Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

«Құлагер» – плакаттық қойылым емес

Саундрама жанрының негізін қалаушы Владимир Панковтан сабақ алып, түрлі экспериментті өз тәжірибесінде іске асырып, тіпті алдағы уақытта онымен бірге жұмыс істеуді жоспарлап отырған жас режиссердің қазақ театрына жағымды өзгерістер әкеліп, төл сахна өнерінің заманауи даму тенденциясына сай алға жылжу процесіне ықпалы зор. Жылына бірнеше премьерасын өткізетін тың ізденістегі жас сахнагердің 2020 жылғы Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында сахналаған алғашқы жұмысы – «Құлагер» саундрамасы болды. І.Жансүгіров дегенде ойымызға бірден оралатын «Құлагер» поэмасының инсценировкасы талантты режиссердің қолтаңбасында қазақ сахнасына алғаш рет жол тартты.
Шымылдық ашылғанда сахнаның сол жағында Қанатты қара құс ­(актриса Гүлбахрам Байбосынова), оң жағында қалжыраған қарт Ақан (актер Сағат Жылгелдиев). Г.Байбосынованың бұрынғы рөлдерінен мүлде өзгеше бейнесі көрерменді елең еткізгені анық. Құзғын – көгершін, не аққу емес. Жақсылықтың жаршысынан ауылы алыс екені мәлім. Режиссер трактовкасындағы зұлмат жылдардың жаңғырығын жеткізген ­жаратылысты сомдауда актриса пластикалық қимылдары мен дауыс резонаторларын түрліше қолдануы арқылы, жалпы күллі ­физиологиясымен өз рөлін ашуға тырысқандығы анық байқалады. Табиғаттың Ақан әніне зар қағып, Ақан әніне уанған күйі Қанаттының: «Қара шал қайыңды отыр көлеңкелеп, Бір қу бас шал үстінде ілулі тұр…» деп төменгі дауыста айтылған сөздері қорқыныш, интрига сезімін тудырады.
Спектакльді жанды дауыста сүйемелдеген «STEPPE SONS» этно-модерн-джаз тобының еңбегі орасан. Олар әртүрлі аспаптар және өз дауыстары арқылы сахнадағы оқиғаға көңіл күй беріп отырды. Вокалист – театрдың жас әртісі Ерден Жақсыбек. Оның «Маңмаңгер», «Шырмауық» сияқты әндерді, мұңлы сезіммен астасып жатқан әуендерді орындауы денеңді шымырлатып жібереді.
Сахнаны фольклорлық элементтермен толтырмай-ақ, жылтыраған декорациясыз-ақ дәстүрге бай салтымыздың желі есті, үні естілді, бояуы көрінді. Қойылым сценографы Айдана Бисембиеваның режиссерлік интерпретацияға сай жасалған сахна сұлбасында артық не кем дүние жоқ. Сахна төріндегі төңкерілген жапырақсыз жалғыз ағаш – Ақанның тұсында төңкерілген дүние мен оның жүдеу жанының сұлбасындай.
Сағынайдың асына жиылған халықтың драмалық оқиғаға ұсынылған жағдайды баян ететін көрінісін режиссер қызықты шешкен. Көпшілік сахнаны құраушылар оқиғаны ­жамырай жырлап әңгімелемей, біреуінің «Арқада Ерейменді мекен еткен, Керейде Сағынайдың болыпты асы» дегеніне, екіншісі: «Кімнің, кімнің?» деп сұрап, әлгісі: «Сағынайдың!» деп нақты жауап қатып, поэмадағы оқиға орнын, атмосферасын жеткізеді. Сал-серісін құдайдай құрметтеген, алдына асы мен барын тосып, басына көтерген қазақтың болмысын астағылардың Құран оқылып жатқанына да мән бермей, Ақанға есі кете пейілі ауып, онымен бір тілдесіп қалмаққа әркім-ақ құмар болғанын қара халық рөліндегілер нақ көрсете білген.
Осындай құрметке құдайдың құтты күні бөленген қайыңдай мінсіз, таудай таза жігіт Ақан бейнесінің салмағы жеңіл деуге келмес. Бірінші құрамдағы Еділ Рамазанов пен екінші құрамдағы Ақан – Әсет Иманғалиевтің ­ойындарында айтарлықтай айырмашылық бар. Е.Рамазановтың серіше әуелете ән салу жағы басым түсіп, кейіпкердің сал-серілік беделіне мастанып, қарсыласының сүйегінен өтер кекесін сөздерді оқша жаудыра алатын мінезін ашып көрсетсе, екінші актеріміз Ә.Иманғалиев ақын жанына тән нәзік лирикалық тұсын дөп жеткізген. Ақанның Құлагерге деген ­махаббатын, қапыда айрылған жан серігімен қоштасар сахнасындағы ­«Бай-байлата» егілген сахнасы көрерменнің сезім қоңырауын қаға білді. Ал Е.Рамазановтан ол сезімдерді, Ақанның табиғатына сай сезімтал болмысты көре алмағанымызды жасырмаймыз.
Бөрік астындағы бөрі – Батыраштың бейнесін Рахман Омар мен Руслан Ахметов сомдады. Бірінші құрамдағы актердің ­ойыны нанымдырақ шыққанын, Р.Ахметовтың ойынында әлі де болса шикілік бар екенін байқадық. Сонымен қатар ел Құлагер жаққа өткенде, «Берместен бес жыл бәйге келе жатқан, бәйгені осы аста да берем дей ме?!» деп, қызғаныштан ызаға булыққан жігітті (актер Е.Күншібаев, Д.Манаков) Батыраш ішіндегі аласы деп қабылдадық. Сырты жылтыраған беделді жуанның іштарлығын бөлек кейіпкер ретінде көрсеткен режиссер шешімі бұл тұста да ұтымды жасалған.
Спектакльдің нағыз қызар шағы, темпорит­мін жеделдетіп, көрерменге ­ерекше энергия сыйлайтын сахнасы – бәйге. Мың үш жүз жылқы шаңын көкке көтерген аламан ­доданы режиссер ерекше рухты ­сарында әсерлі жеткізген. Бәйгеге түскен арғымақтарды сомдаған көпшілік ­сахна актерлері жоғарыдан арқанға байлана түсетін тұяқтарды екі қолына алып, ­домбыра мен дауылпаз араласқан динамикалық әуеннің ырғағымен сахнаны топырлатты-ай кеп. ­Басында баяу, кейін жылдамдық қоса, одан кейін бірінен-бірі озбаққа үдей түсетін ­шабысты, аламан бәйгені – топырлап жүгірмей, бір орында тұрған актерлер әрекетінен-ақ анық сезінгенде делебесі қозбаған көрермен болған жоқ. Спектакльдің ең ұтымды, ең сәтті жасалған көркемдік шешімдері осы сахнада салтанат құрды.
Осы жерде ерекше мақтауға тұрарлық көпшілік сахнада жүрген актерлердің ансамбльдік бірлігін айтпай кетуге болмас. Сахналық серіктесін сезуде, әртістері жеке өзін көрсетуге емес, бір жұдырыққа бірігуде – бұл труппа расында үздік. Барлығының фактуралары мінсіз болмаса да, өздерімен замандас өзге театрлардағы сұңғақ бойлы, кең иықты, талай сымбатты «іші бос» актерлердің алдын орай алатындай талантты жастардың сахнаға жанын бергенін көріп, сүйсінесің. Хореограф Әділет Тәменов қойған композициядан синхрондылық қана емес, әр шабыс, қимылды жасағандағы көрерменге жеткізген энергияларын сезіндік.
Поэмадағы негізгі үлкен психологиялық тартысқа құрылған сахна – қастандық екені бәрімізге мәлім. Бәйгеде бірінші келе жатқан жүйрікті шалып, қасақана әрекет еткен дұшпан ниеттердің болуы – өмір заңы. Психологиялық әрекет пен философиялық терең толғанысқа толы сахнаны режиссер Құлагерді атып өлтіру арқылы шешкен. Мылтықтың дауысы шығып, жоғарыдан қып-қызыл тағалардың жаңбырша жауғаны – режиссердің символикалық шешімі. Ол аламан бәйгеден сыбағасын ала алмай арманда кеткен Алаш арыстарының қиылған ғұмыры, төгілген қаны мен үзілген әнін Құлагердің атылуымен жеткізген. Алайда ­поэма оқиғасына астыртын жатқан осы идея бір сағат ішінде толықтай ашылды деу қиындау. Құлагердің Мағжан, Сұлтанмахмұт өлеңдерін оқығанға дейінгі осы әрекетке әкелер өсу динамикасын көре алмағанымыз өкінішті. Құлагердің өлімі сәуледей жалт еткен сәтке құрылғаны бір жағынан дұрыс шығар. Алайда шарықтау шегі болған осы сахна әлде де толықтыруларды қажет еткендей.
Көктұйғын – бес жыл бойы бас бәйгені бермеген жүйрік. Жуан Батыраш «шаппай бер бәйгемді!» деп сеніммен, шалқая бекер ­айтпайды. Жиылған жұрттың осы жолы да әдеттегідей оқ бойы оза шабатын Көктұйғын екеніне күмәндары жоқ. Көктұйғын жаудың аты болғандықтан, оны да антогонист кейіпкер деп қабылдау шарт емес. Оны сомдаған ­актер Ерлан Кәрібаев ойынында рөл ­тудыру барысында Көктұйғын мінезін анықтап, бейнесін айқындау үшін ұсақ детальдарға дейін мән бергені көңілге қонымды. Мәселен, Құлагермен бірде қалып, бірде оза шауып келе жатқан тұсында ешқайда жалтақтамай, өзіне бек сенімді бәсекелесіне «шынымен жүйрік екен» дегендей, оқта-текте қарап-қарап қоюының өзінде Көктұйғынның қарсыласын іштей мойындап келе жатқандығын нақ көрсетіп тұр. Авансценаға шыққан Құлагердің артында ентіге шауып келе жатқан қимылдарын орындағанда да, Құлагер құлап, оны секіре аттап түсіп бәйгені алған шағында да, қалай болғанын байқамай, оны қара халықтың қоршай әндетіп жатқанына қапа болып, өзінің оған лайықсыздығын айтқысы келгендей кісінеп-кісінеп сала беретін көріністе актер Е.Кәрібаевтың шеберлігіне тәнті боласың.
Ақанның Құлагері де, қазақтың құлагері де сөз етілген спектакльде Құлагер бейнесінің терең психологиялық күрделі кейіпкер екені мәлім. Сондықтан оны сомдаушы актердің ішкі-сыртқы қалып-пішіні, шын жүйріктің мінез-бітімін сомдау шеберлігі маңызды рөл атқармақ. Құлагердің бейнесін жасау бірінші құрамда Мақсат Сәбитовке, екінші құрамда Мақсат Рахметке жүктелген. Жүз актердің жүз Абайы, жүз Онегин, жүз Гамлеті жүз түрлі болатынын білеміз. Алайда кейіпкердің негізгі түп-тамыр, бүтін бітім-болмысын ашу оның көкейкесті мақсаты боп қалмақ. Сол секілді Құлагерді кейіптеген актер бойында құлагерлік адуын шабыс, құлагерлік сенімді көзқарас, құлагерлік асыл мінез менмұндалап тұрғаны абзал. Екі актердің де техникалық шеберліктері мақтауға тұрарлық. Олардың жүгіру, секіру, қарғып түсу секілді сахна қозғалысының элементтерін меңгергеніне, Күреңбайды сүйрейтін сахнада олардың физикалық күшіне де куә болдық. Дей тұрғанмен, М.Сәбитовтың Құлагері ішкі дүниесінің байлығымен, ақынның суреттеуі бойынша «қақпан бел, қалбаңайлы, үңгір сағақ, шапса жел, мінсе жайсаң, тұрса селсоқ» нағыз асыл арғымаққа тән қасиетімен, байсалдылығымен қажет тұсында қашқан аң құтылмайтын мінезімен басымырақ түсті. Көктұйғынмен бетпе-бет келген кезде актер көзінен «Көрсетем саған!» деген жабайы, жыртқыш менмендік емес, өз бағасын білетін асыл текті мінездің ұшқынын көреміз. Ал М.Рахметтің Құлагері – иесінен басқасына көне қоймайтын, қаны тулаған нағыз асау. Актер Құлагердің басқаларды шаң қаптырар жүйріктігін, намысшыл, өр бейнесін барынша көрсетуге тырысқан. Бұл сөзімізге Құлагермен бізді алғаш таныстыратын – Күреңбайдың сынайтын сахнасында куә боламыз.


Жиналған жұрт Құлагерді сынға алып, келеке етіп жатқан кезде: «…Жаман сұрқы!..» деп, олардың сөзін бөліп, оқиға алаңына қосылатын Күреңбай шал да – шығар­ма­дағы маңызды кейіпкер. Атты бірден ­танитын атбегі, сыншының рөлін аға буын әртіс­тері Сағызбай Қарабалин мен Жомарт Зейнәбіл сомдады. Салыстырмалы түрде, С.Қарабалиннің рөлді ашу жағы басым түсті. Күреңбай мен Құлагер арасындағы сахналық серіктестік, кейіпкерлердің бір-біріне деген қарым-қатынасы олардың көзқарастары арқылы сәтті көрініс тапты. С.Қарабалин мен М.Сәбитов екінші құрамдағы әріптестерімен салыстырғанда, үздік өнер көрсеткенін және айта кеткеніміз жөн.
Жалпы спектакльді барып көргендегі сезімді мұндай шимай-шатпағымызбен түгел жеткізе алмауымыз мүмкін. Сахнада жүріп жатқан оқиғаның спектакль екенін ұмытып, қол соға, ысқыра, қиқулап Құлагер жаққа шын жанкүйерлік етіп отырған көрермендер көп болды. Біз де жанкүйерміз. Қазақ ­театры үшін! Құлагердің қазақ сахнасындағы ­шабысы оңынан болсын деп тілейміз.
Несін жасырамыз, еліміздегі бірқатар ұлттық, мемлекеттік театрларда тапсырыс­пен қойылған ұлт мақтанышына айналған ұлылардың тағдырын насихаттайтын көркемдік деңгейі өте төмен спектакльдер аз емес. Плакаттық формадағы арзанқол қойылымдардың академиялық театрларымызда жүріп жатқан тарихи тұлғаларды дәріптейтін спектакльдерден айырмашылығы ондағы танымал актерлердің бой көрсетіп, жақсы қаржы жұмсалғандығы ғана.
Төл сахнамызда жақсы спектакльдер жоқ демейміз. «Жетерлік» деп те ауыз толтырып айта алмаймыз. Бірақ осындай жаңалықтардан қуат алып, бір сәт кең ­тыныстап қаламыз. Әдетте, дем жетпей, кейде ентігіп те қалатын сәттер болатынына не шара. Не болса да, жақсыға деген болжам бар. Арғымағын қолдан жүйрік еткен Батыраш болғымыз келмейді. Ақан серідей жүйрігімізге сенгіміз келеді. Сенеміз де!

Жансая ТҰРМАҒАНБЕТ,
Т.Жүргенов атындағы
Ұлттық Өнер академиясының
студенті

Ақпарат көзі: http://anatili.kazgazeta.kz/?p=56491

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Сахна сырлары бағдарламасы “САХНАҒА ҚҰШТАРЛЫҚ”

admin

4 қараша күні театрымыздың бірқатар артистері мен қызметкерлері бастаған топ Алматы қалалық ардагерлер үйінде болып, көнекөз қарияларымызбен кездесіп қайтты.

admin

Казахский государственный театр для детей и юношества им. Мусрепова открыл сезон сразу двумя премьерами

admin

ПІКІР ҚАЛДЫРУ