Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
Мекеме жаңалықтары

Мұғалім – биліктің құлы немесе «қазақ тіліңе түкіргенім бар!»

«Бұл колледж емес, жындыхана! Мен төрт бірдей пәннен сабақ берем. Бұл дегенің рекорд!..»

Ғалым да, шахтер де бас иетін,

Ұстаздар, бар еді қасиетің… Атақты әннің қазіргі баламасы, біз қаламасақ та, солай. Бұрын балалардан: «Өскенде кім боласың?» деп сұрағанда, «ғарышкер болам» дегендер де болды, әрине, бірақ негізгі жауап я «мұғалім», я «дәрігер» болатын. Бұл деген сөз, адамзатқа беріле қызмет етер ұстаз атты мамандық иесінің қадірінің жоғары екендігін білдірмек. Қазір ше? Қазір құндылықтар жарыса құлдырап бара жатқан заман көкжиегінде, өкінішке орай, бәрі өзгерді. Олар бұрын «бір Аллаға сыйынып, кел, балалар, оқылық», десе, бүгін… Бүгін, түшш, құпия.

«Айтуға болмайтын» құпия тақырып туралы пьеса жазған драматург Жәнібек Әлікен де, оны жаңаша формада сахналаған режиссер Ерлан Кәрібаев та «Құпия» драмасын сахнаға әкелерде батылдық танытты. Әңгімеміз күні кеше Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында премьерасы өткен «Құпия» драмасы хақында.

Театр – биік өнер, театр – сұлулық, театр – эстетика. Алайда, ол дегеніміз халыққа тек жылтырақ дүниені көрсете беру емес. Осы тұста неміс режиссері Михаэль Тальхаймердің: «Егер қоғамда жара болып жатса, оны театр емдеуге, не бәрі жақсы болады деп сендіруге тиісті емес, театр сол жақты саусағымен нұсқап көрсетуі керек. Сонда ғана қоғам алдындағы парызы өтеледі» деген сөзі тілге тиек болады. «Құпия» драмасы да құдды дәл осы сөзді ту етіп, қадамын алшаң басқанға ұқсайды.

Біз визуалды өмірімізден тыс әдемі режиссерлік шешімдер арқылы жасалатын және ерекше қиял иелерінің пайымдауынан туындайтын бейнелер мен олардың психологиялық өмірінің сипаттау әдісін көп жағдайда бейнелеу өнерінің абстракциялы туындыларынан, әлемдік кинематографияның жетістіктерінен, не абсурдты әдеби шығармалардан ғана іздейміз. Ал, театрда белең алып жатқан процесске аса қызығушылық таныта қоймайтынымыз бар.(Бәріне қатысты емес, орта есеппен)Әрине, театрға жиі болмаса да барып тұруға, өркениеттен қалыспауға тырысатын халықпыз. Әйткенмен, ондағы жаңа бетбұрыс пен «аһ» дегізер көріністердің куәгері бола бермейтінімізді мойындау керек.

Шектен тыс қағазбастылықты әртүрлі қимыл өрнектерімен жеткізетін спектакльде мұғалім – саналы ұрпақ даярлаушы құрметті тұлға емес, ақылы бөлімде оқитын студенттің оқу ақысына күн көретін мекеме басшылығының құлы екенін меңзейді. Біз оны директордан басқа барлық мұғалімнің басында тұрған құлыптаулы бұғаумен жасалған символикалық белгіден оңай түсінеміз. Сана мен рухқа тұсау салған билікке қарсы келе алмай, шарасыз күйде қалған «мәртебелі ұстаз» атаулысына деген аяныш оянатыны өтірік емес.

Сахнаны айнала жеті есік тұр. Спектакль бойы бірінен шығып, біріне кіреді кейіпкерлер. Біреуге жабылған есік, біреуге ашық. Біреу кіре алмайтын есікке, басқасы оп-оңай кіреді. Есікті қақпай ашатындар бар… Өмір. Бағытсыз, сүреңсіз уақытқа бағынған кеңістік. Қайталанған цикл. Осының бәрін актерлік техниканың темпоритмі арқылы шебер жеткізген режиссер Е.Кәрібаевты және синхрондылықты бұзбаған актерлер құрамын мақтауға тұрарлық.

Спектакль бір ғана проблеманың айналасында қалмаған. Бүгінгі күні ел ертеңіне алаңдар адамның күресіп келе жатқан бірқатар тақырыптарды қамтыған. Тіл тағдыры, ұрпақ санасы, билік басындағылардың астыртын саясаты, түптеп келгенде, адамның рухани азаттығы, бәрі-бәрі. Бұрын «баламның еті сенікі, сүйегі менікі» дейтін қазақ, бүгінде мектеп мұғалімдерінің нұқып-түйгені былай тұрсын, ескерту жасап, сөгіс жариялағанына да қарсы. Спектакльде де қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалім Арман мен «қазақ тіліңе түкіргенім бар!» деп есірген байдың баласы Руслан арасында болған қақтығыста намыстан өртенген мұғалім тәрбиесіз студенттің жағасынан еріксіз шап берген кезінде өзге студенттер қолдарына телефондарын алып, суретке түсіріп жататын сахнасынан да «әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ» бетімен кеткен ұрпақтың келе жатқанын көріп, налисың.

Жаңашылдыққа ұмтылған режиссер Е.Кәрібаевтың шығармашылығында қоғам шындығы мен жоғалып бара жатқан адами қасиеттердің өлшемі туралы айтылатын екінші спектакль. Бұған дейін «Ол» моноспектаклімен көптің назарын жаулап, көңілінен шыққан режиссер ізденісін арттыра түскен. Жалпы, қай спектакль болмасын, өз көрерменін табары хақ. Әйткенмен, қай ғасырда да жоғары құндылыққа ие театр өнерінің көрерменін көбейту, еселеу қажеттілігі біздің елімізде маңыздылыққа ие. Сол үшін де театр тарапынан көрерменді, әсіресе жас толқынды еліктірер туындылар саны көбейсе, қуаныш. Айталық, үш сағат бойы іш пыстыратын тарихи драманы даңғарадай театрда зерігіп көретін оқушының қайта айналып өз ықтиярымен театр есігіне кірмесі анық. Жо-жоқ, тарихи туындылардың сұранысы төмен не мүлде қажеті жоқ деген сөз емес. Тек оны бүгінгі ҒТР жетістіктерін пайдалана отыра жасай білмек абзал. Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында да бұл тақырып орынды көтерілген. Сол үшін де жаһандық театр үдерісіндегі елеулі жаңалықтарды төл өнерімізге енгізгенде тұрған әбестік жоқ. Мәселен, осы спектакльде де ұзынсонар мәтіннің орнына «Step» биі арқылы кейіпкерлер арасындағы қарым-қатынасты анытпай көрсеткен режиссер Е.Кәрібаев ештеңеден ұтылған жоқ. Керісінше, би арқылы, кеңістікті толтырып кезу арқылы, өзге де ым-ишараға толы қимылдар мен бір-екі ауыз репликалар арқылы біз күнделікті өмірде жиі еститін үлкен проблемаларды көтеретін шағым-монологтардың жиынтығын жасай білген.

Спектакль соңында «Осының бәріне кім кінәлі?» деген ұлы сұрақ қойылады. Оның жауабы іштей сол жердегі көрерменнің бәріне аян. Сыр – бәрімізге ортақ. Сонда да, түшш, құпия…

Ақпарат көзі: http://weekend.bugin.kz/1792-mughalim-%E2%80%93-biliktinh-quly-nemese-qazaq-tilinhe-tukirgenim-bar!

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Адам құндылығының айдыны

admin

Юные эксперты составили шорт-лист лучших постановок и выбрали лучших актёров

admin

Құттықтаймыз!

admin

ПІКІР ҚАЛДЫРУ