оралғасын оқуын біті­ріп, бірге оқыған бүкіл курсымен бірге Қызылордада жаңа театр ашуға келді. Жас актер Мәкіл Қызылорда театрында Ғ. Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлуындағы» – Қодар, М. Әуезовтің «Еңлік-Кебегіндегі» – Есен, У.Гаджибековтің «Аршын мал Аланындағы» – Сұлтанбек, Л.Малюгиннің «Ескі достарындағы» – Володя, Ш. Құсайыновтың «Мән­шүк Мәметовасындағы» – полковник Чудов, Ғ. Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқтысындағы» – Науан хазірет сияқты үлкен рөлдер ойнап, шеберлігін шыңдай берді.

1948 жылы жаңа ашылған Қазақ балалар театрына актер ретінде ша­қы­рылған Мәкіл ағамыз кейінгі бар өмірінің осы айтулы өнер ордасымен байланысты өтетінін білмеген де болар. Жаңа сахнадағы алғашқы қадамын А.Ақынжановтың «Алтын сақа» қойылымынан бастаған жас актер Мәкіл театр атты сиқырлы әлем­нің тұңғиығына бойлап жүре бергенін кейін сезді. Осы ғажайып әлемде бар өмірін өткізді.

Бойында басқаға ұқсамайтын биязылық, көзге көрінгенімен, көп адамның көңілмен түсінуі қиын қарапайымдылық, өзіне ғана жарасатын аңқаулық, өзгеше де ерекше мейірімділік Мәкіл ағамызға дарқан даламызда сол кездегі табиғи таза қалпында сақталған әдет-ғұрыптың қазақи әдемі ұшқындарымен берілген болуы керек. Соғыстың дүбірі тоқ­тағанымен, әлі дүмпулі зардабы басылмаған сол бір 1947-1948 жылдар Мәкіл ағамыз үшін өз өнерінің өшпес ізін айшықтаған өнер ордасы – Қазақ балалар мен жасөспірімдер театрына келуімен басталды.

1982 жыл С.Адамбеков “Біздің үйдің жұлдыздары”  реж.Ж._098Қазақстан өнерінде өзіндік өрнек қалдырған Н.Сац 1946 жылы қой­ған А.Толстойдың «Алтын кіл­тін» Қазақ мемлекеттік балалар мен жас­өспірімдер театрының тұсау­к­есері деп жүрміз. Солай десек те болады. Дегенмен, 1947 жылы сәтсіз қойылған «Мысыққа күнде той емес» те аударма екенін ескерсек, 1948 жылғы шілдеде «Алтын сақа» ойналған күн арасында Мәкіл Құланбаев та бар қазақ труппасының жас актерлері үшін қырлары мен қиялары көп театр өнері дейтін үлкен әлемнің есігін қазақша ашу күні болғаны белгілі. Қазақ театр өнері тарихында да, Қазақ балалар театрын мойындау дәл сол 1948 жылғы шілдеден бастау алады.

А.Ақынжановтың «Алтын сақа­сындағы» Мәкіл Құланбаев ойнаған Алпамса ертегі кейіпкеріне тән аңғал да аңқау күйінде сол спектакльді көрген балалардың есінде қалды. Мәкіл ағамыздың өзі секілді, жасаған қулығы: «Мен мынаны жасадым» деп айғайлап тұратын Алпамса бейнесі Мәкіл ағамыздың балалар театрының сахнасында тұңғыш ойнаған рөлі ретінде театр тарихында қалды.

Театр атты ғажайып әлемге осылай өзіндік оқшау болмысымен кір­ген М.Құланбаев өнер додасында да ортадан оқшаулау, өзгешелеу өмір сүрді. Өз өнерін алға тартуды, қазіргі тілмен айтсақ, жарнамалауды білмейтін, қарапайым сахнагер өз білгені мен түйгенін, тәжірибесін жастармен бөлісуге келгенде аянып көрген емес. Қазақ театрының сахнасына Мұхтар Бақтыгереев, Мәриям Жақсымбетова, Алтынбек Кенжеков, Роза Әшірбекова, Чапай Зұлқашев, Нұрқанат Жақыпбаев, Досхан Жолжақсынов, Лидия Кәде­нова, Ғазиза Әбдінәбиева, Гүл­жамал Қазақбаева сияқты майталман сахнагерлердің келуіне Мәкіл Құланбаевтың да әсер-ықпалы, қамқорлығы мол болғандығын еш ұмытуға тиіс емеспіз.

16.12.1951 жыл Ақынжановтың пьесасы “Ыбырай Алтынсарин_0931984-1985 жылдары Қазақ жастар мен балалар театрында жүріп жатқан науқан сол жылғы миллиард пұт астыққа ұмтылған республиканың егін жинау науқанынан бір де кем емес еді. Театр Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясын қоюға дайындық үстінде. Осы кезде Мәкіл ағаның өзі дайындап жүрген Қоңқай образын қоя тұрып, Ақтоқты бейнесін сахналап жүрген жас актриса Райханға көбірек қамқор болғанының өзі бір ғанибет. Соны қазіргі белгілі сахнагер, Қазақстанның еңбек сі­ңірген қайраткері», Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты Райхан Қалиолдина былай деп еске түсіреді: «Мәкіл аға менің сах­на­дағы әкем Қоңқай емес, өмір­дегі әкем сияқты, сахнадағы қи­ын­­­дықтарды жеңуіме, образды тү­сінуіме көмектесіп, ақыл-кеңес ай­тып, мол тәжірибесімен бөлісті. Тіпті, өмірдегі сол кезде болған қи­ын­шылықтарыма театрдағы басқа аға-апаларым сияқты көмектесе отырып, ағалық қамқорлығын аяған жоқ. Менің сахнада Ақтоқты бейнесін өз деңгейінде ойнауыма мүмкіндік жасады.»

Табиғатынан жұмсақ мінезді, нәзік көңілді, қазақы аңқаулығы аңқыған Мәкіл ағаның Қоңқайы Ақтоқтыдан бұрын еңіреп жіберуге шақ тұрғанын сол спектакльді көрген көрермен жазбай таныса керек. Қызын саудалап пайда, атақ таппаққа асыққан Қоңқай Мәкіл аға ойнаған образда тіптен көрінбейді. Бәйбішенің айқайы мен азулы ағайынның ұйға­руына мамақұл Мәкіл – Қоңқай тіптен жалынышты, жау­таңкөз. Мәкіл ағаның Қоңқайында сергелдеңге түскен кішкентай адам көрініп-ақ қалады. Хазіреттің шешіміне жанығып, «Қоң­қай атың Құранға да кірді» деп өзіне-өзі дем берген Қоңқай даусындағы діріл, сөзінің аяғын жұтып қою Мәкіл Құланбаевтың образға, Қоңқайдың Ақтоқтыға деген көзқарасын ашып берсе керек. Бұл актерлік шеберлігі пісіп-жетілген, көкірегі мен көңілінің, бойындағы қабілетінің арнасына толғанын паш етпекке ұмтылған сахнагердің тірлігі еді. Дәл содан бір жыл бұрын М.Әуезовтің Райымбек Сейтметов сах­налаған «Алуа» спектаклінде сомдаған Назарбек бейнесі үшін Мемлекеттік сыйлық олжалаған сах­нагер өзінің мүмкіндіктері әлі де жоғары екенін көрсетпек болды ма екен? Әлде, өз еңбегінің одан да жоғары бағаланғанын қалады ма екен?.. Қазақ КСР халық артисі деген атақ ағамызға бұйырмаған екен. Бі­рақ сол атаққа әбден лайық артист еді ол.

Өзі Қазақ балалар мен жас­өс­пірімдер театрының сахнасында алғаш ойнаған Алпамсадан бас­тап Найзағара (А.Ақынжанов, «Ы.Ал­тынсарин») мен Дүйсен (Ш.Айт­матов, «Алғашқы мұғалім»), Әл-Фараби (Ш.Құсайынов, «Әл-Фараби») мен Науан (Ғ.Мүсірепов, «Ақан сері – Ақтоқты», режиссері Мен Дон Ук), Көпей (С.Шаймерденов, «Дөкей келе жатыр»), тағы басқа жүзден аса рөл Мәкіл Құланбаев өрлеген баспалдақтар болатын. Бұған кинодағы алғашқы рөлі –«Райхан» фильміндегі Бала, «Менің атым Қожадағы» – Қаратай, «Жоғалған достағы» – Естемесов, «Балалық шаққа саяхаттағы» – Ыдырыс, т.б. елуге тарта рөлдерді қосыңыз. Ал теледидар мен радиодағы, дубляждағы рөлдерін қоссақ Мәкіл ағаны ұш­паққа бір-ақ шығарамыз. Тек дуб­ляж­дағы рөлдерінің өзі 500 десем, біреу сеніп, біреу сенбес. Ұш­паққа шығаратын еңбегі ғой. Осы ең­бектерінің бір-екеуін еске түсірейік.

Қызылорда театрындағы У.Гад­жи­бековтің «Аршын мал Алан» спек­такліндегі Мәкілді көрген Ә.Тәжібаев пен А.Тоқмағамбетов сол кездерде былай деп жазыпты: «…Сұлтанбекті ойнаған актер М.Құланбаев 19 жасар жігіттен шалға айналғанымен қоймай, оның ұлттық мінез-құлқын дәл бере алды». Өткен ғасырдың қырқыншы жылдары жаңа ашылған Қызылорда театрының жас ұжымының ортасында жүрген, өнерге жаңа қадам басқан Мәкілдің алғашқы ізденістері осылай басталған көрінеді. Жас актер Мәкіл алда әлі талай мақтау да естиді, орынды айтылған сынды да мойындайды. Бірақ мақтады деп тасымайды, сынады деп мойымайды. Қайта сол сындар оның намысын қамшылайды, шеберлігін шыңдау үшін жігеріне жігер қосады. Ұлғайған жасымен, оның тәжірибесі де молаяды.

Сексенінші жылдары Ә.Тау­асаровтың «Аса құрметті Икс» атты спектаклі жүріп жатқанда, Мәкіл ағамыз ойнап жүрген Оқпан­ның кабинетіне Сайдалы ағамыз (Абылғазин) кірсе керек. Сонда Мәкіл ағамыз оған қарап, салалы саусақтарының ішіндегі ең кішісі – шынашағын шошайта даусын созып: «Мі- ін- нә- әу- у, к- кі- ім- м?!..» деген ғой образда тұрып. Сонда Сай­далы ағамыз Мәкеңнің өзін соншалық менсінбей тұрғанын көріп, ызаланғаны сонша, сөз айтуға шамасы келмей, бұлқан-талқан болып сахнадан шығып кеткен көрінеді. Мәкіл ағамыз да саспай: «Жаңағы мынаны айтпақ болған болуы керек», деп, Сайдалы ағамыздың сөзін өзі жалғап айтып, өзі оған жауап беріп, спектакльді жалғастырып ойнай беріпті. Спектакль біткен соң ашуы басылған Сайдалыға: «Әй, сөзіңді айтпай сахнадан неге кетесің?» деп ұрысқан Мәкіл ағамызға ол: «Сен мені шынымен менсінбейсің», деп ренжіген көрінеді. Мәкіл ағамыз: «Оу, ағайын пьеса бойынша солай ғой» деп әрең түсіндіріпті. Дәл осы спектакльде ойнайтын басқа актерлер де дәл сол жерінде: «Мәкіл ағамыз сол сөздерді сондай сенімді түрде дәм­деп, тұздап айтқанда алдында тұрған адамды шынымен соншалық менсінбейтіні анық көрініп тұратын», деп күні бүгінге дейін айтып жүреді. Бұл актердің кейіпкермен біртұтас бі­рігіп кетуі. Тіпті, сах­на­дағы серіктесінің өзі шын сеніп, шын ызаланып жүргені де сондықтан ғой.

Мәкіл ағамыздың өзі бүкіл саналы өмірінің көбін өткізген театр сахнасын жан-тәнімен сүйіп өткенін айтпай кетпеуге болмас. Өзі ғана сүйіп қоймай, сахнаны сүю­ді талайдың санасына құйып кеткенін бүгінде сол ағамыздың көзін көрген, ақылын тыңдаған іні-қарындастары естен шығармақ емес. Мәкіл ағаның талай-талай қызық қылықтары есіне түсіп, езуіне күлкі үйіре әңгімелейтін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі Қадірбек Демесіновтен бастап, сахнада серіктес болған артистің кез келгені естелік айтудан жалықпайды. Қызып кеткенде, кезінде өзі ойнаған Әбу Насыр әл-Фарабидің пәлсафалық еңбектерінен үзінді оқып іш пыстыратын Мәкіл ағаларын қазір сағына еске алады. Сол философиялық трактаттарды қалай жаттап, еске сақтап жүр десеңші жарықтық. Кейде өзі ойнауды армандап өткен Сервантестің Дон Кихоты сияқты қиял әлемінде өмір сүрген сияқты көрінеді Мәкіл ағамыз. Н.Сац бір жерде балалар театрын «Ертегілер театры» дейді. Олай болса, Мәкіл ағамыз да ертегілер елінде өмір сүрген болып шығады. Радиодан ертегі тыңдап өскен ұрпақтың есінде Мәкіл ағамыз дыбыстап жазған ертегіші Ерден ата мен Жұмбақбай атаның даусы сақталғанына сенімдімін. Өйткені, сол аталарын тыңдап өскен мыңдаған баланың бірі менмін. Қандай әсерлеп айтушы еді ертегіні. Тыңдаушыны сол ертегінің ішіне енгізіп жіберетін. Себебі, өзі де сол ертегінің ішінде жүретін. Соңғы кездері жарығы жоқ, толып кеткен жұлдыздар қазақ театрының жарқыраған шоқжұлдыздарының ара­сында Мәкіл ағамыздың да жар­қырап тұрғанын біліп жүрсе екен. Қазақ өнерінің биіктен жарқырауына өз үлесін қосқан Мәкіл ағамыз сияқ­ты өнер тарландарын ұмытпай еске алып тұрсақ, қазақ өнері де қадірін жоғалтпай, асқақтайтын шығар деп ойлаймын.

Бұл толғау мақаламыз сахна мен экранда ойнау өнерінің шебері, дубляж бен радиодан мәнерлеп сөйлеу өнерінің майталманы, өзіне, өнерге дегенде қатал, өмірде қарапайым, жастарға мейірімді, өнердің нағыз сайыпқыран саңлағы, сахнагер Мәкіл Құланбаев қазақ сахнасында төккен тердің бір тамшысының өтеуі болса да жарағаны. Ал Мәкіл ағамыз жөнінде, оның театрдағы, кинодағы ойнаған рөлдерін, теледидар мен радиодағы, дубляждағы жұмыстарын талдап шығуға бір емес, бірнеше кітап жазуға тура келер еді. Кеңес заманында Ленин образын жасаған актерлердің ең­бегі бағаланып, атақ­тарына атақ қосылып, ғылыми диссертация­лар қорғалып жататын. Мәкіл ағамыз сахнада болмаса да, дубляж бен радиода бірнеше рет «күн көсемді» сөйлеткен. Уақыт өтіп, орыс ак­терлерінен кейін кезегі жеткенде бұл еңбегі де еленері сөзсіз еді. Міне, Мәкіл Құланбаевтың туғанына 90 жыл толып отыр. Жанымызда бол­маса да, жадымызда жүрген Аға­мызға театр бір кешін арнайды деп сенемін. Ал егемен Қазақ елінің сахна өнеріне өз өрнегін айшықтап салған Мәкіл ағамыздың еңбегі еле­нетін күн де туатын шығар. Өзі бүкіл өмірін өткізген, өнерін ар­наған туған шаһары Алматыдан елі­мізге еңбегі сіңген артист, Мем­ле­кеттік сыйлықтың лауреаты, Отан соғысының ардагері Мәкіл Құ­ланбаевтың атына бір кө­ше берілсе, қала басшылығына өнер адам­дары мен бүкіл өнерсүйер қауым рахметін жаудырары хақ.

Еркін ӘБДІРЕШОВ,

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актері.

АЛМАТЫ.

Ақпарат көзі: http://egemen.kz/2016/03/17/29558

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Театрдың көктемгі тәбәрігі

admin

Театрымыздың жас актеры Ернат Күншібаевты туған күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Деніне саулық, басына амандық, еңбегіне жеміс, шығармашылық шыңдар мен биік белестерді бағындыруын тілейміз!

admin

“JANSARAI” Театр және кино актері Базарқұлов Данияр Жоламанұлымен сұқбат

admin

ПІКІР ҚАЛДЫРУ