Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

МҰРАТ АХМАНОВ: БІЗГЕ ҚАЗАҚТЫҢ ОРЫСТАН КӨРГЕН ҚИЯНАТЫН КӨРСЕТПЕҢДЕР ДЕП ЖАТҚАН ЕШКІМ ЖОҚ

Театр сүйер қауымға Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының көркемдік жетекшісі Мұрат Ахмановтың есімі жақсы  таныс. Ол С.Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» (ауд. А.Сүлейменов) комедиясы, Б.Мұқайдың «Шындық детекторы» трагикомедиясы, Иран-Ғайыптың «Фатима» қасірет-намасы, Иран-Ғайыптың «Естайдың Қорланы» махаббат-намасы, М.Мақатаевтың «Райымбек! Райымбек!» поэтикалық дастандарын сахналады.  Өнер сатысының бүкіл баспалдағынан өткен режиссер Қ.Р Еңбек сіңірген әртісі атағы мен «Құрмет» орденінің иегері.

– Мұрат аға, сіз талай жылдан бері театрда еңбек етесіз. Театрдың барлық кезеңдері көз алдыңызда.  Бүгінгі таңдағы театр келбеті қандай, бет алысы қай жақ?

– «Соңғы кездері  елдегі қазақ театрларының, оның ішінде М.Әуезов театры мен Ғ.Мүсірепов театрының репертуарлары өте ұқсас болып кетті.  Балаларға арналған қойылымдар азайды, жастар ұмыт қалды»-деген сөздер көп айтылып кетті. Көрермен тарапынан айтылып жатқан мұндай пікірлерді ескеріп, біз қазір бағытымызды балалар мен жасөспірімдерге қарай бұрып жатырмыз. 70-маусымды балалар мен жасөспірімдерге арнаған «Алтын мүйізді киік», «Райымбек! Райымбек!» атты қойылымдармен ашқан себебіміз де содан.  Ендігі арман – театрға келушілер санын көбейту. Жастар театрымыздың алдында билет таба алмай жүрсе екен дейміз.

Қазір  жас драматургтермен сөйлесіп, балаларға арналған пьесалар іздестірудеміз. Мықты шығармаларға сұрау салып жатырмыз. Драматургтер неше түрлі тарихи кезеңдерді сөз ететін пьесаларын алып келіп жатыр.  Оларға біз балалар мен жастарға арналған дүниелерді іздеп жатқанымызды айтудамыз. Дәл қазір Сұлтанәлі Балғабаев ағамызбен келісіп жатырмыз. Театрдың әдебиет бөлімінің бастығы Бақыт Беделханмен де ақылдасып, жаңа бағытымызды айқындап жатқан жағдай бар.

– Мемлекет басшысы алдағы уақытта Қазақстан үшін қиын кезеңдер келе жатқанын айтты.  Есіңізде болса, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы дағдарыс кезінде өнер адамдары да өзге жұрт секілді театрды тастап, қап арқалап кеткен жағдайлар болған.  Алдағы уақытта да театр сондай қиын кезеңдерді бастан кешіруі мүмкін бе?

– Бір қызығы, Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан кезеңде қазақ өнерінде өркендеу процессі байқалды. Небір таланттар шығып, Одақты дүр сілкіндірді. Меніңше, өнер қандай жағдай болсада өсуін, өркендеуін тоқтатпайды. Сол сияқты әдебиетті алып қараңыз, кино тарихына үңіліңіз. Небір классикалық шығармалар өмірге келді. Небір классиктер өз шедеврларын  осындай қиын кезеңдерде өмірге әкеліп жатты. Неге біз әлі сол Шекспирге, сол Чеховқа, сол Әуезов пен Мүсіреповке жүгіреміз? Олардың бәрі сондай қиын кезеңдерде өлмейтін шығармалар жазды.

Алысқа бармай-ақ қоялық, көрші Қырғызстанда да неше түрлі қиын кезеңдер өтті. Ал, олардың киносы қандай, театры қандай, әдебиеті, мәдениеті қалай дамып жатыр.

ахман1

Кино мен телеведение дамыған заманда елдің бәрі «болды, театрдың дәуірі өтті» десіп шулады. Жоқ, театр өлген жоқ. Қазір қарап отырсаңыз, елге телеведение де, кино да қызық болмай қалды. Елдің бәрі қазір  неше түрлі смартфондарға үңіледі де отырады.   Керегінің бәрі соның ішінде. Рас, қазір рухани құлдырау бар. Көрерменді жоғалту қаупі де жоқ емес. Бірақ бәрібір халық театрға оралады. Ол қашанғы телефон шұқып отыра береді дейсіз? Осы тұрғыда, театр өз формасын табу керек. Бүгінгі көрерменге не ұсыну керек? Соны ойлануға тиіспіз.

– «Не ұсынсақ қойылымдарымыз көрерменге өтімді болады» деп ойлайсыз?

– Театр анаған бір, мынаған бір, жалтақтай бермей өз болмысын табуы керек. Әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізді насихаттайтын  өз ана тілінде сөйлейтін жалғыз орын қалса, ол осы театр. Қазақша үйренгісі келетін адам болса, театрға келуге тиіс. Тілдің нәрі, тілдің бар маңызы –театрда. Қарап отырсаңыз, қазір басқаға еліктемеген ештемеміз қалмады. Эстрада толған өзгенің әуені. Рас, басқаға еліктеп, әнін синтез жасауға эстраданың құқығы бар шығар, бірақ театрда ондай құқық жоқ. Ол болуға да тиіс емес.  Қазір қазақ тілін білетіндер азайды, билік басындағылар тіпті театрға бас сұқпайтын болды. Театрдың шетелге шығу аясы тарылды.  Шетелге шыққан күнде де,  қазақ театры бүгін өзгенің дүниелерімен ешкімді таң қалдыра алмайды. Бүкіл әлем Шекспирді, Чеховты, Гогольды шемішкеше шағып тастады. Біз осы бағытта мүмкіндігімізше  өзіміздің ұлттық құндылықтарымызға оралуды ойластырудамыз. Сөзін азайтсақ азайту керек шығар, бірақ салт-дәстүрден алшақтамау –мақсат. Алдар көсе, Тазша бала, Ертөстік қарап отырсаңыз, қаншама ертегіміз бар. Алты томдық қазақ ертегісі тұр. Соны сахнаға лайықтайтын драматургтарымызды тартуға тиіспіз. Театр ешқашан жақсылық пен жамандық, күн мен түн, ақ пен қараны көрсету  үдесінен ажырамайды.

– Бүгінгі заман бейнесін көрсететін әлеуметтік тақырыптарға бару ойларыңызда бар ма?

– Қазір жастарға арналған «Түнгі қала» деген пьеса дайындалуда. Басқа да жұмыстар іздестіріліп жатыр. Талқыда жатқан шығарма көп.

Әлеуметтік тақырыптар ара-кідік көрсетілуі керек. Егер сахнаға бомж шықса ол бұл күйге қалай түсті? Оның көшеде аунап жатуына үкімет кінәлі емес қой. Ол өзінің сана-сезімінің жеткен жерінен екендігін көрсетуге тиіспіз. Мұндай адамдар сахналануы керек. Неге біз әлі күнге дейін «Ревизорды» көреміз. Неге өңшең жемқорды әжуалайтын «Ревизордың» дәуірі өтпей келеді? Өйткені, сол жемқор қазір де бар.

– Мықты режиссер мен нашар режиссердың қарама-қайшылығы неде?

– Егер Шекспир нашар режиссердың қолына түссе нашар спектакль шығады. Ал, жай ғана біреудің күнделігіндегі проблеманы тауып соны өте жақсы қойып шықса онда ол жұмыс қандай классиканы болсын он орап кетеді. Көп мәселені режиссерға байланысты дейтіні содан. Мұнда тағы бір мәселе бар, біз бәріміз сахнада актерға тәуелдіміз. Драматургтің де, режиссердың да ойын сахнаға сүйреп шығатын актер. Егер ол шебер ойнап шықса шығарманың бағының жанғаны.

ахман4

– Актер таңдауда қателескен кездеріңіз болды ма?

– Үнемі демеймін, бірақ кейде қарның ашатын кездер болады. Халық әртісі Бәйтен Омаров ағамыздың бір сөзі бар еді: «Театрдағы 70 актердан рөлді сеніп тапсыратын бір актер таба алмаймын. Бір Абайды шығару үшін үш актерды таңдадым. Біреуі қонаққа шақырып жүріп, қоймай сұрап алды. Енді біреуін өзім таңдадым, тағы біреуінің түр-сипаты келетіндіктен бердім.  Сөйтсем, жүгіріп жүріп сұрап алған актерім қу боп шықты, өзім ұсынған актер өзінше ойшыл болып шықты. Ал, түрі ұқсайтын Абайым өте жалқау болып шықты. Бір қойылымдағы жалғыз Абайды   үш актерім үш түрлі Абай қылып жіберді»-дейтін. Сондықтан актер таңдауда қателеспеу керек. Қателессең бүкіл еңбегің далаға кетеді.

– Өзінің кейіпкеріне қатысты пікірін білдіріп, ойын ашық айтатын актерлар бар ма?

– Жоқ деуге болмайды. Қазір жарып шығып жатқан жастар көп. Ол қыздардың да арасында бар.  Еділ Рамазанов, Бейбіт Қамаранов секілді жігіттер үнемі ой-пікірін айтып отырады.

Актерға қолдау-қошамет керек.  Қазір актерларды сынайтындар көп. Егер актердің өнеріне деген көзқарас түзу болса , ол түн ұйқысын төрт болып, біреудің тойында ұнатпайтын адамын өтірік мақтап несі бар? Бір кездері қиын кезеңдер болса да, билік актерін, өнер адамын қатты құрметтейтін. Оны тіпті мемлекеттік дәрежедегі танымал тұлғаға дейін көтеретін. Ол актерды көру елге таңсық еді.  Қазір елде «Кеше ана тойдан көрген әртістің концертіне барып қайтеміз. Тойдан-ақ көріп алмаймыз ба немесе жылтыңдап ана сериалда бір, мына сериалда бір жүретін актер  ұялмай Абайды қалай ойнайды?»-дегендей. Егер ол актер мен «Абайды ойнайтын едім, мен Отелланы ойнайтын едім» -деп болмашы айлығын күтіп отырса, бала-шағасын аш қалдырмай ма?  Актерға дұрыс көзқарас болмай өнер өрлемейді. Театр әртістеріне мүмкіндік беру керек. Бір ғана кесімді жалақыға қарап отыруға тағы болмайды. Сондықтан осы жүйеге өзгеріс керек. Әртіс жұмысы еңбегіне қарай бағаланған жөн.

– Театрға мектеп оқушыларын мәжбүрлі түрде әкелген дұрыс па?

– Балаларды жастайынан өнерді көріп, жақсылықты көңіліне түйіп өсуге  тәрбиелеу қажет. Бүгін біз баланы теарды сүюге үйретсек, ертең ол оны өзі іздеп тұратын болады. «Неге театр мынандай дүние қоймайды?»-деп бізге өздері үйрететін болады. Бүкіл әлемдік тәжірбие осы.

– Сіздер драматургия жоқ дейсіздер, ал, драматургтер  режиссерлардың біліктілігіне күмән келтіреді. Сіздің бұл тұрғыдағы ұстанымыңыз қандай?

– Елдегі бүкіл театр «Ақан сері-Ақтоқты», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», Қыз Жібекті» бірнеше қайтара қойып шықты. Енді оны қашанғы қоя береді. Бұлардың киносы да бар, операсы да бар. Бізге қазір осы деңгейдегі бүгінгі заманға лайықталған еңбектер керек. Осы тұрғыда, драматургия жоқ дей аламыз.

Кейде бізге қателік жасауға тура келетін кездер болады. Мемлекеттік тапсырыстар болады, мысалы, «550 жылдыққа қойыңдар»- дейді, қоямыз. 70 жылдыққа қою керек пе, қоямыз. «Халықтар достығына қойыңдар» — дейді, оны қоямыз. Міне, осындай кездерде кейде шалажансар спектакльдер кетеді. Оны режиссер да, драматург те, актер да, көрермен де сезеді.

– Райымбек! Райымбек! Осындай тапсырыстан туды ма?

– Жоқ. Райымбекте қазақ батырларының рухы бар. Он үш жасар баланың елінің, жерінің, өз бауырларының өзгеге құл-күң болуына наразы болып жұртына бас азаттық алу үшін атойлайтын қайсарлығы бар. Мен оны «Мың бала» дәрежесіне көтергім келді. Өз атын өзі шақырып, бабаларының киелі мекенін азат ету жолында жан берген Райымбектің жастық шағын көрсеттім. Оның тағы бір ерекшелігі Мұқағалидың шығармасында болғандығында.

ахман2

– Біздің театр болсын, кино болсын, тарихи кезеңдерді көрсетуде тек жоңғар шапқыншылығымен шектеледі. Қазақтың орыстан да көрген құқайы аз болған жоқ қой.

– Бұл біздің жалтақтығымыздан. Совет империясының кезеңінде  де біз орыстың патшаларын көрсете алдық қой. Николайдан бастап жамандауға Ресей өзі мүмкіндік берді. Ал қазір «революцияны немесе аштық, зорлық-зомбылық қуғын- сүргін кезеңдердегі Ресейдің қиянатын көрсетпеңдер»- деп ешкім бізге тыйым салып отырған жоқ. Өзіміз жалтақпыз. Немісті жеңген Ресей әлі немісті жауыз ғып көрсетіп фильмдерін  түсіріп жатыр. Біз қорқамыз, «сөйтіп қойсақ бүйтіп қала ма, бүйтіп қойсақ сөйтіп қала ма?»- деп.  Осы жаман әдетімізді қоя алмай келеміз. Әшірбек ағамыз айтып еді: « Ойбай- ау осы жоңғарлар туралы кино мен спектакльдерді көргім келмейді. Біздің жоңғардан басқа жауымыз жоқ болды ма сонда. Қазір тіпті жоңғарды аяп жүрмін. Көрсетпей -ақ қойыңдаршы» -деп.

– Атақ-даңқ сізге не береді?

– Мені егерде Орал театры, Жезқазған, Семей, Қызылорда, Талдықорған театрлары шақырып жатса: «Бұл кісі Құрмет орденінің иегері немесе Қазақстанға еңбегі сіңген әртіс!» деп шақырмайды, ең алдымен мені «кәсіби маман, өз ісінің шебері» деп шақырады. Мен үшін осыдан артық құрмет, осыдан артық баға жоқ!

– Әңгімеңізге рақмет. Еңбегіңіз жемісті болсын!

Сұхбаттасқан Шолпан Рақымқызы

Дерек көзі: http://ult.kz/?p=8033

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Summer travel fashion, your holiday choice

admin

ҚАЗАҚ ТЕАТРЫНДА «СЕҢ» ҚОЗҒАЛДЫ

admin

Театр Ақтөбеге барады

admin

ПІКІР ҚАЛДЫРУ