Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

ӘМИНА АНАНЫ ЕСКЕ АЛДЫ

Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында Қазақстанның халық артисі, әйгілі актриса Әмина Өмірзақованы еске алу кеші ұйымдастырылды. «Ана туралы аңыз» атты кешті өткізуге Мәдениет және спорт министрлігі және Алматы қаласының әкімдігі мұрындық болған.

Биыл аңыз актрисаның туғанына – жүз жыл. Қазақ өнерінің жарық жұлдызының мерейтойы Қазақстанда ғана емес, ЮНЕСКО көлемінде тойланбақ. Алматыда басталған бұл кеш анаға арналған алдағы іргелі шаралардың бастауы ғана. Шараға келген Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы кешті құттықтау лебізімен ашты.

– Әмина апаның сомдаған образдары ана табиғатын шынайы ашып көрсете алған бейнелерге айналды. Еліміздің аясынан шығып, рөлдері халықаралық деңгейде танылды. Бүкілодақтық фестивальдерден жүлде алды. Ол кісі жайлы біздің тарлан тұлғаларымыз түрлі естелік жазып жатыр. Ол кісінің күлкісі, әрбір сөзі, әрбір образы елдің жадында. 8 наурызда аңыз ананың туғанына 100 жыл толды. Соны ескеріп, атап өтіп жатқан Мүсірепов театры­ның ұжымына, басшысы Азамат Сатыбалдыға көп-көп рақмет айтқым келеді. Тойды бастап жатыр. Еске алу шаралары ары қарай жалғасады. Еліміздің өңірлерінде түрлі кеш ұйымдастырылады. Ал мерейтойдың қорытындысы Астана қаласында болады, – деді министр.

Бұдан кейін сөз алған Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімов актрисаға қатысты естелігімен бөлісті.

– Әмина апамен талай жерде бірге жүрдік. Түсірілім алаңдарында, фестивальдерде жиі кездесетін едік. Өте ашық-жарқын, диапазоны кең, «гуманитарный» адам болатын. Қазақ ондай адамдарды «аузын ашса жүрегі көрінеді» дейді ғой. Комедияда да, трагедияда да қамшы салдырмай ойнап, жан-жақты шебер екенін танытты. Шәкен екеуінің басы қосылған жерде күлкіден басқа ештеңе болмайтын. Екеуін тыңдаған елдің бәрі түсірілім алаңында рақаттана жұмыс істеп, күлісіп, шаршамай жүретін. Әмина – жақсы партнер. Сахнадағы серігіңнің сәтті болуы актер үшін үлкен бақыт. Ол шыға келген кезде көпшілікті дүр сілкіндіретін. Халық ду қол шапалақтайды. Осындай дәрежеге жету оған оңай болған жоқ. Қаншама қилы кезеңді басып өтті. Әмина – үлкен адам. Ол әркез бізбен бірге. Қазақ барда, қазақтың өнері барда Әмина ешқашан ұмытылмайды, – деді Асанәлі Әшімов.

Әмина Өмірзақова көпшілікке «Тақия­лы періште» фильміндегі Тана апайдың рөлі арқылы жақсы таныс. Бұл картинаны актрисаның «паспорты» деп атаса да болғандай. Мұнда ол жалғыз ұлына келіншек іздеген, пысық, шалымды һәм әзілқой, кей сәттерде көңілшек ананың жан-дүниесін аса дәл беріп, қалың көрерменнің жүрегін жаулады. Тіпті Шәкен Аймановтың өзі осынау туындыны Әминаның табиғаты мен образына арнап жазған. Ал оған дейін түскен «Ана туралы аңыз» киносында актриса соғыс кезінде ұлынан айырылған мұңды, жабырқаулы бірақ сабырлы әйел табиғатын көрсетеді. Фильмде ол өзіне берілген рөлді шебер, шынайы деңгейде сомдай білген. Сондықтан болар осы рөлі үшін Әмина Ерғожақызына 1964 жылы Жалпыкеңестік кинофестивальде «Ең үздік әйел рөлі» сыйлығы табысталды. Тіпті актрисаға Күләш Байсейітова атындағы ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығы да берілген. Бұдан кейін ол бірқатар фильмдерде екінші рөлде ойнады.

Театр сахнасында да елеулі із қалдырды. «Түнгі сарындағы» Мөржан, «Қозы Көрпеш – Баян сұлудағы» Баян, «Луизадағы» Смеральдина рөлдері көрермен жүрегіне жол тапты. Жалпы, 1949 жылдан бастап өмірінің соңына дейін 68 жыл бойы балалар мен жасөспірімдер театрында еңбек етіп, 150-ден астам рөлді сомдады.

Абай АЙМАҒАМБЕТ

Ақпарат көзі: https://aikyn.kz/2019/03/19/82880.html

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Жастар театры қартаймайды

admin

Жастар мен балалар театрына 70 жыл болды

admin

Театрымыздың актрисасы Динара Шымырбаева “Жаңа күн” бағдарламасының қонағы.

admin

ПІКІР ҚАЛДЫРУ