Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

«Бұрынғы әртістерде қазіргідей кеудемсоқтық болмайтын»

Кәдірбек Демесін, ҚР еңбек сіңірген әртісі, Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының әртісі:
«Бұрынғы әртістерде қазіргідей кеудемсоқтық болмайтын»
Екі жыл рухани ашықтым
– Сіз 1973 жылдан бері осы Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында еңбек етеді екенсіз. 42 жылда бұл салада не өзгерді?

– 1973-жылы қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваторияның ішіндегі театр факультетін Тұңғышбай Жаманқұлов, Досхан Жолжақсынов, Меруерт Өтекешова бәріміз бірге бітіріп шықтық. Бірге оқыған курстастардың кейбірі Арқалыққа, Солтүстікке, елдің өзге аймақтарына жолдамамен кетті де, ал, мен дәм бұйырып, осы театрға келдім. Күзде әскерге шақырылдым. Әскерден қайтып келіп, қайтадан театрдағы жұмысымды жалғастырдым. Содан бері табан аудармай Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында жұмыс келемін.
Біздің кезімізде қоғам басқадай болатын. Кеңес Өкіметінің құрамында болғаннан кейін біз сол идеологиямен оқыдық, сол идеологиямен тәрбиелендік, кеңестік идеология бағытында жұмыс істедік. Қазіргі күнмен салыстыруға келмейді. Заман мүлдем басқа еді. Жұмыс қатал, жауапкершілік жоғары. Көркемдік кеңес жұмыс істеді. Ол кезде әртістер жалғыз театрмен шектеліп қалмайтын, телевидение бар, радио бар, грампластинка мен дубляж бар. Осының бәріне театрдың әртістері ат салысатын. Жұмыс қауырт. Бірақ қайда жүрсең де, қайда жұмыс істесең де театр бірінші орында тұрды. Театрда небір дүлдүлдер еңбек етті. Бірақ ол кезде тыйым көп болатын. Бәрі тек Мәскеу арқылы шешілетін. Өзіміздің ұлттық шығармалардың сахналануына тыйым салынды. Театр репертуарына өз классиктеріміздің еңбегін қосқызбайтын. Біз сондай кездерді көрдік. Қазір жас келгеннен кейін ойланып артыңа қарайсың, «заманымыз қалай болып еді?»-деп ойланасың. Сонда қарап отырсаң, жас актерларға қазіргідей бірден үлкен, сүбелі рөлдерді сеніп тапсыра салмайтын. Рөл алу қиынның қиыны еді. Мен екі жылдай тек қана көпшілік сахнасында жүрдім. Бірақ, актерға бұлай ұзақ уақыт салпаңдап жүре беруге де болмайды. Өзіңді дәлелдеуге тиіссің. Ол кезде театрда небір майталмандар жұмыс істейтін. Сәлима Саттарова, Әмина Өмірзақова, Байділда Қалтаев, Мәкіл Құланбаев, Мұхтар Бақтыгереев, Алтынбек Кенжеков, Шапай Зұлқашев, бүгін ортамызда жүрген Роза Әшірбекова секілді сұрыпталған әртістермен қызметтес болу бақыты бұйырды маған. Біз жастар бұл кісілердің әр қойылымдағы әр кейіпкерін жібермей көріп, ойын тәсілдерін үйрендік. Оқыған бөлек те, тәжірбие жинау бөлек. Қазіргі тілмен айтқанда, мен рухани ашықтым. Жақсы рөлге қол жетпейді. Содан есімнен кетпейді, 1977 жылы Совет өкіметінің 60 жылдығына арналып Сәкен Сейфуллиннің «Қызыл сұңқарлары» қойылды. Басында рөл жоқ, «көпшілік сахнасында боласың»- деп ескертті. Ол кезде қазіргідей әртіс көп емес, әркімнің өз рөлі бар, шағын ұжым. Әлгі шығармада ақтардың келетін бір тұсы бар. Сонда кішкентай ғана бір сахна болды. Адьютанттың рөлі. Соған адам табылмай қалды. Режиссер Маман Байсеркенов әрі ойланып, бері ойланып, нар тәуекелмен сол рөлді маған берді. Бұрын үлкен сахнадан көрмеген, «қалай болар екен?»- деп көп ойланды. Біраз дайындалдық. Өзім сол рөлмен көріндім ғой деп ойлаймын. Іле -шала Баққожа Мұқайдың «Қош бол, менің ертегім» пьесасы келді. Басты кейіпкер – Мұратты ойнадым. Дәл сол кезде студенттерге арналған қойылым керек болды да,  Ж.Тәшенов, И.Савиннің « Студенттер» комедиясы сахналанды. Онда Ұлтарақты сомдау бұйырды.   Бұл енді қырғын аншлагпен өтті. Өздерінің өмірі жайлы болғандықтан болар, студенттер ағылып келді. Ол кезде қазіргідей билетті алып барып таратпайды, афишаны сыртқа іле салады, болды.
Театрдағы рөлдерім осылай ақырындап тірнектеліп басталды, лақ ететін ештеңем жоқ. Еңбек жолым туралы айтқанда, мен үнемі Қазақ радиосын ерекше бөліп айтамын. Өзіме радиодан рухани көп білім-ілім алдым. Ол кезде радиоға кілең мықтылар жиналатын. Театр дүйсенбі күні демалғанда, радиода «Қазақстан радио театры» деген хабар жүретін. Екі актілі пьесалар оқылатын. Біртіндеп соған кіріктім. Оны сәл-пәл меңгергеннен кейін балаларға арналған хабарларға қатыстым. «Жұмбақбай атайдың ертегілері» журналын жүргіздім.
Қазіргі жастар құр мақтанмен далақтап жүріп, уақытының қалай өтіп кеткенін білмей қалады
Сіздің дубляжда да біраз еңбек еткеніңізді білеміз. Бұл саланың қызығы мен қиындығы неде?
– Алдыңғы толқын ағаларымыздың артынан еріп жүріп дубляжда да біраз жыл қызмет атқардық. Қазір байқаймын, көпшілігі дубляжға аса қатты мән бермейді. Мен мұнымен мүлдем келіспеймін. Дубляждың орын айрықша. Мен осыдан біраз бұрын Ермек Тұрсыновтың «Шал» фильміндегі шалды дыбыстадым. Орыс тілді актер сыртқы иірімдерді әкелгенмен, ішкі дыбыстық көңіл күйді келтіре алмайды. Аузы қимылымен мүлдем сәйкеспейді. Осыны орыс операторларына айтып түсіндірдім. Ермек Тұрсынов өте сауатты жігіт қой. Бірден түсінді. Балама сөз салды. Мұның бәрін айтып отырғаным, адамның зердесінде жақсылыққа тек қана еңбек арқылы жететіні тұруға тиіс. Қазір жас режиссерлар да, актерлар да дыбыстың көрерменге қазақы қалыпта жеткізілуіне мән бермейді. Сөзге мән бермеу – ана тіліңе қиянат. Алла Тағала бізді қазақ қылып жаратты ма, өз мәдениетіңнің де тілі ана тілінде жету керек халыққа. Тілді сүю – өз мәдениетіңді сүю. Екеуі біртұтас дүние. Кез келген бала өзінің анасын ұмытпайды ғой. Тіл де сол сияқты.
Қазір театрда жастарға көрген-білгенін, оқыған-тоқығанын үйрететін аға буын бар ма?
– Әрине, бар ғой. Мен дарынды адамдардың тәрбиесін көп көрдім. Біз бағымызға қарай, қазақ руханияты дүлдүлдерінің заманына тап келдік. Олардың әрқайсысы жеке-жеке мектеп. Олардың қазіргі қоғамнан артықшылығы, қарапайымдылығында еді. Ешқайсысынан біз кеудемсоқтық көрген жоқпыз. Қазір бір жаман ауруға тап болдық. Бір-екі рөл ойнаса болды жұлдыз, бір ән айтса болды, жұлдыз. Бір-екі киноға түсті, бітті. Мен бұған үзілді-кесілді қарсымын. Бұл актерді бұзады. Оның бүкіл болашағы алда емес пе, ол егер де соншалықты талантты болса оның алып шығатын рөлдерінің бәрі әлі алда емес пе. Егер ол бір рөлден соң-ақ жұлдыз ауруын жұқтырса бітті, оның алдағы ісі оңбайды, ізденісі тоқырайды. Құр мақтанмен далақтап жүріп, уақытының қалай өте шыққанын білмей қалады.
Менің тағы бір қиналатыным, біздің балаларда еліктеу басым. Әйтпесе таланты, дарыны ешкімнен кем емес. Әттеген-айы кітап оқымайды. Ауылда біз кітапқа кезекке тұратынбыз. Қазіргідей жарық жоқ, білте шамның жарығына сығалап, тығылып жатып оқитынбыз. Қазір бұл үрдіс жоқ. Біраз жыл бұрын мен Мәскеуге болдым. Оларда кітап оқу үрдісі баяғыдан қалыптасып қалыпты. Метрода болсын, автобуста болсын , көпшілігі кітап немесе газет- журнал оқып отырады.
Кезінде өзіміздің мықты шығармалар екінші кезекке қалып жатты. Әлем классикасы сәнге айналды. Әлемдік класикаға еш қарсылығым жоқ, қойылсын, бірақ ол бірыңғай аударма болып кетпеу керек. Театрдың негізгі діңі – қазақ классикасында. Бүгінгі күнде театр репертуарында жұтаңдық байқалады.
Байділда Қалтаевтікіндей дауысты әлі кездестірген жоқпын
– Сахна тілінің жеңілдеп кетуі қазіргі көрерменге де байланысты емес пе? Көрермен қабылдауына жеңіл болу үшін жеңіл мәтінге көбірек жүгіріп кеткен жоқпыз ба?
– Сол көрерменді ұлы дүниелерге дайындайтын актер емес пе, сол театр емес пе. Көрерменнің ойлау жүйесі әлі кеңестік кезеңдегі тәуелдік деңгейде қалып кеткен. Әлі күнге дейін өзгенікі керемет. Еліктеу басым. Бір ғана мысал айтайын. Досхан Жолжақсынов екі фильм түсірді. Бірі «Біржан сал» болса, екіншісі «Құнанбай». Осында бұрын айтылмаған дүниелер айтылды. Тәуелсіз елдің тарихқа деген тәуелсіз көзқарасы. Біз жас кезімізде осылардың бәріне сусап өстік. Біреулердің күбір-сыбырымен ғана Мағжанды естідік, Жүсіпбекті білдік. Қазір құдайға шүкір, бәрін қопарып, бәрін зерттеп, зерделеп жатырмыз. Мұның бәрі жас ұрпақ үшін керек. Жастарды жамандағым келмейді. Бірақ кейбір қылықтарына қарап отырып, қарның ашады. Тиянақсыз. Бәрін асығыс- үсігіс жасай салады. Асығыс істелген дүниеде не құн болады? Құн болмаған жерде қасиет жоқ. Қасиет жоқ жерде таза өнер жоқ.
Осы театрдың отымен кіріп, күлімен шықтым дей аламын. Онымды ешкімге бұлдамаймын, еңбегімді міндет қылмаймын. Он алты жыл бір бөлмелі пәтерде тұрдым. Екі балам бар, қазақты білесіз, келімді- кетімді кісісі болады. Тіпті қағазды қолыңа алып, рөліңді оқитын да мүмкіндік болмайды. Сонда анау мөлтекауданнан театрға жеткенше қағазымды қолыма алып, қайталап келемін. Кейіпкер сөзі жаттап алумен сіңбейді, оны сезінуің керек. Егер оны жан-дүниеңмен қабылдамасаң кімді ойнап жүргеніңді білмейсің. Қазір жастар осы жағына көбірек мән беру керек сияқты. Кейбір актерлар сахнаға не үшін шыққанын да ұмытып кетеді. Өткенде бір театр келді. Кілең жастар. Жанын салып ойнаған болады. Бірінің үстінен бірі бастырмалатып жүр. Көрермен кімді тыңдарын білмейді. Сахнада бір-бірін тыңдап ойнау да үлкен өнер. Жас адамның өзіне тән албырттығы болады, өзіне тән ұшқырлығы болады. Мен оның бәрін түсінемін. Қазір ортамызда жүрген Асанәлі Әшімовты қараңдаршы, өзін-өзі әлі дайындайды, әлі өзімен жұмыс жасайды. Менің ұстазым Хадиша Бөкеева қандай еді? Ленинградта білім алды. Бізді еуропалық тәрбиеге қарай бейімдеді. «Біреуден бірнәрсе сұраушы болма алақаныңды жайма, маңдай теріңді сыпырып тұрып еңбек ететін бол!»- дейтін.
Ұлыларымыздың есімі ұмытыла бастады
– Өнердегі адалдық, өнердегі бақталастықты қалай түсінесіз?
– Өнерге міндетті түрде адал болу керек. Басқа салада қалай екенін білмеймін. Мен талантты ағаларымды көрдім. Бір ғана мысал, Байділда Қалтаевты айтайын. Бүкіл арманы – Шекспирдің «Король Лирін» ойнау еді. Театрдағы кез келген актер үлкен рөлдерді армандайды. Ол – заңдылық. «Қоятын режиссер болса сол образды шығарсам»-деп жүрді. Бірақ уақыт өтіп барады. Күндердің күнінде Юри Ярвет ойнайтын «Мосфильм» түсірген «Король Лир» дубляжға келіп түсе қалды. Сол рөлді дыбыстау Бәкеңе бұйырды. Әшейінде емен-жарқын қалжыңдасып жүретін актер бір күннің ішінде адам танымастай өзгеріп кетті. Көре қалса бас иіп амандасады да, жүріп кетеді. Адамның өнерге деген сүйіспеншілігін біз сол кісіден көрдік. Ішкі дайындығы мықты еді. Өмір бойы армандаған рөлі сахнада кездеспесе де, дубляжда алдынан шықты. Бәкеңнің жұмыс стилін көрсеңіз, аузыңыз ашылады, таң қаласыз. Бәкеңді мен жиі еске аламын. Оның себебі, ол кісінің даусыңдағы қазақи интонацияда! Абдолла Қарсақбаев түсірген «Алпамыс мектепке барады» деген кино бар. Оны осы кезге дейін жүз рет көрген шығармын. Телеарналар көрсеткен сайын қарай беремін. Сол кинодағы Қаныбек Байсейітов ойнайтын мұғалімнің рөлін осы Байділда Қалтаев дыбыстаған. Соның үнін есту үшін киноның басынан аяғына дейін қарап отырамын. Қазақилықтың буы бұрқырап тұр. Асырып айтқандық емес, мен осы кезге дейін ондай сөз саптасты, ондай үнді қазақ әртістерінен кездестірген емеспін. Ол кісі өзіне қабылдап, сіңіре алмаған рөлін ешқашан ойнамайтын. Марқұм Қалтай Мұхамеджанов пен Тахауи Ахтанов «Бәкең сахнаға шыққанда біз нағыз академикті көреміз»-деп отыратын. Сахнаның нағыз академигі еді, ол кісі. Қандай бедел, қандай қадір-қасиет десеңізші. Бүгінгі күні сол ұлыларымыздың есімдері ұмытыла бастады ғой. Тіпті көзкөргендердің кейбірі атын да атамайды. Бала кезде не білесің? Бәлкім, бізде сол кездері ақымақтау болған шығармыз. Бірақ адам жас келген сайын ойланады екен, өткенін екшейді.
Мұхтар Бақтыгереев деген мықты актер болды. Жап-жас кезінде оған Шәкен Айманов оған Құнанбайдың рөлін берді. Терең образ жасады, ғажап ойнап шықты. Әдебиетте болсын, мейлі ол өнерде болсын, не журналистикада болсын, осындай адамдарды қайта жаңғыртуымыз керек. Жастар солардың бейнелерін көріп, өздерін дамытуы тиіс.
Сіз қандай рөлдерді армандадыңыз?
– Армансыз актер актер емес. Әркімнің ішінде арман бар. Ол кейде орындалады, кейде орындалмайды. Студент кезімде профессор Асқар Тоқпанов тоқпанов маған «Саған Тазша баланы ойнатамын»- дейтін. Сол рөл ақыры бұйырмай кетті. Кейін бірақ театрда Қаңбақ шалды ойнадым. Алдыңа мақсат қойып «Шіркін!» деп жүрген дүниең болмай қалады, ал, үш ұйықтасаң түсіңе кірмеген дүниең алдыңнан шығады.
–Қойылымнан түсіп қалған қандай спектакльдерді сағынасыз?
– Қайсыбірін айтасың. Олардың бәрі өзінің миссиясын орындап, бүгінде архивке кетті. Менің ерекше еске алатын қойылымдарым көп. Солардың бірі Д.Исабековтың «Ескерткіш операциясы», С.Балғабаевтың «Қазақша күрес» секілді спектакльдері.
Қазіргі әзіл-сықақ театрларының бәрі «Тамашаның» көшірмелері
– «Тамаша» арқылы да халық сізді жақсы көреді. Сіздің өміріңіздегі «Тамаша» ойын-сауық отауының орны қандай?
– «Тамаша» -қазақтың бренді. «Тамаша» халық сондай үлкен өнерге сусап жүргенде туды. Ол кезде қазіргідей таяқты лақтырып қалсаң әзіл-сқақ театрларына тиетін заман емес еді. Оның негізін алғаш Құдайберген Сұлтанбаев пен Тұңғышбай Жаманқұлов қалады. Режиссері Л.Жолдасов, редакторы Атырауағы Қ.Жылқышиев болды. Халыққа дәл қажет болып тұрған кезінде шыққан ойын-сауық отауы уытты сатиралары, тапқыр скетчтарымен көрермен жүрегіне жол тапты. Қай шығармасын алып қарасаңыз да, сол кездің қоғамық ахуалына арналатын. Осыдан біраз бұрын мен бір сұхбатымда: «Кейінгі шыққан әзіл-сықақ театрлары «Тамашаның» ксерокопиясы» дегенмін, оған біраз жігіттер ренжіді. Бірақ менің ойым одан еш өзгерген жоқ. Әр театр өзінің жеке қолтаңбасымен шығуы керек еді.
Көрермен талғамы жайлы не айтасыз?
– Меніңше, совет өкіметі кезіндегі көрермен әлдеқайда зиялырақ еді. Олар көп оқитын. Сөзім жалаң болмас үшін өз көзіммен көрген мысалымды айтайын. Екі спектакль есімнен кетпейді. Біреуі Шекспирдің «Асауға-тұсауы» болатын. Басты рөлде Шәкен Айманов пен Хадиша Бөкеева ойнаған. Сонда саған өтірік, маған шын, біздің өзімізге билет жоқ, театрға кіре алмадық қой. Қойылым болады деп белгіленген күннен бастап билеттер сатылып кететін. Шәкен Аймановтың ғажаптығы сонда. Көрермен соның құрметіне залға лық толатын. Саған өтірік, маған шын, балконның өзінде бір аяғымызбен тұратынбыз, орын жоқ, екі жағыңнан қысып тастайды.
Екінші спектакль Сәбит Мұқановтың «Шоқаны» еді. Шоқанды Жантөрин ойнайтын. Сұмдық шығарды. Ажиатаж. Мен таң қаламын. Ол кезде қазіргідей техника жоқ, жылдам сахнаны өзгерте қоятын. Бір эпизодты келесі бір эпизодқа ауыстырған кезде шымылдықты жауып тастайды. Сонда залдағы көрермен тыпыр етпей әлгіні он бес-жиырма минуттап күтіп отыра береді. Шымылдықтың арғы жағында тарс-тарс балға ұрылып, картиналар ауыстырылып жатады. Жиырма минуттан соң шымылдық ашылады. Көрермен сілтідей тынып отырып, төрт-бес сағаттық спектакльдерді көріп шығады.
Актер үшін ең қызық әрі күрделі сәт спектакль аяқталғаннан кейін көрермен алдына шығып иілу сәті. Ойынының нәтижесін көрерменнің ықыласынан аңғаратын сәт. Қазіргі көрермен қалай? Спектакль біте салып апыл-ғұпыл, таласа-тармаса сыртқа, біреу алып кететіндей киіміне жүгіреді. Талай байқап жүрміз. Мұның бәрі ішкі мәдениеттің көрнісі.
Драматургия мектебі қалыптаспай қалды
– Өз ісінің шебері ретінде айтыңызшы, қазіргі режиссура мен драматургияға көңіліңіз тола ма?
– Бізде режиссура мектебі бар. Драматургия мәселесі қиындау. Кезінде осы театрда он жылдай әдебиет бөлімін басқарған Сұлтанәлі Балғабаевпен 85-жылдары дауласып қалып едім. «Бара бара драматург таба алмай қаламыз- ау»-деп. Сол кезде ол кісі «Қой, қайдағыны айтпа, жастар келе жатыр» -деп ренжіген. Өкінішке қарай, менің айтқаным келген сияқты. Бізде драматургия мектебі қалыптаспай қалды. Біз қазір анау өндіріп жазып кеткен классиктерімізге рахмет айтуымыз керек. Бүкіл Қазақстан театрларында осы, пьеса тапшылығы, тұралап жатыр. Мұның бәрі драматургия мектебінің жоқтығы. Қазір жас деген драматургті тапсаңыз, оның өзі 40-тан асып кеткен.
Шәкірттеріңіз бар ма?
– Мені бірнеше рет ұстаздыққа шақырды. Бірақ өзім көп ойландым. Жастардың тәртібі ұнамады. Бір тиын тапсаң да ол бойыңа сіңетіндей істеу керек. Егер ертең сен оқытқан балаң топас болып шықса жанның азабы сол ғой. Сондықтан ұстаздыққа бармадым. Бәлкім, мен қателесетін шығармын.
Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан Шолпан Рақымқызы

Ақпарат көзі: http://alashainasy.kz/culture/buryingyi-artsterde-kazrgdey-keudemsoktyik-bolmaytyin-75944/

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Ғ.МҮСІРЕПОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІК АКАДЕМИЯЛЫҚ БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕР ТЕАТРЫ «АССИТЕЖ»-ГЕ МҮШЕ

admin

Қазақтілді театр көрерменге алғаш рет аудиоқойылым ұсынды

admin

Театрымызда лауазымдық ауысу!

admin

ПІКІР ҚАЛДЫРУ