Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары

ЕРБОЛДЫҢ АКТЕРЛІК ӘЛЕМІ

Театр орта жастағы адамдар үшін рухани демалыс орны болып көрінуі мүмкін, ал жас жеткіншектер үшін алдағы ғұмырларына адастырмас бағыт, ойлау жүйесіне қозғау салар рухани орда. Осы орайда ең ауыр жүк еліміздегі балалар мен жасөспірімдерге арналған театр ұжымдарына артылары сөзсіз. Әсіресе жаһандану дәуірі саналатын бүгінгі қоғамда балалардың қатыгез, өз бетімен бейсаналылыққа ауысып, заманауи техникаларды шектен тыс қолдану арқылы тіпті ойланғысы да келмейтін жасөспірімге айналып бара жатқаны алаңдатарлық дүние. Осы мәселелермен күресу жолында студент жастарға ғана емес, өтпелі кезеңдегі бағытын анықтай алмай жүрген жасөспірімдерге арналған қойылымдарымен танымал, 70 жылға жуық ұлт мәдениеті үшін қызмет атқарып келе жатқан айтулы мәдениет ошағаның бірі Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық Балалар мен жасөспірімдер театрын ауыз толтырып айтуға болады.

Бүгінгі таңда театр труппа­сындағы жас актерлердің ­ше­берліктері мен ізденімпаз­дығы театр мамандары ­тарапынан жоғары бағаланып жүргенін айта кеткен жөн. Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының сахнасынан 2013 ­жылдан бас­тап өнер көрсетіп келе жатқан актердің бірі – Халықаралық және республикалық театр фестивальдерінің лауреаты ­Ербол Идрисов. Ол көпшілік жұртқа телесериал­дар мен көркем фильм­дер арқылы таныс. Өміршең ­жобалар актердің шеберлігін арттырып, кәсіби жолда өсіп-жетілуіне себепші болған. ­Ербол актерлік ­жолын Б.Омаров атындағы «Жас ­сахна» ­театрында бастаған. Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжін 2006 жылы тамамдап, 2010 жылға дейін аталмыш театр сахнасында өнер көрсетіп, Р.Мұқанованың «Музасында» бала Мұқағали, Д.Исабековтің «Актрисасында» Ерлен 2, Ш.Айтматовтың «Жәмиләсында» Сейіт рөлдерімен шығармашылығын шыңдай түсті. Б.Омаровтың сахналауымен көрерменге жол тартқан спектакльдерде ойнаған ол майталман режиссердің жұмыс істеу тәсілін үйрене отырып, маман ретінде өсе түсті. Осы өнер ұжымында жұмыс істей жүріп, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «драма актері» мамандығы бойынша жоғары білім алды. Араға үш жыл салып Ғ.Мүсірепов ­театрына қызметке келген жас маман Г.Хугаевтың «Қара шекпенінде» Қортық, А.Пушкиннің «Шығыс сазы» ертегісінде Саудагер, Д.Исабековтың «Құстар фестивалінде» Балапан, М.Мақатаевтың «Райымбегінде» Жоңғар басшысы, М.Горкийдің «Шыңырауында» Актер, М.Ладоның «Адамзат» драмасында Таймас рөлдерімен көрерменнің жүрегінен орын ала білді.
Бұл өнер ошағында ізденімпаз жастар өте көп. Шығармашылық өсу жолында пікірлестердің шоғырланған ортасы болып тұр. Аталмыш театр ішінен құрылған «EGO» театр зертханасының да жұмысы зор. Ерлан Кәрібевтің режиссурасымен «Ол» моноспектаклін сахналауы сөзімізге дәлел. Сонымен қатар осы ұжым 2016 жылдың маусым айында көпшілік көрерменге М.Горькийдің «На дне» пьесасы желісімен «Шыңырау» атты қойылым сахналады. Спектакльдің қоюшы режиссері Ғ.Мүсірепов атындағы Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актері, Халықаралық театр фестивалінің лауреаты Данияр Базарқұлов. Режиссер ретінде сахналаған алғашқы дебюттік жұмысы кәсіби мамандар тарапынан оң бағаға ие болды. Спектакльге дайындық барысында театр сыншыларымен бірлесе репетиция жасап, алғашқы жұмысын елордалық көрерменге көрсеткен режиссер еңбегін алғашқы болып Ә.Сығай атындағы 25-ші республикалық драма ­театрлар фестивалінде «режиссерлік дебют» ­номинациясын алды. Психологиялық терең ойларға көз жүгіртетін пьесаны аударған – Е.Оспанов. Спектакльдің кеңіс­тіктегі орынды шешім ­табуы Нұржан Сәменовтың сценографиясымен байланысты. Тырмысып жоғары созылған қолдар режиссер мен суретшінің орынды тапқан шешімдері қойылым идея­сын ашып тұр. Хореограф Зарина Айшуақова қойған билердің ­темпо-ритмы мен мазмұны әрбір бейненің мінезі мен болмыс, табиғатын ашуда орынды қойылған. Ал осындай бидің тууына Динара Әбікееваның ұсынған музыкасы себеп болған секілді.
Әдеби нұсқаға аздаған өзгерістер енгізген жас режиссер пьесадағы бірнеше кейіпкерді қысқартқанымен оқиғалар желісін өзгертпеген. Спектакльдегі ­басты кейіпкерлердің бірі – актер Ербол ­Идрисов. Ерекше кәсіби шеберлігімен көзге түсіп жүрген сахнагердің бұл бейнесі өзгелерінен мүлдем бөлек сарын, жаңа образ. Сахнадан жарқырап жұлдыз болып жанған Актер бүгінгі жағдайына қатты қиналады. Түсіп кеткен шыңыраудан шығар жолды іздеуге ішкі күш-жігерінің әлсіздігі мүмкіндік бермейді. Өмірін құрдымға жіберіп, ішкілікке салынған оның Гамлеттің монологынан үзінділер оқу арқылы өзінің де қалу мен кетуін ойланып жүргенін байқаймыз. Спектакльдің темпоритмін түсірмей ойнай білу актерлерден шеберлікті талап ететіні анық. Осындай күш жігерді жұмсай отырып, спектакльдің жоғары деңгейде өтуіне себеп Ерлан сомдаған бейне деп айта аламыз. Актерлік ансамбльдегі Ұлан Болатбек, Олжас Сақ, Асан Мәжиттер сомдаған бейнемен байланысы бар. Режиссер кейіпкерінің мінезін сыртқы бейнесі арқылы шешуді назардан тыс қалдырмаған. Актердің үстіндегі қара киім оның ішкі әлемінің сипатын көрсететіндей. Орындаушы өз кейіпкерінің ішкілікке салынған, жігерсіз адам екенін көрсетуге мән берген. Жеңі мен балағы қысқа костюм шалбардың ішінен мәйкішең жүргені басқа киімнің жоқтығынан емес, шығармашылық жалаңаш күйге түскенінің дәлелі. Е.Идрисовтың актері қаңғыбас емес, соның рөлін ойнап жүрген сахнагер. Себебі ол шабыты келгенде монолог та, өлең де оқып кетеді. Бұл оның кәсіби мүмкіндіктерінің жоғары екендігінің дәлелі.


Көрермен көңілінен шығып, үлкен сұранысқа ие болған осындай аударма пьесалардың бірі Түркияның Конья қаласында өткен «Мың тыныс – бір дауыс» атты Түркітілдес театрлардың ХІ халықаралық фестивалінде «Ең үздік спектакль» жүлдесін жеңіп алған «Қара шекпен». Әлемнің бірнеше елінде театр сахнасына жол тартқан бұл туындыдағы айтар ой біздің қоғамымызға ғана тән құбылыс емес. Барша адамзаттың ортақ мәселесі. Тіршілік үшін күрес, жақыныңа деген адалдық, сенім және үміт. Қойылым режиссері А.Маемиров шығармадағы саны оннан асып жығы­латын аллегориялық кейіпкерлерді сомдайтын актерлерді таңдауда қателеспеген. Мәселен, спектакльдегі басты кейіпкерлер бейнелерін сомдайтын Шопан – Ә.Есжан (екінші құрамда Бейбіт Камаранов), Бебе – М.Әжібеков (екінші құрамда Ербол Садырбаев), Көкжал – Ә.Иманғали (екінші құрамда Еділ Рамазанов), Қуқар – Б.Тушаев (екінші құрамда Ерлан Кәрібаев) және Кико – Ұ.Болатбек (екінші құрамда ­Дархан Манақов) екі актерлік құрам да өте сәтті таңдалған. Одан өзге кейіпкерлердің бейнесін ашуда бір құрамда басымдық болып отырды. Мәселен, Көкшулан қасқыр рөлінде – Жанар Мақашеваның, Қосүрей – Лидия Кәденованың, Қортық – Ербол Идрисовтың, Сылаң – Гүлбахрам Байбосынованың ойындары кәсіби тұрғыда екінші құрам актерлеріне қарағанда бір саты жоғары болды. Иә, қандай да бір рөлді шығару үшін ­актерге ізденістен бөлек естен кетпес өмір сабақтары немесе үлкен еңбекпен келген тәжірибе көмектесері анық. Ғұмырындағы сан түрлі оқиғалардан сабақ алып, алдағы өмірінде ескерердей жадына тоқымаса, актер үшін ол қасірет. Көп жағдайда театр мамандары тарапынан елен қалып жататын, дегенмен, спектакльде атқарар жүгі салмақты бейнелер болады. Сондай бір образ деп Е.Идрисовтың Қортығын айтамыз. Көзінде қара көзілдірігі бар көртышқанды басқалар көзіне ілмейді. Күштіден таяқ жеп, әлсізге күшін көр­сетіп жүрген бұл орман тұрғыны көрер­мен санасына ой салар бейне. Ол үлкен мекемедегі ешкім көзіне ілмесе де барлығынан хабардар қызметкер сияқты. Көзілдірігінің ақ және қара әйнектен жасалуы сөзімізге дәлел. Маңызды мәселелер мен оқиғалар орын алғанда ақ әйнекпен барлығын бақылап тұрған көртышқанның жымысқы іс-әрекетін Е.Идрисов ақырын қимыл мен байыпты көзқарас арқылы жеткізе білді.
Бұл қойылымдағы кейіпкерлер бейнесін әркім әрқалай түсінуі мүмкін. Себебі, қалай десек те, жиған біліміміз бен өмірлік көзқарасымыз сантүрлі. Қойылым да барлық көрерменге бір нәрсені ғана түсіндіруді мақсат етпейді. Театрдың мақсаты әр адам қойылымнан өз бойындағы қасиетін кезіктіруіне, ойлануына түрткі болу. Сол мақсат орындалса, қойылымның кілті табылды деген сөз. Ой қорытуға септігін тигізген бұл спектакльдің репертуардағы ғұмыры ұзақ, ал қозғаған тақырыбы мәңгілік боларына кәміл сенеміз.

Айжан АХМЕТ,
театртанушы

Ақпарат көзі: http://anatili.kazgazeta.kz/news/58669

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Өз балаң өзекке теппесін

admin

Мақсат Сәбитов: «Негізі кәсіби волейболшымын»

admin

«ТЕАТР – МЕНІҢ ӨМІРІМ…»

admin

ПІКІР ҚАЛДЫРУ