Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

«Құланбаевтар династиясының» дарасы

«Династия» деп аталатын да­ра­ларды таңдап барып, атадан балаға ауысып, ағадан бауырға жалғасқан бір кәсіптің айналасындағы сабақтастықтың әр әулеттің басына қонақтай бер­мейтін кірпияз-кіділігі өз ал­дына, өнердің өзге түрінде сирек те болса кездескенімен, актерлік мамандыққа келгенде сараңдығы ұстап, тіпті тартынып қалатыны бар. Мамандыққа деген махаббаттан туатын мұндай буын, қан қуалайтын жалғастық бүгінде таңсық болмауы мүмкін, бірақ сол кезең үшін шынымен шетін жағдай-тын. Бір үйден 12 театрал түлеген Чехов-Книп­перлер, бір шаңырақтан 11 ак­тер шыққан Михалковтар, орыс өнеріне тоғыз артист сый­лаған Самойловтар қазақ от­басыларынан топ-тобымен шық­паса да, ұлттық театр және кино өнерінде «Құланбаевтар ди­настиясы» деген сөз құрметпен айтылады. Әрине, Алматы тү­біндегі бір колхоздың ұстасы болған Иманәлі қарияның Би­биза, Мәкіл, Ақыл деген үш ба­ласы да өнер жолын қуып, театр мен кинодан орнын тапса, кейін бұлардың қатарын жездесі Файзолла Тұтқабаев пен Мәкіл ағаның жары Гүлшаһира Байжанбаева толықтырып, жұптары жазылмай қазақ өнеріне бірдей қызмет етті. Басқасы бір төбе де, «Құланбаевтар» дегенде алдымен еске Мәкіл ағамыздың түсетіні шындық және ол бір әулеттің емес, ұлттық театр-кино өнерінің ең талантты шоғырының қатарынан ойып орын алар бірегей тұлға болып қосылды.

Соғыс басталған тұста Мәс­кеуден өнер ошақтары көшіп келіп жатқанда, Мәкіл бала мектеп-интернатта оқиды екен. Бірде бұлардың мектебіне келген орыс әйелі жаңадан ашылып жатқан театр училищесіне ба­лалар іздеп жүргенін айтып, шағын этюд көрсетуін сұрайды. «Этюд» деген сөзді өмірі есті­меген, көздері жыпылықтап, үрпиген балаларға оның қалай жасалатынын түсіндіргеннен кейін бұйығы көрінген бойы ұзын Мәкіл орнынан тұрып, сәл ойланып алып, шыбын ұстауға кіріседі. Жоқ шыбынды көзіне елестетіп, ауада қолын әрі-бері сермеп, аңдып жүріп, ақыры ұстап алады. Ұстап алған шыбынымен қоса болашақ мамандығын да уысына түсіргенін Мәкіл бала, әрине, білген жоқ. Жүйрікті ша­бысынан, талантты талабынан жазбай танитын қағылез маман Мәкілді өнер әлеміне шақырады…

Биыл 71-маусымын ашқан Ғ.Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрының іргетасын қалаушылардың бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Мәкіл Құланбаев ортада жүрсе, тоқсанның төріне шыққан болар еді. Әріптестерінің айтуынша, театр тарланы, саңлақ сахнагер Мәкіл Құланбаевтың өз кәсібіне адал болғаны соншалық, қырық жылдан астам қызметтік ғұмырында бірде-бір рет «басым ауырып тұр еді, бүгін ойнамай-ақ қойсам бола ма?», «шаруам шығып қалды, барып келсем деп едім» деген сияқты сексен сылтауы бар артық әңгімені атымен айтпаған екен. Мәкіл Құланбаевты еске алу кеші пішіні жағынан ұтымды ойластырылуымен ерек­ше болды, жас буын актерлер кешегі театр тарландарын тү­гелдей сахнаға қайта әкелді: Мәкіл Құланбаев – Қоңқайды («Ақан сері – Ақтоқты») бас кейіпкер етіп, Асқар Тоқпанов, Райымбек Сейітметов, Чапай Зұлқашев, Досхан Жолжақсынов, Маман Байсеркенов, Асанәлі Әшімов, Есмұхан Обаевты «қатыстыра» отырып, спек­такльге репетиция жасау барысынан көрініс көрсетті. Өзге еске алу кештеріндегідей сахнаға мерейтой иесінің суретін іліп қойып, жарыса естеліктер айтып, тез жа­лықтырып жіберетін көп жауыр кештің бірі емес, құрмет көрсетіліп отырған қазақтың қадірлісін қайта тірілтіп, өзге әріптестерімен бірге жарасты әңгіме-дүкен құрғызып, сол кезеңді көз алдымызға әкелгені – ізденгіш режиссер еңбегінің нәтижесі. Даңғаза жеңіл өнер мен шуылдаған шоу-бизнестің қалтарысында ұмытылып бара жатқан шын асылдың сәулесі жылтырағандай көрермен жылы­лық сезінді.

Әріптестерінің айтуынша, сонау 1948 жылы «Алтын сақа» спектакліндегі Алпамсаны ой­наған алғашқы рөлінен бастап, балалар аудиториясының қал­тарыс-бұлтарысын, қия-қат­парын жете меңгерген Құланбаев өзі де баладай аңғал қалпын сақтап, айнадай жарқыраған жан дүниесіне кір жұқтырмай өткен. «Менің атым Қожа» фильміндегі «бір үйге бір ер­кек керек» дейтін Қаратай кім-кімнің де есінде болар. Балалық шақтың символындай бағаланатын Қожаның өзіндей мәңгі есте қалатын, ешқашан ескірмейтін бірегей образ. Анасын мотоциклге салып алып, екі күннің бірінде «айналайын, Милләтжан» деп үйіне келіп тұратын Қаратайды әкесі соғыстан қайтпаған Қожаның атарға оғы болмаушы еді ғой. Түзелуге уәде беріп, анасын жайлауға аттандырып тұрып айтатын Қожаның: «Маматай, алтыным, бұл үйге еркектің керегі жоқ. Оңбаған Қаратайға күйеуге шықпашы. Ол неге біздің үйге келе береді? Ол неге ылғи сені мотоциклімен алып жүреді? Не себепті мен үйге кіріп келгенде, ол жым бола қалады?» деген сөзінде қаншама қасірет жатыр? Шынтуайтына келгенде, кинода Қаратайды жек көретіндей ол түк те оғаш қылық жасап жүрген жоқ. Бірақ Қаратайдың қойдан да жуас мүләйім кейпі, анасы қайда болса, сол жерден табылып, мұрнының астынан «Милләтжан» деп міңгірлейтіні «жақсылар өлген соғыстан жамандардың аман келіп» жесірге ауыз салып, жетімнің жарасын одан ары тырнай түсетін шындығын айна-қатесіз көрсетеді. Ал, осы Қаратайды Мәкіл ағадан өзге кімге қиясың?

Мәкіл Құланбаевтың кино­дағы жарқын образдарының бірі – «Алпамыс мектепке барады» фильміндегі Алпамыстың атасы болып ойнағаны. Немересін мінгестіріп алып, тау-тасты ара­лап, өсімдіктер­ мен жа­нуарлар әлемін жалықпай таныс­тырып, дауысын мың құбылтып ертегі айтатын Мәкіл ағамызды на­ғыз ақсақал дерсің. Бұл дауыс кешегі Ерден ата мен Жұм­бақбай атаның ертегілерін естіп өскен ұрпақтың әлі күнге құлағында болар. «Дауыс» демекші, Мәкіл Құланбаев ки­нода 70-ке тарта рөль ойнап, 500-ден аса фильмге дубляж жасапты. Кеңес Одағының қа­зақ тіліне аударылған тәржіма фильмдерінің барлығының дыбысталуына Мәкіл ағамыз қатысқан десек, шындықтан ауытқи қоймаспыз. Кадр сыр­тында тұрып сан түрлі бей­нені сұлу дауысына салып сайратқан Мәкіл аға әр қазаққа сол үшін ыстық. Сағынышқа айналған сағым бейнесінің ұмытылмайтыны да сондықтан. Театрдағы Қоңқай, Найзағара, Науан Хазірет, Махамбет, Амантай, Көпей, Садық, Санжар секілді сом образдарынан бөлек, кинодағы қай рөлін алсаң да, әрқайсысы шымыр бейне. Шынайылықпен сомдалған сол биік бейнелері ғибратты, тұнық ғұмырының белгісі болып өмір сүре бермек.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Ақпарат көзі: https://www.egemen.kz/2017/02/03/98148

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Picture of surprised young pretty with 3d glasses

admin

Начато строительство объектов административно-делового и культурно-духовного центров Туркестана

admin

“Кейіпкер келбеті” бұрышының қонақтары мен көрермендері арасында өткен сұхбаттан кейінгі сəт.

admin

ПІКІР ҚАЛДЫРУ