Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

Оралда Ғ.Мүсірепов атындағы театрдың гастролі өтіп жатыр

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының (директоры, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Сәбит Әбдіқалықов, көркемдік жетекшісі Еркін Жуасбек) гастролі өтуде, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі. Алматылық театр сенбі күні Ақ Жайық көрермендерінің назарына Шыңғыс Айтматовтың шығармасы бойынша қойылған «Қызыл орамалды шынарым» атты екі бөлімді драмасын (режиссері Талғат Теменов) ұсынды. Ал жексенбі күні осетин драматургі Георгий Хугаевтың «Қара шекпен» атты әфсанасы (аударған ұзақ жыл БҚО театрына жетекшілік еткен Құжырғали Төлеуішев) қойылды. Бұл спектакль батысқазақстандық көрермендерге жақсы таныс. Өйткені оны оралдық режиссер, қазір Астана қаласында тұратын «Болашақ» бағдарламасының түлегі Асхат Маемиров алғаш рет Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында қойған болатын. Содан кейін А.Маемиров «Қара шекпенді» Ғ.Мүсірепов атындағы театрда сахналаған еді. Бұл жұмыс жеміссіз болған жоқ. Жануарлардың бейнелері арқылы адамдардың шынайы бет пердесін ашып көрсетуге арналған спектакльмен Түркияның Конья қаласында өткен «Мың тыныс – бір дауыс» атты түркітілдес театрлардың ХІ халықаралық фестивалінде «Ең үздік спектакль» жүлдесін жеңіп алды. Жер бетін мекендейтін он сегіз мың ғаламның ішіндегі ең құдіреттісі де, ең ақылдысы да, ең әдемісі де -адам… Ал біз дәл осындай «дәрежеге» расымен лайықпыз ба?! Кез келгеніміздің бойымызда бар өзімшіл қасиеттер басым түсіп, жан азығынан мақұрым қалған адамдай адамдық қасиетіміз жойылып, кейде хайуанға айналып бара жатқанымызды өзіміз де байқамай жатамыз. Міне, спектакль осы жайында сыр шертіп, адалдық пен адамдық мәселесін тереңнен қозғайды. «Қара шекпенмен» қайта қауышқан батысқазақстандық көрермендер оны жылы қабылдады. Басты кейіпкер Тұзар иттің бейнесінде еңбек жолын Батыс Қазақстан театрынан бастаған халықаралық театрлар фестивалінің лауреаты Данияр Базарқұлов сахнаға шықса, Шопанды Жастар одағы «Серпер» сыйлығының иегері Бейбіт Қамаранов сомдады. Көкжалды Ақ Жайық өңірінен түлеп ұшқан Еділ Рамазанов бейнелесе, Көкшуланды алғашқы қадамын БҚО театрынан бастаған Ақмарал Дайрабаева шығарды. Қосүрейдің рөлінде Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Лидия Қаденова ойнады. Көрермендер басқа да талантты әртістердің ойынына риза болды. Балалар мен жастар театры дүйсенбі күні Мұқағали Мақатаевтың рухына арналған «Мен ұмытылмаймын» лирикалық драмасын қоймақшы. Гастроль 19 сәуір күні мәреге жетеді.
Ақпарат көзі: http://www.inform.kz/kz/oralda-g-musirepov-atyndagy-teatrdyn-gastroli-otip-zhatyr_a3017713

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Мүсірепов театры «Бір түп алма ағашы» драмасын ұсынбақ

admin

«ОЛ» – үздік қойылым

admin

technology, health care with the heart icon on screen

admin

ПІКІР ҚАЛДЫРУ