Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

Елдар Отарбаев, актер: «Аға буыннан өнерге адалдықты үйрендік»

Астана. 21 қараша. BAQ.kz – «Сахнада ойнама, сахнада өмір сүр!» принципін кез келген сауатты актер жақсы түсінеді. Сахнада өмір сүру терең ізденіс пен асқан шеберліктің, шынайы адами болмыстың жемісі. Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры әртістерінің бұл үде тұрғысынан қарасақ, ізденісі үлкен. Сахнадағы көлгірлік пен жасандылық бірден көзге ұрады. Оқыған, тоқығаны көп мәртебелі көрермен мұны жақсы ажыратады. Бұл мәселеде жастар театрындағы әртістердің ойыны сергек. Жауапкершілікті сезінуі басым. Елдар Отарбаев осындай сергек ойлы, терең ізденістегі, жауапкершілігі жоғары әртістер қатарынан. С.Сматаевтың «Көгілдір таксиіндегі» – Қайыржаны, Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш-Баян сұлуындағы»- Қозысы, С.Ахмадтың «Келіндер көтерілісіндегі» – Мамыры, М.Әуезовтың «Ай-Қарагөзіндегі» – Дәулеткелдісі, Т.Ахтановтың «АНТындағы» – Сауран батыры секілді көптеген бейнелер Елдар Отарбаевтың шеберлігімен өз көрерменіне жол тартып жатыр.

23112015-1Балаларға арналған қойылымдардағы Иран-Ғайыптың «Аждаһаның әлегіндегі» – түйе, С.Қасымбектың «Батыл көжегіндегі» – қасқыр, Аяз ата, Ю.Энтин мен В.Ливановның «Бремен музыканттарындағы» – Атаман әйел, Р.Киплингтің «Мауглиіндегі» – Шерхан кішкене көрермендерінің іздеп келіп тамашалайтын кейіпкерлеріне айналған.
«Адамның жақсы мінезі –бағы, жаман мінезі –соры» деген сөз бар бізде. Жас актермен әңгіме барысында оның мінезінің ашық, арманы асқақ, мақсаты биік екенін бағамдадық. Болашағының даңғыл, өнерінің өрісті болатынына үлкен үмітпен қарайтын актер бала күнгі арманына қолы жеткенін айтады. Негізі, көп адамның кішкене кездегі «дәрігер болсам, мұғалім болсам» – дейтін тәтті армандарының көбі өсе келе басқа арнаға қарай бұрылып кететіні бар. Елдардың бұл тұрғыдағы жолы өзі ойлағандай әртістікпен тоғысқан.
«Менің өнер жолына түсуіме мектептегі ұстаздарым ағайынды Мұратжан, Әділжан Шомбаловтардың ықпалы зор болды. Сол кісілердің ықпалымен әртүрлі конкурстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүрдім. Мұның бәрі мені театрға қарай жетеледі. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваторияcына түспек болып ниеттендім. Бірақ ол жердегі ережеге сай екі жылдық дайындық курсынан өткім келмеді. Әрі ақылы бөлімге түсіп ата-анама ауыртпалығымды салуды қаламадым. Бірақ, тағдыр айдап, Т.Жүргенов атындағы Өнер Академиясына түсіп кеттім. Армандаған адам ғана өз мақсатына жетеді»-дейді ол.
Ұстаздары, ерлі-зайыпты Рашида, Жанат Хаджиевтардың тәлімін алған талантты жасты Талғат Теменов секілді іскер басшы да көріп, жоғары бағалап, бірден осы театрға қызметке алады. Алғашқы қадамын массовкадан бастаған әртіс бүгінде театр қойылымдарындағы сүбелі рөлдерге ие.
«Еңбектің арқасында жақсы нәтижеге қол жеткізуге болатынын көрдім. Актер үшін ең алдымен оқу, үйрену және сол жүрегіңе тоқығанды халыққа жеткізу маңызды. Бізді ұстаздарымыз «сен ең алдымен театр әртісінің. Театрға адал болыңдар! Бірінші кезекте театр тұрсын» деп баулыды. Сондықтан да, мен үшін бұл қасиетті шаңырақтың орны ерекше. Егер ертең маған кино мен театрға қатысты таңдау түссе мен еш ойланбастан театрды таңдар едім. Кино да сүбелі өнер. Бірақ театр- мәңгілік. Рас, танымал болу мәселесінде киноның артықшылықтары бар шығар. Бірақ, театрға келіп театрдың спектакльдерін бір көрген адамның міндетті түрде театрға қайта келгісі келіп тұратыны заңдылық. Осы тұрғыда, небір дүлдүлдер шыққан Ғ.Мүсірепов театрының менің өмірімдегі орны бөлек»-дейді актер.
Қандай алмағайып заман болса да, театр өзінің адамгершілікті, мейірімді, жақсылықты насихаттайтын қалыбынан танған емес. Актердың шеберлігі де осындай театр мұрат еткен дүниелерді көрерменге жеткізу барысында айқындалады. Елдар алдыңғы буын ағаларынан бұл мәселеде көп сабақ алғанын, өнер жолындағы барлық ұстаздарды ерекше қадір тұтатынын айтады. «Өзім тәлім алған Рашида Хаджиева мен Жанат Хаджиев секілді тағы басқа да көптеген ұстаздарыма қарыздармын. Аналық, әкелік мейірімін төге жүріп, бізді өмірді тануға үйретті. Әртіс деген мамандықтың қиындығы мен қызығының неде екенін іс барысында дәлелдеді. Өнерге адалдықты көрдік. Актердың спектакльдегі жауапкершілігін сездірді. Сахнада жіберген кемшілігіміз болса сыртқа шығарып алып, «Балам, мына жерін былай айтсаң қайтеді, ана жерін былай өзгертіп жіберсең не болады?» деп ақыл-кеңесін үнемі айтатын»- дейді Е.Отарбаев.
Біз қазір әртістердің ұсақталып кеткенін жиі айтамыз. Бірақ, театрдағы кейінгі ізденістер бұл пікірді терістейтін сияқты. Соңғы сахналанған «Райымбек! Райымбек!» поэтикалық дастанына театрдың бүкіл әртістерінің қатысқанына куә болдық. Сахнада өмір сүрудің салмағын сезінген жастарды көрдік. Тіпті он үш жасар бала Райымбектың ойыны көрерменді ойға жетеледі. Яғни, сахна жауапкершілігін сезінетін жас Жантөрин, Бақтыгереев, Кенжековтар өсіп келеді.
Ескі естеліктерден төмендегі мысалды кездестірдім. Онда қазақтың ұлы актерларының бірі Нұрмұқан Жантөриннің «Қозы Көрпеш-Баян сұлудағы» Қодарды алып шыққан сәті суреттеледі.
«Театрда Қодардың Қозыны өлтіретін сәті сахналанып жатқан тұста залда отырған бір шал атып тұрып: «Атаңа нәлет, Қодар, ақыры өлтiрiп тындың ба!» дейдi бар даусымен. Жұрт қой десе қоймайды. Содан Қодарды ойнап жүрген атақты актер Нұрмұхан Жантөрин қолында пышағы бар, әлгi шалға қатулы қабағымен қараса керек. Әлгi шал сол жерде:«Айттым ғой. Бұл ендi менi өлтiредi», – деп сыртқа қарай тұра қашыпты»-дейді. Мақсаты биік жастардан ұжымы, көрермені осындай шеберлікті күтеді. Зерделі көрермен кейінгі жас әртістерден осы аға буынның көшірмесін емес, солардың өнерге деген жанкештілігін, солардың өнерге деген адалдығын көргісі келеді.
Елдар Отарбаев болашағынан үлкен үміт күттіретін осындай жастардың бірі. «Гамлетті» үлкен сахнаға алып шыққысы келетін актер: «Кейіпкерді сахнаға алып шығатын актер. Ендеше, халық актер арқылы қойылымды бағалайды. Актер арқылы театр деңгейін дәрежелейді. Яғни, бұның бәрі бізге екі есе жауапкершілік жүктейді. Сахнада бізге түрлі характерлер кездеседі, оны зерттеп бойымызға сіңірмей сахнаға атып шығу өз болашағыңа балта шапқанмен бірдей»-дейді. Жалған сөзден ада, адами болмысы биік, таза актер ғана мәртебелі көрерменнің әділ бағасына ие болмақ. Сөзі жылтыр, ісі шала, ізденісі жоқ актердың болашағы бұлыңғыр. Даңғаза сөз бен шынайы ойынның айырмасын ажырататын көрермен көбейді. Бұл тұрғыда, Елдар Отарбаевқа артылар жүк пен жауапкершілік жоғары. Талантты актердың рухани ізденісінен туатын жаңа кейіпкерлерін сіз бен бізге бірге тамашалау бұйырсын.

Шолпан Рақымқызы

Ақпарат көзі: http://baq.kz/kk/news/suhbat/eldar-otarbaev-akter-aga-buinnan-onerge-adaldikti-uirendik-74998

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Асылхан Төлепов: «Райымбекті ойнау өте қиын болды»

admin

Сыншылар жүлдесі

admin

Иә, ыстық-суығымыз әлі басылмады…Киелі ошақты тағы бір мәрте биіктеткен-таланты тасқан, өнерлі актерлар біздің…!!

admin

ПІКІР ҚАЛДЫРУ