Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
Министрліктің жаңалықтары

Құрманғазы мұрасын кейінгі ұрпаққа ұлықтау парыз

Халқымыз үшін күй мен Құрманғазы есімі бір-бірімен астасып кеткен ұғым. Құрманғазы ұлтымызға, елімізге ортақ, адамзат мәдениетінің тарихында өшпес із қалдырған тұлға.

Қазақтың ұлы күйшісі Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО-ның 2018-2019 жылдары атаулы күндер күнтізбесіне  енгізілді. Елімізде А. Жұбановтың Құрманғазы Сағырбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған «Құрманғазы» (1968) еңбегі мен «Ғасырлар пернесі» (1975) атты кітабында көрсеткен 1818 жылы дүниеге келгені туралы жазылған дерек негізінде тұлғаның 200 жылдығы аталып өтуде.

2018 жылы 11-қазанда ұлы күйшінің осы мерейтойына орай шығармашылығын зерттеу әрі насихаттау мақсатында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында «Құрманғазы мұрасы және оның Қазақстанның заманауи мәдениетіне әсері» атты дөңгелек үстел отырысы өтті.

Аталмыш жиынды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры  Арман Жүдебаев ашты. Ол сөзінде: «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Әсіресе, Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің қайнар бұлағы», – деп атап өткендей, рухани жаңғырудың негізі еліміздің өнері мен мәдениетінің қайнар көзі – Құрманғазы бабамыздың күйлері», – деп айрықша атап айтты.

Алқалы жиында музыкатанушы, өнертану ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, профессор  Сара Күзембай өзінің ғылыми баяндамасында: «Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық ұлт аспаптар оркестрінің орындауындағы Құрманғазы күйлері арқылы бүкіл әлем қазақ халқын, оның музыкалық мәдениетін білетін болды. Күйшінің “Сарыарқа” күйі 1973 жылы өткен Халықаралық музыка Трибунасында классикалық туынды ретінде бағаланып, ЮНЕСКО-ның барлық байланыс жүйесінде әрдайым орындалуына жолдама алды. Ұлы музыканттың шабыт пен шаттықтан туған, өмірсүйгіштіктен туған шығармасы бүкіл әлемді шарлап кетті. Құрманғазының көптеген күйлерін Қазақстан композиторлары еуропалық барлық жанрларда жемісті түрде жаңашыл дейгейге көтерді. Олардың ішінде Евгений Брусиловскийдің VI  симфониясы мен Жұбановтардың «Құрманғазы» операсын ерекше атауға болады», – дей келе «Құрманғазысыз Қазақстанның мәдениеті мен музыка өнерінің болашағын елестету мүмкін емес» деп тұжырымдады.

Мәселен, ұлы тұлғаның туған жылы А. Жұбановтың «Ғасырлар пернесі»  және «Құрманғазы Сағырбаев: өмірі мен творчествосы» еңбегінде 1818 жылы туылған деп жазылғанын атап өтті.

Ажар Жұбанова, Қазақстан Білім беру ісінің құрметті қызметкері:

-Биыл Елбасының қолдауымен елімізде «Домбыра күні» арнайы аталып өтуіне қатты қуандым. Әлі есімде мен Мәскеуден демалысқа келгенде әкем үнемі маған Құрманғазының күйлерінің шығу тарихын әңгімелеп, домбырамен орындап беретін. Әкем бар ғұмырын Құрманғазының шығармашылығына арнады. Қазіргі уақытта ұлы күйшінің туған жылының дерегі төңірегінде келіспейтіндер кездесіп отыр. Бұл елдігімізге үлкен сын, сырт елдерге күлкі болуымыз мүмкін.

Мен үшін Құрманғазы бабамыздың мол қазынасы мерейтойдың әлемдік деңгейде  келер ұрпаққа насихатталуы көңілге қуаныш ұялатады, әкемнің аруағы риза болып жатыр деп ойлаймын.

Ахмет Қуанұлының деректеріне сәйкес, халықаралық музыка энциклопедиясында Құрманғазының туған жылы 1818 жыл деп көрсетілген. Сонымен қатар, 2012 жылғы  Юридическая газетіндегі «В столице воздвигнут памятник казахскому народному композитору и музыканту Курмангазы Сагырбайулы», тағы басқа да еңбектерде 1818 жылы деп жазылады.

Айтжан Тоқтаған, фольклортанушы, күйші-ұстаз, профессор:

-Кеше ғана 30-қыркүйек пен 1-қазан аралығында Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдық мерейтойы құрметіне «ЮНЕСКО» штаб-пәтерінен, «Түріксой» ұйымынан, Ресейден арнайы өкілдер, Қырғызстан, Өзбекстан Республикаларының өнер ұжымдары  және еліміздің «академиялық» дәрежесі бар оркестрлері қатысқан «Құрманғазы және Ұлы дала сазы» атты халықаралық фестиваль өткізді. Фестиваль өте жоғары деңгейде өтті дер едім.

Жалпы қазақ өнері 3 бағытта дамыған: бірінші сөз өнері, екінші қол өнері, үшінші музыка өнері. Енді музыка өнері, оның ішінде аспаптық музыка дегенде Құрманғазының аты бірінші аталатыны мәлім.

Құрманғазыны Құрманғазы еткен кім? Ол әрине, академик Ахмет Жұбанов. Оны айтпауымызға болмайды. Сонау қиын-қыстау жылдары, өзі қиыншылықта жүрсе де  “Ғасырлар пернесі”, “Замана бұлбұлдары” деген еңбектерді жазып шықты. Құрманғазы, Дәулеткерей, Абыл, Тәттімбет, Қағанғап сынды күйшілердің өмірі мен шығармашылығы жөнінде жазылған «Ғасырлар пернесі» кітабында Құрманғазының туған жылын тайға таңба басқандай 1818 жыл деп жазып кеткен. Қазіргі таңда өмірден өткен ғалымдарымыздың еңбектерін жоққа шығарудың кімге не қажеті бар? Сол еңбектерді бағалауымыз керек. Не сөйлесек те өлшеп сөйлейік. Ұлыларға тіл тигізбей керісінше олардың істегенін көтеруіміз керек. Сонау Ахаң салған дәстүр, тәртіп осы шаңырақтан ары қарай жалғасын тауып дами береді деген сенімдемін.

Саламат Сабыр, Атырау облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы:

-Құрманғазы бабамыздың 200 жыл толуына күмәнмен қарап, жоққа шығарушылар да кездесуде.  Құрманғазы бабамыздың туған жылы жөніндегі таластың қажеті жоқ деп есептеймін. Менің ойымша, Ахмет Жұбановтың зерттеуінен артық болжам   бола алмайды. Ахаңның сөзіне тоқтауымыз керек. ЮНЕСКО 200 жыл деп тойлап жатқанда біз де сол бағытты ұстануымыз керек.  

Қазақтың талантты жазушысы Әбіш Кекілбаевтың Құрманғазы туралы айтқан сөзімен аяқтағым келеді, «көзі барда өзі, көзі жоқта өнері қауымның басына сүйесін, қолтығына демесін болып, дүние тұрғанша тұратын» Құрманғазы тұлғасы қазақ елінің өмірінде қала береді.

Қыдырболат Мұсағалиев, Батыс Қазақстан облысы мәдениет басқармасының басшысы :

-Қазақтың ұлы күйшісі Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО-ның 2018-2019 жылдары атаулы күндер күнтізбесіне  және Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2017 жылғы 16 наурыздағы № 73 бұйрығымен бекітілген 2018 жылы өткізілетін мерейтойлар мен атаулы күндердің тізбесіне енгізілген мерейтой шараларын Батыс Қазақстан облысынан бастау алып, бірқатар мәдени шаралар атқарылып келеді. Құрамында өнерпаздар, өлкетанушылар, тарихшылар, өнер зерттеушілері бар топ Құрманғазы бабамыздың жүрген ізімен экспедиция ұйымдастырды.  

Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе, Ақжайық, Жаңақала, Қазталов, Бөкей ордасы аудандары аумағымен жүріп өтіп, күй атасы жерленген Астрахан облысы Володар ауданындағы Алтынжар ауылына көлікпен жеттік. Сапар барысында Құрманғазының ұстазы Ұзақ күйші дүниеге келген Жиделі құмы, өскен жері – Көктерек ауылы, композитордың өмірі мен өнеріне қатысты тарихи орындар қамтылып, арнайы шаралар ұйымдастырылды. Артында өлместей мұра қалдырған бабамыздың мерейтойы жыл сайын емес, күн сайын тойланса да артық етпейді. Алдағы қараша айында Атырау облысында тойланғалы жатыр. 

Нұрғиса  ДәуешевҚазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің директоры:

-Өздеріңіз жақсы білесіздер. Кеше ғана 30-қыркүйек пен 1-қазан аралығында Құрманғазы бабамыздың 200 жылдық мерейтойының құрметіне Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Құрманғазы және Ұлы дала сазы» атты халықаралық фестиваль өткіздік. Оған «ЮНЕСКО» штаб-пәтерінен, «Түріксой» ұйымынан, Ресей Федерациясынан арнайы өкілдер, жақын және алыс шет елдердің жетекші дәстүрлі орындаушылары, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан Республикаларының өнер ұжымдары  және еліміздің «академиялық» дәрежесі бар оркестрлері қатысты.

Фестиваль аясында «Дәстүрлі өнер – жаһандану әлемінде» тақырыбында форум, суретші Шахан Маханбетов пен танымал фото тілші Рафхат Халеловтің «Күй және күйші» атты фото көрмесі және танымал дәстүрлі орындаушылардың шығармашылық концерті өтті.

Бүгінгі мына сіздердің өткізіп отырған дөңгелек үстелдеріңіз де күйші бабамыздың мерейтойы қарсаңында өте орынды ұйымдастырылып жатқан басқосу дер едім. Құрылуына, Құрманғазы бабамыздың атының берілуіне мұрындық болған Академик Ахмет Жұбановтың еңбегін біздің осы екі ұжым терең бағалауымыз керек. Екі тұлғаның мұрасын қажетті деңгейде насихаттай білуіміз керек.

Abai.kz

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Вице-министр: Туризмді дамыту бағдарламасы сөреде жататын құжат болмауы тиіс

admin

Мәдениет және спорт министрі Отырар ауданына іс-сапармен келді

admin

«Әминә Өмірзақованың 100 жылдығы» ЮНЕСКО көлемінде тойланады

admin

ПІКІР ҚАЛДЫРУ