Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

Актерлік өнер жолында 11 жыл бойы білім алыппын

Қазіргі таңда көгілдір экраннан көрермен қауымға жол тартып, көпшіліктің көңілінен шығып жүрген отандық телесериалдар аз емес. Солардың бірі — «Хабар» арнасынан екі маусым бойы көрсетілген «Ақылдың кілті. Өмірдастан» телеэпопеясы. Жақында осы сериалдың басты рөлдерінің бірін сомдаған актер Ербол Идрисовпен сұхбаттасудың сәті түскен болатын. Бос болсаңыз, оқи отырыңыз)

Алдымен, қысқаша мәлімет:

Идрисов Ербол Атырау облысы, Махамбет ауданында дүниеге келген. 2003-2006 жылдары Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада және цирк колледжінің актер мамандығын тәмамдап, 2006-2010 жылдары Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «драма актер» мамандығы бойынша білім алған. Колледжде оқып жүріп Алматыдағы Бәйтен Омаров атындағы театрда актер болып еңбек еткен. 2013 жылдан бері Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында актер болып жұмыс жасайды.

 — Әңгімемізді әріден бастамай, бірден телеэпопея төңірегінде қозғасақ…

— «Хабар агенттігінде» Мұрат Бидосов деген бас режиссер ағамыз бар. Кезінде «Ұят болмасын», «Біздің көшенің тұрғындары» сияқты жобаларды өмірге әкелген. Телевидение мен кино саласында тәжірибесі мол азамат. Сол ағамыздың бастамасымен Сержан Зәкірұлы деген кісі сценарийін жазып түсірілген дүние болатын. Сериалды көргендер болса біледі, телеэпопея Абай атамыздың қара сөздерінің желісі бойынша жазылған. Бірақ, реттілік сақталмаған. Бірінші бөлімде 19 қара сөздің мән-мағынасы ашылса, келесі бөлімінде 4 қара сөздің желісі болуы мүмкін. Көбісіне түсініксіз боп жатқан жерлері де бар екен. Бұл сериал 19 ғасыр мен 20 ғасырды қатар алып жүреді. Яғни, кей эпизодтарда 19 ғасыр – Кенесары ханның тұсы бейнеленсе, келесі бір эпизодтарында 1975 жылдардан бастап еліміздің тәуелсіздік алғанға дейінгі кезеңі көрсетіледі. Мен сомдаған кейіпкер сол 19 ғасырда өмір сүрген Жұман деген байдың баласы — Шернияз. Әкесі барымташы болған. Соның тәрбиесін көріп өскен соң халықтың жиған-тергенін, мал-мүлкін, жерін тартып алатын оңбаған адамның образында болдым. (күліп) Қысқасы, өте жағымсыз кейіпкер.

— Бұл рөлге шақырту алдыңыз ба, әлде кастинг арқылы өттіңіз бе?

— Негізі кастинг арқылы өттім. Бірақ, менің Мұрат ағамен танысуым қызық болған. Данияр Базарқұлов деген актер досым: «Мұрат Бидосов «Біздің ағай» деген сериал түсіргелі жатыр екен. Соның кастингіне барып қайтайық», — деген соң тек қасына серік болып барғам. Данияр проба жасап болып шығайын деп жатсақ, Мұрат аға «жаныңдағы кім?» деп мені шақырып алды да, «кепкіңді шеш те мына костюмді киіп тұра қал» деді. Ойымда ештеңе жоқ. Айтқандарын бұлжытпай орындадым. Сөйстем, ол кісі мені бірден ұнатып, ойламаған жерден сериалдағы жас директордың рөліне бекітіпті. Содан бері, міне, Мұрат ағамен бірнеше проекттерде бірігіп жұмыс жасап келе жатқан жайымыз бар.

— Ең алғашқы дебютіңіз жайында айтып берсеңіз…

  • Акамедияны бітірген соң, «Қазақстан» телеарнасының тапсырысы бойынша түсірілген «Өмір өткелдері» деген сериалда ойнадым. Сондағы Шымкенттен келген Серік деген таксист жігіт – ең алғашқы дебютті рөлім болды. Одан кейін де талай сериалдарда бой көрсеттім. Басты рөлі бар, эпизоды бар, кіріп-шығатыны бар, бас-аяғы 24 сериалға түсіппін ғой)) Мен өзім киноға шақырту кеп тұрса «отказ» бермейді екем. Типажыма, түр-келбетіме ұсынылған кейіпкердің образы сәйкес кеп тұрса болды, ойнай беремін)

%d1%81%d1%83%d1%80%d0%b5%d1%822— Осы уақытқа дейін сомдаған кейіпкерлеріңіздің басым көпшілігі –  комедиялық образдар екен. Соған қарағанда өзіңіздің типажыңызға комедиялық рөлдер көбірек келетін сияқты…

-Сырттай солай дейді бәрі(жымиып) Бірақ, өзім театр актері мамандығын бітіргеннен кейін комедия да, трагедия да, драма да, бәрі бірдей жаныма жақын деп айта аламын. Және нағыз актер кез-келген жанрда ойнай беруі керек деп есептеймін.

-Актерлік өнер жолына түсуіңізге кім немесе не себепкер болды?

-Шынымды айтсам, мен кішкентай кезімде әнші болуды армандағам) Ауылдағы көрші балалардың бәәрін жинап алып, ағаштан, темір-терсектен неше түрлі аспаптарды жасап, тіпті үйдегі кәстрөл-қазандарды барабан қылып, шарбаққа шығып ап «концерт» қоятынбыз. Мектеп қабырғасында жүргенде түрлі шараларда ән айтып жүрдім. Аудандық «Әнші балапан» конкурстарына қатысып, жүлде де алғам. 7 сынып оқып жүрген кезімде менен 4-5 жас үлкен Шынар деген әнші қыз «Сенің даусың бар ғой. Неге Атыраудағы кіші өнер академиясына әншілік курсына түспейсің?», — деген соң, құжаттарымды жинап, Атырауға бардым. Сөйтсем, вокал класына 2 сынып бітіргеннен кейін қабылдайды екен. Менің енді 8 оқитын кезім) Жасым келмейді. Бірақ, актерлік курсқа қабылдай алатындарын айтты. Сөйтіп, 8 сыныптан бастап Н.Тілендиев атындағы кіші өнер академиясының «актерлік шеберлік» курсын оқыдым. Ол жақта Төлеген Жангелдин, Төлеген Қуанышов сынды ағайлар мен Сәуле Байменова деген апайлардан сабақ алдым. Оны бітіріп, РЭЦКға түстім. Одан кейін Жүргенов… ойлап отырсам, актерлік өнер жолында 11 жыл бойына білім алыппын.

-«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген. Кімнің алдында шәкірт ретінде бас иесіз?

-Ж.Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжінде Қазақстанның халық әртісі, режиссер әрі кино актері Бәйтен Омаровтың шеберханасында оқыдым. Маған ол кісінің ішкі мәдениеті, яғни өзін-өзі ұстауы қатты ұнайтын. Жүріс-тұрысынан, сөйлеу мәнерінен, болмысынан өнер адамы екені байқалып тұратын. Және бір ерекшелігі — ешқашан студенттерге жаман сөз айтып ұрыспайтын. Сахнадағы іс-әрекетіміз ұнамай жатса, бірден жекіп тастамай, әбден дұрысталғанша қайта-қайта шығара беретін. Мейлі 100 рет қайталатса да өз ойлағанына жетіп тынатын еді. Колледжде оқып жүрген кезімізде Бәйтен аға «Ата Бәйтен» деген театр ашып (қазір «Жас сахна» деп аталады), сол жақта қойылған спектакльдерде бірнеше рөлдерде ойнадым. Ол маған үлкен тәжірибе болды деп айта аламын. Ал, Жүргенов академиясында театрдың жүйесін қалаған Станиславскийдің системасын қазақ тіліне аударған тұңғыш адам, Қазақстанның халық әртісі Маман Байсеркеновтің шеберханасында білім. Ол кісі көбінесе теориялық білімге аса мән беретін. Яғни, театрдағы ережелер мен қағидалардың толық орындалуын басты назарда ұстайтын. Міне, осы екі ұстазымның алдында әрдайым қарыздармын. Және қашан, қайда жүрсем де «осындай тұлғалардың шәкіртімін» деп мақтанышпен айта аламын!

-Мектепті қатардағы оқушылардың бірі болып аяқтасаңыз, қазір кім болар едіңіз?

-Онда хирург болатын едім. Өйткені, маған медицина саласы ұнайды. Әлі де қызығамын.

-Алдымызда не күтіп тұрғанын болжау қиын ғой. Алайда, болашақта театр саласынан кетіп қап жатсаңыз, сіздің алдыңызға сұхбат алуға емес, медициналық кеңес алуға барып тұруымыз мүмкін бе?

-Жоқ, мүмкін емес) Ешқашан. Шынымды айтайыншы, иә? Мені біреу шығарып жібермесе, өз еркіммен театрдан кететін ойым жоқ. Бірақ, болашақта бір продакшн ашсам деген жоспарларым бар. Демеуші табылып жатса қазір де бастап кеткім келеді. Әзірге ойда жүрген дүние ғой. Қалай боларын кім білсін… бірақ, тағы да айтамын: театрдан кетпеймін.

%d1%81%d1%83%d1%80%d0%b5%d1%823-Арман-мақсатыңызға қол жеткізіп, продакшн аштыңыз делік. Қандай режиссерлармен жұмыс жасағыңыз келеді?

-Кинода Сатыбалды Нарымбетов, Ақан Сатаев сынды мықтылармен, ал театрда жас буын өкілдері Дина Жұмабай, Гүлсина Мергалиева, Асхат Маемировтармен жұмыс жасағым келеді. Неге десеңіз, қазір біздің өнердің айналасында жаңашылдық жоқтың қасы. Бәрі сол баяғы қатып қалған қағидалармен жүреді. Ал, мен айтып отырған кісілер үнемі жаңалық жасауға құмар. Әсіресе жастардың не қалайтынын жақсы біледі. Сол себепті де олармен жұмыс жасаған оңай әрі «приятно»…

-Театр және кино саласында азды-көпті тәжірибе жинаған беделді актерлардың бірісіз. Жасап жатқан жұмысыңызға сын айтылса қалай қабылдайсыз?

-Кәсіби сыншылардың тарапынан айтылса ғана сынды қабылдай аламын. Сонымен қатар бір салада жүрген әріптесерім мен режиссерлардың пікіріне құлақ асқанды жөн көремін. Әйтпесе, театр мен телевидениенің иісі де мұрнына бармайтын адамдар көп қой отырып алып «сынай» беретін…

%d1%81%d1%83%d1%80%d0%b5%d1%824-«Өнерде достық бар» дегенге қаншалықты сенесіз?

-…(үнсіз ойланып) Кейде сенем, кейде күмәнмен қараймын. Бірақ, шын пейілімен жаны ашып, достық ақылын айтып, көмек көрсетіп жүретіндер бар. Сондай жандардың қатарына өзімнің әріптестерімнің ішінен Данияр Базарқұлов, Есжан Хамидуллин, Ербол Садырбаев, Ерлан Кәрібаев, Еділ Рамазанов, Мерей Әджібеков деген жігіттер мен Толқын Нұрбекова, Гаухар Сағынғалиева, Гүлбаhрам Байбосынова сынды қыздарды жатқыза аламын.

-Ал, өмірде?

-Құдайға шүкір, қандай жағдай болмасын әрдайым жанымнан табылатын адал достарым көп. Олардың ішінде ең жақыны – Біржан Жайлау деген жігіт. Қай кезде де қолдау көрсетіп жүреді. Сол себепті де дос таңдау жағынан жолым болды деп айта аламын.

%d1%81%d1%83%d1%80%d0%b5%d1%825-Махаббатта жолыңыз болмай, тауыңыз шағылған сәттеріңіз болды ма?

-Болған жоқ. Мен өзі «бұйырған кетпейді, қуған жетпейді» деген қағидаға сенетін адаммын. Сондықтан шығар, бір қызға өліп-өшіп ғашық боп, оны қарата алмай артынан жүгірген сәттерім осы уақытқа дейін болмаған. Оның үстіне әкем де 34 жасында үйленген адам. Соны ойлап «әлі жаспын» деп оқу оқып, жұмыс жасап жүре беріппіз ғой.(күліп) Өтірік айтпай-ақ қояйын, қызқұмар емеспін. Бірақ, шын ұнатқан кездерім болды. Әзілге жақын жігіт болғаным үшін қыздар да «серьезно» қабылдамаған шығар)) Мен де бас қатырмаппын ол мәселемен…

-Білуімше, үйдің кенжесі екенсіз… Отбасын құруға асықпауыңыздың себебі де содан шығар, бәлкім?

-Иә…солай деуге де болады) Біз өзі үйде бес баламыз. Нұрлыбек, Нұрболат деген екі ағам мен Жамал және Нұрсұлу деген әпкелерім бар. Өкінішке орай, әкем Мүсәлім кішкентай кезімде қайтыс болып, біз анамыз Орыншаның тәрбиесінде өстік. Қыздарын құтты орнына қондырып, екі ұлын үйлендіріп, бейнеттің зейнетін көріп отырған анам қазір 73ке келді. Ауылға барған сайын, аға-жеңгелерім, апа-жезделерім, тума-туыс, бәәрі «қашан үйленесің?» деп сұрайды) Ол жалғыз менің басымдағы жағдай емес шығар…(күліп) Құдай қаласа, кенже баланың келіншегін көріп, көзайым болатын күндері алыс емес.

%d1%81%d1%83%d1%80%d0%b5%d1%826-Өмірлік серігіңіз болатын аруды жолықтырдыңыз ғой, демек?

-Ол жағы құпия болып қалсын.

-Достарыңыздың арасында «Пэпи» деген лақап атыңыз бар екен. Не себепті?

-Колледжде оқып жүрген кезімізде «пэпи» деген йогурт болған. Бір күні түскі ас уақытында дүкеннен сол йогуртты сатып ап, парктен өтіп бара жатқам. Сөйтсем артқы жағымнан үлкен курстың жігіттері, «старшактар» менің атымды атап шақырыпты. Мен естімей қалсам керек, қарамай кете беріппін. Олар да біраз айқайлапты. Бір кезде не деп шақырарын білмей «Әй, пэпи!» дегенде мен де жалт қараппын. Содан Пэпи атанып кеттік қой…)))

-Қызықты сұхбатыңыз үшін рақмет, Ербол! Сізге тек шығармашылық табыстар тілеймін!

Сұхбаттасқан: Риза Шайқақ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Бүгін театрымыздың актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері -Күлжəмилə Белжанованың туған күні! Шын жүректен құттықтаймыз! Зор денсаулық, отбасына амандық, жемісті еңбек тілейміз! 100 жасаңыз!

admin

20 11 Студия қонағы ЕДІЛ РАМАЗАНОВ

admin

Екінші дүниежүзілік Астана театр фестивалі өтеді

admin

ПІКІР ҚАЛДЫРУ