Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

ДУБЛЯЖ ПАДИШАСЫ. Қазақстанның халық әртісі Мұхтар Бақтыгереевті ел әлі де осылай атайды

 «Жарық жұлдыздар» – «Алматы ақшамы» газетінде осыдан бірнеше жыл бұрын марқұм Әшағаңа – Әшірбек Сығайға арналып ашылған айдар еді. Мәдениет саласының майталманы төрт жыл бойы газетіміздің бетінде әлем өнерінің сан алуан саңлақтары туралы сыр шерткені елдің есінде. Бұл айдар белгілі себептермен біраз уақыт үзіліп қалған болатын. Ел елеңдеп күтер жобаны аяқсыз қалдырмау мақсатында Әшағаңның өзі кітабына алғысөз жазған рухани інісі, журналист Сәкен Сыбанбай сол айдарды әрі қарай жалғастырады.

 Сәкен СЫБАНБАЙ

Халық оны алғаш даусынан таныды

Біз секілді ауылда туып, ауылда ержеткен өрендер Мұхтар Бақтыгереев деген актердің бар екенін, әрине, кино арқылы білді. Қазақ тіліне аударылған кеңестік, шетелдік фильмдер ол уақытта теледидардан жиі берілетін. Аптаның дүйсенбі, сәрсенбі, жұма және жексенбі күндері кешке міндетті түрде қазақша кино көрсетіледі (қазір қазақтың қай телеарнасы осылай етіп жүр?). Айналдырған қазақша бір-ақ арнамыз бар – бірде-бір киноны құр жібермейміз. Кейбірін қайта-қайта көріп, диалогтарын жаттап аламыз, өзара айтысып, қалжыңдасып, қайталаймыз. Тіпті ести-ести келе, кейіпкерлерді дыбыстаған актерлердің аты-жөні құлаққа әбден сіңіп, туысқанымыздай болып кетеді. «Рөлдерді дубляж жасағандар – Мұхтар Бақтыгереев, Алтынбек Кенжеков, Омархан Қалмырзаев, Раушан Әуезбаева, Фарида Шәріпова, Нүкетай Мышбаева…» – санада бәрі сайрап тұрады. Тіпті «сөзін аударған – Аяған Сағаев, редакторы – Салиха Сәмбетова» екені де есімізде. Бұлай болатын себебі, сол кездегі аудармалар мейлінше қазақы, тілі жатық, шұрайлы еді. Тіпті, фильмді көріп отырып оны орысша емес, қазақша түсірілген екен деп ойлап қала жаздайтынбыз. Дубляждаған актерлеріміз диалогтарды бүгінгідей жәй оқып қана шықпаған, кейіпкерлермен біте қайнасып, солармен бірге өмір сүрген, рөлдерді сомдаған шет ел әртістерінен асып түспесе, олардан кем ойнамаған-ды.

5-300x145Сөйтіп, актерлерімізді даусы арқылы-ақ ажырата алатын едік. Солардың ішінен Мұхтар Бақтыгереевтің ғажап қою тембрлі баритон үнін жазбай танитынбыз. Кейіпкері өте жылдам сөйлейтін адам болса да, ол кісінің айқын дикциясының арқасында ешбір дыбыс шашау шықпай, құлаққа анық жетіп, түсінікті естілетін. Ұзаққа созылар монологта да, қысқа реплика, шағын жауаптасуларда да сөйлемдегі қай сөздің басты маңызға ие екенін сезіп, сол сөзге ерекше екпін бере білер шеберлігі ғажап еді. Э.Рязановтың «Қызметтестер хикаясы» фильмін дубляждағанда оған мекеме басшысының жаңа орынбасары Самохваловты дыбыстау тиді. Ұжымда өзін лайықты ұстай білетін, ептеп мансапқорлығы да жоқ емес, өзін-өзі жақсы көретіні фамилиясынан-ақ аңғарылып тұрған кейіпкер М.Бақтыгереевтің үнімен сөйлегенде, болмысы тіптен ашылып, жұтынып шыға келді. Мұхаңның естіген адамның есінде қалар ерекше даусымен Олег Басилашвилиден басқа Лев Прыгунов («Пятницкий көшесіндегі трактир»), Владимир Зельдин («Он негр баласы»), Михаил Светин («Механик Гавриловтың сүйікті әйелі»), Ом Шивпури («Биле, биле»), т.б. кино жұлдыздары қазақша сөйледі.

3-300x220Осыдан біраз жыл бұрын біздің телеарналарда Қытайдың «Өзен иірімдері», «Шыңғыс хан» секілді тарихи телехикаялары көрсетілді. Оларды Қытайдағы қандастары­мыз қазақшаға аударған еді. Қазақы, құлаққа жағымды, көңілге қонымды аударма көпшілікті риза етті. Сол тәржімеші жігіттердің бірі, тіпті, «Өзен иірімдерінде» кейіпкерлерді дыбыстауға да қатысқан Әсемғазы Қапанұлымен сөйлескенімізде, ол: «Біз кеңес дәуіріндегі қазақ дубляжын өте жоғары сападағы өнер деп білдік, сол мектептен үйренуге ұмтылдық. Әсіресе, Мұхтар Бақты­гереев, Фарида Шәріпова сияқты аға-апалардың шеберлігі біз үшін керемет үлгі болды», – деп еді. Яғни, М.Бақты­гереевтің «Дубляж падишасы» екенін шеттегі қандастарымыз да жақсы біледі.

Шағын образдардың шебері

Мұхаң – киноға да аз түспеген актер. Оның ішінде көрнекті образдар да, жылт ете қалар эпизодтық рөлдер де бар. Үлкен экрандағы жолын  «Шабандоз қыз» (1954) фильміндегі жылқышының шағын рөлінен бастаған М.Бақтыгереев сосын «Біз Жетісуданбыз» (1958) карти­насындағы басты кейіпкер Нартайдың сенімді серігін, жақын досын сомдады. Актердің бағын осы бейне ашты десек те артық емес. Өйткені, содан бастап оған киноға шақыру көбейді. Тек «Қазақфильм» ғана емес, «Қырғыз­фильм», «Мосфильм» киностудиялары аттай қалап алдыратын болды. «Ұлым менің» (1962) фильміндегі Есен бейнесінен кейін Мұхтардың актерлік қыры жөнінде республикалық газеттерге мақалалар шыға бастады.

Бір әңгімесінде актердің өзі «Шұғыла» (1955) фильмін ерекше бағалайтынын айтып еді. Әрине, мұнда да оның рөлі шағын ғана эпизод болатын, есесіне, түсіру алаңында ол Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов секілді қазақ өнері корифейлерімен бірге жүрді. «Сондай ұлы тұлғалармен бірге болған әр күн, әр сағат, тіпті, әрбір сәт мен үшін ең бақытты уақыт еді. Олардың жандарынан қалмай, әр қимылын аңдап, әр сөзін бағып, мұқият есте сақтауға тырыстым. Айтқан ақыл-кеңестерін өмір бойы жадымда тұтып, орындап келемін», – деген-ді Мұхаңның өзі 1999 жылы «Жас Алаш» газетінде жарияланған ең соңғы сұхбат­тарының бірінде.

«Біздің сүйікті дәрігер» (1958), «Ана туралы аңыз» (1964), «Жәмила» (1969), «Қыз Жібек» (1970), «Гауһартас» (1975) секілді бүкіл халықтың сүйіспеншілігіне бөленген танымал фильмдерде де Мұхтар Бақтыгереев эпизодтық рөлдерде көрінді. Жалпы, оны «шағын образдардың шебері» десе де, жарасар еді. Мәселен, «Бандыны қуған Хамитте» (1983) сомдаған, баяғы «Шөл даланың аптабындағы» мылтық атылса жетіп келетін Саид секілді, Хамитке ең қажет сәтінде ақпарат жеткізіп тұратын, сыбысын білдірмей жүріп, ұйықтап жатқан Құдыренің үстінен түсіретін Саттар бейнесі қандай керемет! «Қош бол, Медеу!» (1981) комедиясындағы «өмір-бақи жол жүру ережесін бұзып көрмеген, ал өткен айда үлгілі тәртібі үшін үлкен марапатқа ие болған», «ептеп ән айтатыны да бар» таксиші әдейі ұмытқың келсе де естен шыға қояр кейіпкер ме, сірә? Ал «Ауылым Көктөбенің бөктерінде» (1986) атты балалар фильміндегі бірер минуттық эпизодта жарқ ететіні ше? Көлігінің астына түсіп кете жаздаған кішкентай Арманды сол баладан көрмеген теперіші жоқ Ғұбайдолланың (Д.Ахимов) ұлы екен деп, «балаңызға дұрыстап қарамайсыз ба?» деп ұрсады ғой Мұхаң ойнайтын кейіпкер. Сонда бір-бірімен қырғи-қабақ екі адамның ойда жоқта «әкелі-балалы» болып шыққанына оқиға орнына жиналғандардың бәрі ішек-сілесі қата күледі. Жұрттың қыран-топан күлкісіне қарап тұрып-тұрып, әбден ашу үстіндегі жүргізуші де (М.Бақтыгереев) шыдамай күліп жібереді.

Бұл – актердің өз табиғатын да аңғартып тұрған көрініс. Ашулана да алмайтын, ашуланса да қайтымы тез, шәйі орамал кепкенше-ақ қайтып күлімдеп шыға келетін Бақтыгереев болмысының жарқын мысалы.

Ғабеңнің аузынан шыққан «Браво!»

Мұхаң – бала күнінен театрға ғашық болған адам. Күн сайын өнер ордасына келіп, кейде рұқсатпен, кейде түрлі қулық ұйымдастырып, рұқсатсыз де ішке өтіп кетіп жүрген қайсар балақайды Атырау театрының билет тексерушілері жақсы танып алады. Үйренісе келе олар бала Мұхтарды түрлі жұмыстарға жұмсай бастайды – афиша ілдіреді, басқа да ұсақ тапсырмалар міндеттейді. Есесіне, күн сайын спектакльге тегін кіруге мүмкіндік береді. Бірте-бірте ұжымның өз адамындай боп кеткен жасөспірім егер әлдебір себеппен театрға келмей қалса, ондағылар кәдімгідей мазасызданып, іздейтін жағдайға жетеді.

15 жасқа толғанда, жас баланың өнерге іңкәрлігін байқаған Атырау облыстық драма театрының директоры Мұхтарды жұмысқа алады. Алдымен сахнадағы декорацияларды жасайтын қарапайым жұмысшы боп орналасып, сосын адам жетіспеушілігіне орай көпшілік көріністерге қатысып, сахнаға шыға бастайды. Ақыры, оның актерлік қабілетін көре білген театр жетекшілері оған елеулі рөлдер бере бастаған. 1951 жылы «Жас Абай» спектаклінде Құнанбайдың образын сомдаудағы шеберлігін көрген әйгілі режиссер Асқар Тоқпанов жас талантты Алматыға шақырады. 1956 жылы театр училищесін бітірген соң, Балалар мен жасөспірімдер театрына жұмысқа тұрып, 40 жылдан астам уақыт бойы сол ұжымда еңбек етті.

Актердің театр сахнасындағы образдар галереясы да жан-жақты: Ж.Жұмахановтың «Қарагөз қарындасымында» – Ақын, Ш.Құсайыновтың «Біздің Ғаниында» – Асанбай, Б.Майлиннің «Шұғасында» – Қарасай, И.Байзақовтың «Ақбөпесінде» – Құдияр, Н.Хикметтің «Әпендесінде» – Нұри, Р.Ғамзатовтың «Тау қызында» – Осман, М.Кәрімнің «Ай тұтылған түнінде» – Дәруіш, У.Шекспирдің «Гамлетінде» – Клавдий, Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқтысында» – Науан хазірет және т.б. Мұхаңның актерлік шеберлігіне Ғабеңнің – Ғабит ақсақалдың өзі де қол соққан екен. Спектакльдің премьерасынан соң, ұлы жазушы-драматург: «Менің отыз жылдан бері күткен Науан хазіретімді Мұхтар Бақтыгереев ашып берді! Браво!» – деп, актерге риза болыпты. 1984 жылы М.Әуезовтің пьесасы бойынша қойылған «Алуа» спектакліндегі Доғал образы үшін М.Бақтыгереев Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығын алды. 1991 жылы Қазақстанның халық әртісі атанды.

Актер 1999 жылдың жазында қайтыс болды. Содан бірнеше ай ғана бұрын шыққан, жоғарыда аталған соңғы сұхбаттарының бірінде ол: «Әрбір сахна адамы сомдайтын образын алдымен жан-жүрегінен өткізіп, кейіпкерінің мінезін ұғып, болмысын танып, сосын барып сахнаға алып шығуы керек. Сонда ғана ол бейненің шынайы табиғатын ашады. Сол арқылы көрермен санасына, адам жандүние­сіне әсер етеді. Өнердің басты мұраты да осы емес пе?! Мен қашанда осы қағиданы ұстандым. Демек, өмірімді өнерге бекерден-бекер арнамаған болсам керек», – деп еді.

Бұл сөздер Мұхтар Бақтыгереевтің актерлік кредосын, кәсібіне шын берілген майтал­ман екенін аңғартады. Кеудесі – алтын сандық, ойы – ұшқыр, шығарма­шылық ізденіске бай алымды өнерпаз­дың өмір жолы да, өнер соқпағы да өзінен кейінгілерге үлкен сабақ.

 

 

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Сәния Ерзатқызының cахналық бейне жасаудағы актерлік ізденістері

admin

Runner Woman at Start Line on Red Athletic

admin

Ғ. Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық театрынан тарту

admin

ПІКІР ҚАЛДЫРУ