Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
Мекеме жаңалықтары

Гүлбаһрам Ахатқызы Байбосынова, актриса: Кербездік қыздарға жарасады

– Қазақ қыздарын кербез екен деген теңеумен суреттейтін еді. Осы кездері замандас құрбыларыңның бойынан кербездік көресің бе, ол мінез керек пе өзі?

  • Жалпы, қыз балаға мінез керек. Арулар өзінің орнын біліп, әріптестерімен, жігітпен араласқанда, арақатынас ұстанса жөн дер едім. Жалпылдап, жағымпазданып, арын аяққа таптататындай төмен емес, мінезді, арлы болса абыройымыз төмендемес еді. Мен кейде еркекшора боп кеткен бойжеткендерді көремін. «Мен сондаймын, бетке айтып тастаймын» деп көкбеттігін мақтаныш тұтатынын қайтерсіз?! Шектен асқан тәкаппарлықтың да зияны бар. Әрбір қыз – ханшайым екенін түсінсе, шіркін?! Өйткені, кербездік қыздарға жарасады.

– Олай болса, замандас құрбы, сіңлілеріңнің болашағы қайткенде жарқын болады деп ойланасың ба? Шылым шегіп, ішімдік ішу, баласын көше ортасында мұзға қатырып кету де қоғамымызда жиілеп барады. Қайтпек керек? Осы тұста әке-шеше, қыз және жігіт атаулы да тәрбие, ар-ұят, немесе жауапкершілік деген сезім бар деп айта аласың ба?

– Баланың болашағы отбасында алған тәрбиеге байланысты, әрине. Өзіне деген сыйластығы жоқ қыздарды көрсем, қынжыламын. Жастар – албырт, өтпелі кезеңде құбылмалы келеді емес пе, оларды кінәлай беру де артық. Қыз да, ұл да мектеп бітірген соң қандай ортаға түскеніне байланысты өз өмірінің қожасы. Әрбір қыз әке-анасының бақылауында болса, жақсы нәтиже болар еді. Олай болмаған соң жауапкершіліктен қашып, істеп жатқан шаралары әлгідей… Өкініштісі сол.

– Сұқбаттарыңда: “келін болып, ана атанып, бесік тербеткім келеді” дегенді жиі айтып жүрсің. Бұл жігіттерге құлаққағыс па, әлде сөз байласқан, көңіл қалаған адамың бар ма?

– Жасыратын ештеңесі жоқ, менің жасым ұлғайып, тұрмысқа шығатын дәл уақытым келді. Бұйырған күні сәтімен болады. Сөз байласып жүрген адамым бар. «Жеке өміріңді жайып салсаң, ол жеке өмір емес» деген сөзді алға тартып әзірге құпия ұстап жүрген жайым бар. Өмірімде сатқындық өте көп болды. Жеке өміріме, өнеріме де қатысты. Тіпті, қазір айтқым да келмейді. Екі-үш жыл сол күйзелістен шыға алмай жүрдім. Сол себепті бас алмай өнермен айналысып, жеке өмірім екінші орынға ысырылып қала берді.

  • Дәстүрлі әнші Қайрат Байбосыновқа, әнші, продюсер Байбосыноваларға жақындығыңның барын инстаграм әлеуметтік желісіндегі суреттеріңнен байқадым. Туыстық қатынастарыңыз қандай?
  • Менің әкем Ахат – Қайрат Байбосыновтың туған інісі. Қайрат Байбосыновты бәріміз әкем дейміз. Туысы екенімді білгендер дереу: «өнерге келіп, көтерілуіңе сол кісінің көмегі болған шығар, ия?» деп сұрайды. Сондықтан, туысы екенімді алға тартқан кезім жоқ, жетістіктерге өз еңбегіммен жетіп жүрмін десем болады. Ал әнші Айша – «Дауыс Интернешнл» тобында ән айтты, Ғалия – «Қазақстан» телеарнасында продюсер, Айсұлу, егізім Гүлбарам – бес қызбыз, апалы-сіңлілерміз. Арман, Қаршыға деген ағам мен інім бар. Әкем – күйші-сазгер, бірнеше күй жинақтары бар. Біздер өнерлі отбасында өсіп-өндік.

1425964012_l– Қазір сені ел фильмдерден танып қалды, киноәлеміне жолың қалай ашылып еді? 

– Телехикаяларға түсіп, кинолардан көрініп, театрда актриса болып жүргенім – тынымсыз еңбегімнің арқасы. 2010 жылы алғашқы ролімді алдым. Бұл – «Жасұлан» телехикаясы еді. Құрбым Динара Әбікееваға серік боп, кастингке барған едім. Сол жердегілер мені көріп, «сен де кастингке түсіп көрсеңші»  деп қоймай, ойнатқан еді. Олар бес күннен соң хабарласып, «сен өттің» дегенде қуансам ба, жоқ па деп ойланып қалған едім. Өйткені сол уақытта мені театрда Шыңғыс Айтматовтың «Қызыл орамалды шынарым» қойылымындағы рольге бекіткен еді. Ақыры бұл қойылымға қатыса алмай, Астанаға түсірілімге кеттім. Осылай менің кинодағы жолым басталған еді.

Одан бері біршама фильмдер мен телехикаяларға түстім. Бертінде білесіздер, режиссер Айдын Сахаманов, Қанағат Мұстафин түсірген «Қара шаңырақ» телехикаясына түстім. Алтынай келіннің ролі маған сеніп тапсырылды. Осы роль маған ыстық.

– Өмірде босаға аттап, келіндікті бастан кешпей тұрып, “Қара шаңырақ” телехикаясындағы келінді сомдап шығу жеңіл болмаған болар? Сен осы рольді сеніп тапсырған режиссердің көңілінен қалай шықтың?

  • Бұл телехикаяда Алтынай келіннің алғашқы бекітілген есімі Салтанат еді. Кастингке бардым, кезек күткен қыздар, әнші, актрисалар толып жүр. Бірнеше ер-жігіттермен роль ойнап көрдік. Өзіме актер Дәурен Серғазинмен ойнаған сәтім жылы, ыңғайлы сезілді. Кәдімгі бір отбасының адамдарындай шынайы шықты. Бір жетіден кейін, рольге екеумізді бекіткенін естіп қуандым. Сөйтіп, мені театрдан «Қазақфильм» киностудиясы рұқсат сұрап алып, 100 бөлімнен тұратын телехикаяға жарты жыл түстік. Түсірілім алаңында кәдімгі бір отбасының мүшелеріндей жылы қарым-қатынас, сағынышпен еске алатындай қызықты күндер өтті. Алтынайдың роліне енуіме көргендерім көп көмектесті. Анам мен тұрмыс құрған әпкелерім үлгі болды. Соларды көріп, балаларын бағып өстім. Үй тірлігін де атқардым. Қасымдағы құрбыларым тұрмыс құрған, балалары бар. Сондықтан болар, келін рөлін сомдау қиындық тудырған жоқ.
  • Осы фильмнен кейін Алтынай секілді ауыл келіні болып, қара шаңырақта бір үйдің кенже ұлымен бас қосып, ата-ене жағдайын жасауға ынталысыз ба?

– Келін роліне мен бар шеберлігімді салып ойнадым. Бұл роль арқылы көп  тәжірибе жинадым. Рас, отбасының өзіндік қиындықтары болады. Оның үстіне келін атану қиын емес. Ал Алтынай секілді келін болу қыздың өзіне байланысты. Ол тырысса, ниеттенсе, қолынан келеді. Өзім қалада өскен қызбын. Ауылда тұрып, Алтынай секілді абыройлы, сыйлы келін болудың несі жаман?! Ата-енеңнің болғаны қандай жақсы?! «Қара шаңырақтағыдай» сыйласқан ене мен келіндер арамызда бар. Берекелі отбасында тұрғың келсе, келін болып, иіле салсаң, арты жақсы болады.

– Фильмнен соң өзіңді келін етіп алғысы келетін үлкен ата-апалар көбейген шығар?

– Ия, мұндай жағдайлар әлі күнге болады. Менің анам Роза Байбосынова – «Қазақ радиосында» музыкалық редактор болып жұмыс істеп, қазір зейнетке шыққан. Анамның нөмірін алып, жігіттер телефон соғатын көрінеді. «Роза апай, Гүлбаһрам деген қызыңыз бар екен ғой, телехикаяда Алтынай келін болғанын көрдік. Таныстырсаңыз екен», – деп, ниеті түзу екенін білдіргендер болыпты. Кейбіреулері: «Танысып қояйық, мен болашақ күйеубалаңыз боламын» деп бастайтындары да бар екен. Анам болса: «Ол өзі біледі, айналайындар» деп құтылатын көрінеді. Өзіме де тікелей хабарласқан ата-әжелер, жігіттер болды. Сыйлық ұсынып, ілтипат білдіргендері бар. Әрине, менің ролімді жылы қабылдағандарына рақмет.

– Актрисаның әдемі, сымбатты болуы шарт па? Сіңлілеріңе қай қырыңмен үлгі болуды ойлайсың?

– Актрисаға әдемі болу – шарт. Ішкі дүниесі әдемі болғаны, тіпті маңызды. Ішкі әдемілік – сырт келбетіңе қатты әсер етеді. Алтынай келіннің образы арқылы да талай сіңлілеріме үлгімін деп ойлаймын. Жиен сіңлілеріме білгенімді үйретіп отырамын. Кешірімдімін. Жақсымды үйреніп, жаманымнан жиреніңдер деймін.

– Гүлбаһрам үшін нағыз әртістің қасиеттері қандай? Сен еліктеп, үлгі тұтқан әртістер кімдер?

– Театрдағы әріптес апаларым Лидия Кәденова, Райхан Қалиолдинаны үлгі тұтамын. Олар – әріптес, екінші ана, ақылшы, үйретуші. Үнемі алға жетелейді. Сіңлілерім маған: «сені үлгі тұтамын, сен секілді болғым келеді» деп жазады. Жақсы жағымнан көрінуге тырысамын. Мені кинолардан көріп, театрға іздеп келетін жанкүйерлерім бар. Актриса болғысы келетін ниеттерін айтады. Не айта аламын? Актриса болу қыздар үшін өте қиын. Тапсырылған рөліңе еніп алып, жеке өмірің жайына қалады. Қазір мен болашақ қыздарымды актриса болуға қимас едім.

– Досың кім? «Мынау дұшпаным» деп аяқ тартып жүретін адамдарың бар ма?

– Дұшпаным жоқ. Сатқындықты, опасыздықты кезінде көп көрсем де, кешірімдімін. Негізі мен өзіммен өзім жүрген қызбын. Жаман ойларға берілмеймін. Біреудің де жаман ойын қажет етпеймін, назар аудармаймын. Достарым баршылық. «Өнерде достық жоқ» деген пікірлерге де тап болғанмын. Бірақ бұл пікірмен келіспеймін. Керісінше, мен нағыз достарымды өнерден таптым. Салтанат Бақаева, Зарина Кәрменова, Жанель Мақажановамен қанша жылдан бері құрбымыз. Бір-бірімізді қолдаушы достарымыздан Алла айырмаса екен.

– Қазақ қызының қолынан көп тірлік келеді. Білім алу, қызмет, өз-өзін күту, келін, жар, ана болу, тігін тігу, ас пісіру, ән салып, би билеу, көлік тізгіндеу. Сіздің қолыңыздан қай шаруа келмейді?

– Бәрі келеді. Қазақ қызы кімнен кем? Келін болу, тігін тігу, есіктің алдын сыпыру, сиыр сауу, тамақ пісіру – әр қыздың қолынан келуі тиіс тірлік. Оны мен де жасаймын. Екі қолдан келмейтін тірлік болмайды.

– Қаржылай тәуелсізсіз бе?

– Қазір қаржыны өзім тауып, тәуелсіз болғаныммен, келін болған соң қаржы табу екінші орында болғаны дұрыс. Жеке көлігім бар, өзім тізгіндеймін. Жеке үйім жоқ, әпкелеріммен тұрамын.

– Рақмет, ниетіңе жет, Гүлбаһрам.

– Мені іздеп, елеп-ескергендеріңізге разымын, рақмет!

 

Лаура Қуандыққызы.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Балалар спектакльдерінің фестивалі ашылды

admin

Ертең Қасым Жәкібаевқа ескерткіш тақта орнатылады

admin

Театр особого назначения

admin

ПІКІР ҚАЛДЫРУ