Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

Гүлбаһрам Байбосынова, актриса: Ендігі арманымның аялдамасы – келін атанып, бесік тербеткен ана болу

– Осы жыл аналардың сәбилерін сұмдық жағдайларда тастап кетуімен басталды ғой. «Айжан» телехикаясындағы қыз ауылдан келіп, ғашығынан аяғы ауыр болып қалады. Көгілдір экран – тәрбиенің құралы. Біз осы фильм арқылы некесіз жүкті қыздар да бақытты ғұмыр кешеді дегенді насихаттап жатқан жоқпыз ба?
– Телехикая желісінің бәрі бірдей болуы шарт емес. «Қара шаңырақ» тәрбиелік мәні зор, құндылықтарды дәріптейтін телехикая болса, «Айжан» – өмірден алынған оқиға. Насихаттау емес, керісінше, ойнап жүріп от баспаңдар деген ескерту деп ойламайсыз ба? Телехикая «қыз бала ойланып қадам бассын, осы жайттардан сабақ алсын» деп ой түюді мақсат етті деп ойлаймын. Жалпы, тура жолдан адаспай жүрген қыз жамандыққа ұрынбайды.
– Ойнаған рөлдері актердің тағдырына мистикалық түрде әсер етеді дейді. «Қара шаңырақта» күйеуіңіз тура жолдан адасады. Ал «Айжанда» кейіпкеріңіз некесіз бала көтеріп қояды. Осы жағдай өз өмірімде орын алып қалар деп қорықпайсыз ба?
– Кей актерлер тағдырыма әсер етеді деп өлген адамды, қылмыскерді ойнаудан, қантөгіс фильмдерге түсуден бас тартып жатады. Меніңше, оған тек рөл, жұмыс ретінде ғана қарау керексің. Егер санаңа солай сіңіріп алсаң, расымен де солай болады. Және де бәрібір о баста пешенеңе жазылғаннан қашып құтыла алмайсың. Мен Аллаға серік қосатын жұлдыз-жорамал, құмалақ ашу деген сияқты нәрселерге сенбеймін.


– Жақын құрбыларыңыз: Салтанат Бақаева, Жанель Мақажанова, Зарина Кәрмен – әр үйдің шырағын жаққан отанасы, сәбиін әлдилеп отырған аналар. Оларға қарап «уақытымды жоғалтып алдым-ау» деген өкініш өзегіңізді өртемей ме?
– Мен құрбыларымның бақытына қызығамын, бірақ қызғанып көрмеппін. Олармен әр кездескенде «Сендердің жолдарыңды маған берсін, жұғысты болсын» деп айтып отырамын. Алланың маңдайыма жазғаны шығар. «Уақытымды жоғалтып алдым-ау» деген өкінішіңіз жоқ па?» дейсіз, оңаша қалғанда ондай ойлардың мазалайтыны да рас. Бірақ пешенеңе не жазылады, сол болады ғой. Мұқағали ақын айтпақшы, «Шыда, шыда. Шыдай түс, шыда тағы. Шыдамдыны мына өмір ұнатады», Алланың бір бұйыртқан күнінде мен де әйел, ана бақытын сезінермін.
– Сатқындықты басыңыздан кешіріп көрдіңіз бе?
– Көрдім, сезіндім. Оны есіме де түсіргім келмейді… Жеке өмірде де, жұмыста да сатқындық болды. Бірақ бәріне төзе білдім.
– «Ешқашан жанарына жас алмаған көздер ең әдемі болуы мүмкін емес. Ешқашан қиналып көрмеген адамның жан дүниесі сұлу болуы мүмкін емес» дейді. Өзіңізді жаны сұлу адам деп айта аласыз ба? Сырттай қарағанда сіздің өміріңізде бәрі әдемі: берекелі отбасында өмірге келдіңіз, оқуға түстіңіз, беделді театрда еңбек етесіз, киноларда басты рөл сомдап жүрсіз. Сіздің өміріңізде де сәтсіздіктер болды ма?
– Әрине, болды. Бірақ сізге айтар-айтпасымды білмей отырғаным… Сол кездегі театрымыз­дың директоры менің жолымды біраз кескен болатын… «Жанып тұрған от еді, өшті де қалды» дейді ғой, соның бірі менмін бе деп ойлаймын. «Айқарагөзді» алғашында «сен ойнайсың» деп айтып, кейін тағы бір актриса екеумізге берді. Мен сахнаға шықсам, «Гулька, сен тұра тұршы, ол шықсын» деп соны ойнатқызатын. Әрине, маған бұл қатты бататын. Мен де әртіспін ғой, «Шынымен бұл менің қолымнан келмей ме? Сонда мен актриса емеспін бе?» деп көңілім түсетін. Бірақ онымды ешкімге білдірмей, көз жасымды көрсетпеуге тырысатынмын. Гримеркада отырып жылап аламын да, сүртіп-сүртіп, қайтып боянып шығатынмын. Бірақ бұл да көмектеспейді ғой. «Әрі қарай жұмыс істей аламын ба, жоқ па? Әлде театрдан кетем бе?» деген сансыз сұрақ жанымды жегідей жеді, сол кезде қатты күйзеліске де түстім.
Сол «Айқарагөз» қойылымының бірінші премьеарасында әлгі актриса, екінші премьерасында мен ойнауым керек болатын. Басталуға бір-ақ сағат қалды, міне, мен гримде отырмын. Бір кезде директорымыз келіп: «Бүгін ол ойнайды», – деді. Ал менің шақырып қойған туғандарым, достарым бар. Естігенде үстімнен біреу мұздай су құйып жібергендей болды, ішім әлем-жәлем. Мұны көріп: «Ештеңе етпес, келесіде ойнайсың ғой. Дос едік қой бала кезден ойнаған» деп кетті. Дос едік қой бала кезден ойнаған… О не деген сөз?! Мен оны әлі күнге түсінбеймін… Сосын «Шығыс сазы» қойылымында мен басты рөлді ойнадым. Менің құрамымда тағы бір актриса болды. Ол да – өте жақсы актриса, өз рөлін адал алып шығатын қыз. Қойы­лымда басты рөлді сол сомдайтын күні басшымыз келіп маған: «Ол емес, бүгін сен ойнайсың», – деді. Тура менің басымдағы жағдай қайталанды. Дәл сол сәтте ол актрисаның ішкі жан дүниесі жанып жатқанын жақсы түсіндім. Өйт­кені өзім де дәл сол нәрседен өттім. «Ол да жұмыс істеді ғой, сол актриса ойнасыншы» деп айтып жүріп әрең көндірген едім. Мұның бәрі негізі театрдың ішкі сырлары болатын, сізге барымды жайып салып отырғанымды біреулер дұрыс түсінбей қалып жүрер. Бірақ сол кездегі жан дүниемнің арпалысын сөзбен жеткізе алмаймын. Бағаламай, еңбегіңді елемей жатса қиын… Сәтсіздігім сол…

Сұхбаттасқан Жарқынай ЕРМАХАНОВА
(Жалғасы «Жастар үні» журналында)

Дереккөз: http://www.juldizdar.kz/?p=3441

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

«Тарихи тұлғаларды сомдағым келеді»

admin

Дархан Сүлейменов: «Өнер кей кезде қатыгез болуды үйретеді…»

admin

У.ШЕКСПИРДІҢ «…БІР СЕН ҮШІН ТУДЫМ…» («РОМЕО – ДЖУЛЬЕТТА») ТРАГЕДИЯСЫНЫҢ ПРЕМЬЕРАСЫНА ШАҚЫРАДЫ!

admin

ПІКІР ҚАЛДЫРУ