Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

Ертең Қасым Жәкібаевқа ескерткіш тақта орнатылады

Ертең сағат 11:00-де Қазақстанның Халық әртісі, театр және кино актері, марқұм Қасым Жәкібаевқа арналған ескерткіш тақта орнатылмақ. Тақта актердің Алматы қаласындағы Саин-Райымбек батыр көшелері қиылысындағы өзі тұрған үйге қойылады. Кезінде журналистер Қасым Жәкібаев сынды өнер майталманына үлкен үйдің керек екенін көп айтқан болатын. Өкінішке қарай, актерге ондай жақсылық жасалмады, бар өмірін кішкентай ғана үйінде өткізді.

Сіздердің назарларыңызға жазушы Жүсіпбек Қорғасбектің Қасым Жәкібаевтың жары Нұртай апаймен болған сұхбатты ұсынамыз.

 ҚАЗАҚ КИНОСЫНЫҢ ЖАНСЕБІЛІ

Сахна сардарының сол бір зауалды заманға деген ішкі наразылығы азамат болып өсіп қалған ұлының талайлы тағдырынан көрініс тапқан еді. Ол да енді құлындай кісінеп тарих қойнауына кетті. 

Қазақ киносының «Жансебілі» – фотоальбом үлгісінде шығарылған бұл кітап әу баста осылай аталуға тиіс еді. Алайда, «Қазақ өнерінің қайраткерлері» деген «Өнер» баспасының арнайы сериясының өз тәртібі бар екен, сондықтан типографияға жөнелтілерде кітаптың аты өзгертілді. Десе де, Қасым Жәкібаев деген есім айтылған кезде оның қалтарысында бағанағы атау өзінен өзі менмұндалап тұрады. Фотоальбомды талдауға эстет-қаламгер Қали Сәрсенбай мен Қасым ағамыздың бәйбішесі Нұртай апамыз қатысты.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Нұртай апа, Қасым ағамыз сырқаттанып жатқан кезде бәрі сіздің көз алдыңызда өтті ғой. Кітап қалай жарық көрді? Өмірде көп таршылық көрген Қасым ағамызды қалайынша жарылқай қалдық?

Нұртай апа: Қасымтуралы кітап шығады деген ойымызда жоқ еді. Қасым қатты сырқаттанып жатқанда жазушы қыз Аягүл Мантаева халін сұрай келіп: «Аға, осы сіз туралы кітап шығарсақ қалай болады?» − деді. «Мен туралы кім шығарады, айналайын? Өзі жақындап қалды, үлгермейсіңдер», − деп жабырқады Қасым. «Өнер» баспасындағы Әшірбек Көпішпен жақсымын. Ертең сөйлесемін», – деді Аягүл. Ертесіне «Әшірбек Көпіш «тездетеміз, дайын болса болды» деп айтты» деді. Алланың бұйырғаны шығар, екі-үш айдың ішінде шықты. Сонда Қасым: «Аягүл, тездет, көре алмай кетуім мүмкін» деп, күнде айтып отырды. Әшірбек Көпішке, осы кітапты шығаруға қатысқандарға үлкен рахмет айтамын. Риза болдым. Кітапты алып келгеннен кейін, сенбегендіктен бе, көңілі толқығандықтан ба, Қасекең көзіне жас алып жылады. Аягүлге үлкен алғысын айтты.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Өзі қарапайым болғанымен өте білімді, парасатты кісі болған дейді. «Осы Қасым аға менің кемшілігімді байқап қояр ма екен?» деп, именіп тұрады екен кейбіреулер. Ол жөнінде Сатыпалды Нарымбетов кітапқа берген естелігінде жақсы айтады. Ал енді сондай парасатты адам өзі туралы кітапқа разы болды ма?

 Нұртай апа: Бұл кісі өзі сезімтал кісі болатын. Сөздің ақ, қарасын шешіп сөйлейтін адам. Көңіліне жақса жақты, жақпаса бір-ақ бетіне айтатын. Кітапты оқығанда «артық-кемі жоқ екен, мені ешкім аса мадақтамапты. Өте дұрыс, ризамын», − деді. «Дерсу Узала» көркем фильмін көргендер: «Қасым Жәкібаев Дерсудан айнымайды екен» деп айтыпты. Жолбарысты жақын келтіргенде қорықтың ба деп ел сұрайды екен. «Сыйынып алдым да, сонымен сөйлескендей болдым» деп жауап берген ғой. Сонда ана «жануар» жатып қалды дейді.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Қалеке, бұл Қасым Жәкібаевтың өмірінің соңында жарық көріп отырған кітап. Ол кісіні қас өнердің иесі, қас шебер деп айтамыз. Қас өнердің өтеуіне лайық па екен? Парақтап көрдіңіз бе?

Қали СӘРСЕНБАЙ: Шолып өткенімде байқадым, бұл кітапта кәсіби талдау, таланттың өмірін түйсіну, түсіну, сезіну, білу бірден аңғарылады. Себебі мұны жазып отырғандардың өздері талантты адамдар. Талантты талант түсінеді. Әрбір кітаптың өзінің деңгейі болады. Кітап шығарудың өзі үлкен мәдениет, үлкен өнер ғой. Ал Қасым Жәкібаев сияқты тағдырлы таланттар туралы кітаптар өте шым-шытырық болуы керек шындап келгенде. Кәсіби талданып, қызықты, тағылымды жазылуы керек деп ойлаймын. Біздің Қасым Жәкібаев  Тахауи Ахтановтың Серке Қожамқұловтың ойнаған бір рөлі туралы айтқанындай, нұрлы образдар жасаған адам. Үлкен тағдырдың иесі. Сондықтан осы кітіптың терең болмауына ешқандай қақысы жоқ.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Қалеке, бұл кітап «фотоальбом» деп аталады екен. Осы кітаптың ішкі мазмұнына үңілер алдында сұрағым келіп отырғаны, Ресейде немесе басқа елдерде осындай кітаптар қалай шығады екен?

Қали СӘРСЕНБАЙ: Өнер адамдарының кітаптарын шығару, өнер адамдарының өзінің кітап жазуы кейінгі кезде қолға алына бастаған үрдіс. Бұрынырақта да болды. Мысалы, мына Хабиба Елебекова апамыздың қазір көзі тірі. Жүсіпбек Елебекев туралы кітабы бар. Сосын Бексұлтан Нұржекеұлы ағамыздың «Күләштің соңғы көктемі» деген әңгімесі бар. Одан кейін Қаныбек Байсейітовтың «Құштар көңілі» бар. Айта берсек көп. Сәбит Оразбайдың, Асанәлі Әшімовтың естелік әңгімелері де қазір сұранысқа ие. Байқай бермейміз, әйтпесе қаншама кітап шығып жатыр. Ресейде бұл әу баста қалыптасқан дағды. Бізде көз үйренбеген, қалыпқа сіңбеген ғой. Мысалы кейде айтады, өнер адамдары кітап жазса, жазушы болып кетіпті деген сияқты. Өйткені, бұл бізде қалыптаспаған. Ресейде олай емес. Ресейде мысал үшін өнер адамдарының өзі жазушылардың деңгейінде. Кейбіреулері биік тұрады. Мысалы, Леонид Филатовдеген бар. «Экипажда» ойнайды, орыстың үлкен киноларында ойнайды. Үлкен актер. Кейінгі кезде денсаулығы да қиындау болып қалды. Сол жігіттің керемет кітаптары шықты. Мысалы, Высоцкий туралы мақаласы. Мақала деуге болмайды. Анау бір үлкен трактат. Біздің Әбіш Кекілбаевтың деңгейінде жазылған дүние. Сол кейінгі кезде Ресей қоғамын дүр сілкіндірді. Мысалы, Галина Вишневскаяның кітаптарын алайық, Мстислав Ростроповичтіңәйелі ғой, сол Ростроповичтің иті, мысығына дейін сағынып жазған. Осындай кітаптар керемет қабылданады, оқылады. Өйткені олардың өзі де терең адамдар. Сондықтан осындай үрдісті бізде де жалғастыру керек.  Меніңше, Қасым аға туралы осы кітап сол үрдіске келеді  ғой деп ойлаймын.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Сөзіңіздің жаны бар, Қалеке. Бұл жерде Қасым Жәкібаев туралы көбінесе өнер адамдары жазады.  Асанәлі Әшімовтың, Нұржұман Ықтымбаевтың мақаласы бар. Сосын Досхан Жолжақсынов «Құбылыс» деген мақала жазыпты. Әсіресе маған ұнағаны Сатыпалды Нарымбетовтың кино түсірген кезде араларында болған жағдай, Қасым Жәкібаевтың біліміне, парасатына бас иіп, ол кісіден именіп, жасқанып жүріп, қалай жанына жақындағаны жөнінде жақсы естелік айтқан екен. Дегенмен, кітаптың бір жартысын журналистқаламгерлер игеріпті. Соның ішінде өзіңіз де барсыз. Сол мақалаңыздың жазылуы туралы айтып беріңізші.

Қали СӘРСЕНБАЙ: Қасағаң екеуіміз Саин көшесінің бойында әрі өрлеп, бері өрлеп, кем дегенде үш қорап темекі тауыстық-ау деймін. Көп әңгімелестік, бұл кісі әңгімешіл адам. Интеллектуалды, жан-жақты білімнің иесі. Оқымаған кітабы да жоқ өзінің.

Ол кісі, Құдайға шүкір, атақ-даңқтан, сый-сияпаттан кем болған жоқ. Оптимист адам болды. Біз әдетте талантты адамдар туралы жазғанда көлбіреп кететініміз бар ғой. Бұл кісі ондайдан аулақ, қанағатшыл еді. «Мен армансыз адаммын. Шәкен Аймановтармен істедім» деді. Бір күні Шәкен аға туралы айтты. Шәкен аға «Абайды» түсіріп жатты дейді. Бұл кісі ол жерде Дәркенбайды ойнайды. Шәкен аға жүріс-тұрысымызға, әр детальға үңіліп қарайды дейді. Тыныш жүрмей, бірдеңе ұрттап алғаным бар еді дейді қалжыңдап. Сосын Шәкен аға шақырып қала ма деп қобалжимын дейді. Бір уақытта шақырды дейді. «Әй, Қасым бері кел. Мен сені өзім киіндірем» деп айтты дейді. «Жоқ, өзім киінемін» деп азар да безер болдым дейді. «Әй сен менің социальный геройымсың ғой. Құнанбай Меккеге бара жатыр. Сен соны қайтаруың керек. Оның мысын басатын сөз айтуың керек» депті. Дәркенбайды кезінде Елубай Өмірзақов сомдаған, соған да жүрексіндім дейді. Осындай жағдайдан мені Шәке аға алып шығып еді, керемет қамқор болды дейді. Осындай қанағатшыл адам екенін баса айтқым келеді. Әсіресе армансызбын деген әңгімесі қатты ұнады.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Қасым ағамыздың оқымаған кітабы жоқ екен. Естуімше, тіпті,  кейбір құпия кітаптарды тауып алып оқып жүреді екен. Елдің қолы жете бермейтін кітаптарды да тауып алатын көрінеді. Мына кітаптың ішінде сіздердің ұлдарыңыз Азамат туралы бірнеше жерде айтылады. Осы Азаматтың тағдыры, Қасым ағадай қас таланттың арда ұлының тағдыры жөнінде көпшілік онша біле бермейді. Ал енді мына кітаптағы жағдайды сіз кішкене таратып айтып берсеңіз. Оқырманға түсінікті бола түсер еді. Азаматтың басындағы жағдайды айтып беріңізші.

Нұртай апа: Өздерің айтып отырсыңдар ғой, Қасеке білімді, кітапты көп оқитын деп. Таппаған кітабы жоқ. Ол үйге кітап алып келеді. Анау-мынау кітап емес, өңкей керек кітапты алады. Тарихи кітаптарды алады. Сосын суретшілердің салған суреттерін әкеледі. Сол заманда қат болған «Көшпенділер», «Аз и Я» кітаптарын тауып алып келіп, балаларға оқытты. Азамат кітапты тез оқиды, сезімтал. Сол кезде Азамат бар болғаны 16-17 жаста болатын. Әкесімен отырып, жаңағы тарихи кітаптарды талдаудан бір жалықпайды, білмейтін композиторы, суретшісі жоқ. Мақалдап сөйлейтін. Тіпті әкесінің айтайын деп отырған сөзін алдын ала сезіп отыратын. Өлең де жазатын. Кейіннен Кеңес өкіметінің саясатына қарсы сөйлей бастады. «Бізде теңдік жоқ. Демократия жоқ» дейді. Оның демократиясын қайдан білемін? Біздің «қой» дегенімізді тыңдамады. Бұның жолдастары да болды ма деп ойлаймын. Жаңағы «Аз и Я», «Көшпенділер» кітабынан кейін өте өзгерді. Бірнеше рет органдарға да барып үлгерді. «Мен мына саясатқа қарсымын, рұқсат беріңдер, шетелге кетемін» дейді. Содан аналар баласың деп қуып жібереді екен. Оны бізге айтпайды. Ақыры көзге түсуім керек деп, листовка жасаған екен. Оны бірнеше жерге іліпті. «Ертесіне барып аула сыпырып жүрген адамнан сұрасам, «ой бұндай балалар толып жатыр, балалардың ойыншығы ғой» деп өзі де соны дұрыс көргендей сөйледі» дейді. «Е, елдің де пікірі жаман емес екен ғой» деп ойладым да бастадым» дейді.  Кейін ұсталды ғой. Ұсталғанда он сегіз жаста болатын. Мен жұмысқа кеткенде, үйде ешкім жоқта алып кетіпті. Сонда Қасекең де көрмеді, мен де көрмедім. Үйді тінтіді дейді. Төсегінің астына қалың дәптерге жазған екен дейді. Ештеңесін қалдырмай алып кетіпті. Сол кездегі Калинин-Дзержинскийде жатты. Сонда айтқан сөздерін қазір қарасам, мына өмірге келіп тұр. Бүгінгі заманның сөзін сол уақытта айтқан. Ең соңында: «Бұл заман өзінен өзі құрып бара жатыр, сендер артық жасамай кеміттіңдер, билеттеріңді өздерің тастаңдар», – депті. Алты жыл қамап, баланы өзгерте алмады. Алты жыл отырып, асылып өлді деп әкеп берді. Арасында барып кездесіп тұрдық, балам ауысқан жоқ. Көнбеді, ешкімді сатпады, қандай достары болғанын айтпады. Ашып қарағанда көрген молда айтты, денесінде ешқандай дақ жоқ деп.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Апа, енді сол оқиға, сол баланың қыршын кеткен тағдыры осы кітаптың бір жерінде айтылған екен. Осы жағдай сіздердің өмірлеріңізге, әсіресе, Қасым ағаның шығармашылығына қалай әсер етті?

Нұртай апа: Әкесіне сол баланың әлгі әрекеті бір жағынан өте ауыр тиді. Төзімді болды, шыдамды болды, ешкімге айтпады. Бұл кісі өзі ішіндегісін сыртқа шығармайтын адам болатын.

Қали СӘРСЕНБАЙ: Азаматтың тағдыры бұл кісілерге, әрине, ауыр тиеді. Қанша дегенмен таланттың өзі мінездің адамы болады ғой. Оның бәрін сыртқа шығара бермейді, оныңыз рас. Бірақ, мен ойлаймын, Қасым ағаның осы жасқа жеткенінің өзі сахнаның арқасы ма деп. Сахна – талант үшін, актер үшін алаң. Ішіндегі лебін, демін, бүкіл тақсіретін, қасіретінің барлығын сахнаға шығарады. Ол әркіммен сырласпауы да мүмкін, айтпауы мүмкін. Бірақ оның бәрін сахнада шығарады. Әйтпесе оның бәрін көтеріп жүру мүмкін емес қой. Қасым ағаның армансызбын дейтіні содан. Меніңше, бір арманы болуы мүмкін, баяғыда айтқан. Бұл кісі «Ақан сері-Ақтоқты» қойылайын деп жатқанда кетіпті сахнадан. Менің арманым сол еді дегендей бір әңгімені айтып қалды.

Нұртай апа: Қасекең «Жансебілге» түскенде Аяған айтыпты: «Аға, жылай алмайтын адамсың ғой, көзіңе глицерин тамызсақ қайтеді?» деп. Расымен де жылай алмайтын адам ғой. Іштен тынады, ешкімге көзінің жасын көрсетпейді. Сол кезде Азаматты қамап, апай-топай болып жатқан кез ғой. Сонда айтыпты: «Жоқ, тамызба, мен өзім жылаймын» депті. Сонда айтады: «Баламды ұрып-соғып, қинап жатыр ғой, осы дүниені аңсап кетті-ау, бір ауыз сөйлесе алмадым-ау деген ой келді де көзімнен өзінен өзі жас парлап кетті», – дейді.

Қали СӘРСЕНБАЙ: Талантты адам жылайды. Мысалы, өмір бақи «Ана-Жер-Анада» ойнап, көз жасы құрғамаған актрисаның бірі Сәбира Майқанова айтатын: «Бір жылы Уфада «Ана-Жер-Ананы» бір күнде екі рет қойдық. Сонда жеті-сегіз сағат ойнаған кезім болды», − дейді. Жылағанның көкесін көрсетеді ғой. Қасым аға да сол пландағы, сол масштабтағы өнерпаз. «Балуанға оңы да бір, солы да бір» дегендей, аса талантты деу керек. Кем талантты деген де бар.  Оларға көп нәрсе жетпейді, сондықтан қолдан жасауы мүмкін. Ал бұларға Құдай бере салған ғой. Өзі елуден астам киноға түскен, соның ішінде он жеті бас кейіпкер сомдадым деп мақтанатын. Ол кинода ғана. Ал экранға түсірілген өмірдегі қарапайым бейнесі жоқ, сақталмаған.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Кітаптың ішінде жас күніндегі, кейінгі кездердегі өзінің әріптестерімен түскен суреттерінің барлығы бар екен. Осы суреттерді көріп отырып, бір әңгіме менің есіме түсті. Қасым ағаны Мәскеуге жіберейін десе, «Мәскеуде не бар, менің бойым келмейді ғой» деп әзілдеп айтқан сөзі бар екен.

Нұртай апа: «Шіркін-ай, бір бес сантиметр бой берсе, батырды ойнар едім» дейтін.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Қалеке, қалай ойлайсыз? Мұндай кітаптардың насихатын жасау керек қой. Өзіміз жамандап отыратын Кеңес заманында жақсы кітаптар шығатын болса, авторды кейіпкерлерімен, туыстарымен қатыстырып отырып, қолтаңба беріп таратып жататын. Ал мына кітапты әдебиет, мәдениеттің айналасында жүргендердің өздері де көрмеген болуы мүмкін.

Қали СӘРСЕНБАЙ: Ол кезде кітап тарату арнайы бір сала болды, өзіңіз білесіз. Кітап халыққа жетті, қазір жетпейді. Ал мынау екі мың данамен шыққан кітап, ағайын-туыс, кітапханалардан артылмайды. Өрісін кеңейту керек. Мектептерде кездесулер өткізу керек. Мысалы, Балтық жағалауы елдерінде мектепте «Театртану» деген журнал жаздырады бастауыш сыныптарға. «Тұлғатану» деген пән жүреді. Сосын осындай кітаптары шыққандардың көзі тірілерімен кездестіреді, мектептің балалары қысқаша болса да өздерінің биік тұлғалары туралы біліп шығады.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Аласа тұрқына қарамай, экранға шыға келгенде алақандай көзімен бүкіл экранды толтырып жіберетіндей көрінетін, бейнелеп айтқанда. Қасым Жәкібаев туралы бұл жақсы, тұщымды кітап, тәуір естелік болды ғой деп ойлаймыз. Көп нәрсе қамтылған. Бірақ соның өзінде де осы кітапта да айтылмаған әңгіме қалмады деп айту ерте сияқты. Бұның бәрі әңгіменің басы сияқты. Осы кітаптан үзінді оқып берейін.  «Желтоқсан оқиғасынан сегіз жыл бұрын қазақ елінің азаттығын аңсап, кеңестік жүйеге қарсы шыққан ұлы Азамат жайлы айтылып та, жазылып та жүр. Кеңес өкіметі үшін қауіпті, өзгеше ойлайтын арда ұлдың әкесі өнерден біраз уақыт шектеліп қалды. Қасым Жәкібаевқа Қазақстанның Халық әртісі атағының кеш берілуінің негізгі себебі осында жатса керек. Рас, әртіс атақтан кенде емес, әсіресе халықтың қошеметінен, ыстық ықыласынан», – деп аяқталыпты мақала. Қас талант Қасым Жәкібаевтың қолтығы сөгіліп үлгермеген қасқа құлыны да әкесімен бірге есімізге түсіп тұрар енді. Өмірі өнерімен біте қайнасқан адамның экрандағы көзінен жас үзіліп түскен сәтіндегі көрініс те еске түсірер оны.

«Жас өркен»-ақпарат
02..10.2017

Ақпарат көзі: http://zhasorken.kz/erte%D2%A3-%D2%9Basym-zh%D3%99kibaev%D2%9Ba-eskertkish-ta%D2%9Bta-ornatylady/

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

ҚОҒАМДАҒЫ «ШЫҢЫРАУ» САХНАЛАНДЫ

admin

Таланттар тоғысқан театр

admin

Түркітілдес театрлар фестивалінде «Ең үздік спектакль» жүлдесін алды

admin

ПІКІР ҚАЛДЫРУ