Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

«Аққулар ұйықтағанда»

Әсел ДАҒЖАН

Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөс­пірімдер театры ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күнінде жаңа спектакльдің тұсауын кесті.

«Аққулар ұйықтағанда» деп аталған спектакльге асыққан жұрттың көкейін­де біраз сауал болғаны жасырын емес. Ақиық ақынның ана мен ауру бала, аққу мен жылқы айдаған қарттың арасында өрбитін поэмасын мектеп кезінде жатқа оқып, қойылым қойғанымыз есімде. Тіпті, поэманың кейбір шумақтары жалт-жұлт етіп есімізге оралып та жатты.

Аңдасақ, «Аққулар ұйықтағанда» драмасына жазушы Нұрғали Ораздың «Дөңгеленген дүние» пьесасы негіз болған. Режиссері – Ержан Қауланов.

Сахнадағы оқиға бір кездері барлық ақын-жазушының басын қосатын «Аққу» кафесінен басталды. Кезінде Мұқағали ақын өз поэмасын осы жазғы кафенің ішінде отырып жазған деседі. Бірақ спектакльдегі оқиға желісінің поэмаға еш қатысы жоқ болып шықты. Нұрғали Ораздың авторлығындағы туынды бүгінгі заманның ащы шынды­ғын көрсетуге тырысады.

–       Басында шығарма Нұрғали ағамыздың жазуы бойынша «Дөңгелен­ген дүние-ай» болатын. Кейін автормен ақылдаса отырып, атын өзгерттік. Бұл жердегі Нұрғали Ораздың басты айтар ойы – жасөспірім қыздар арасындағы жасанды түсік тастау оқиғасының жиілеуі. Бұл қоғамымыздағы бүгінгі ең үлкен проблемалардың бірі болып тұр, – деді қойылым режиссері Ержан Қауланов.

Спектакльде пендешілік пен адам­гершіліктің ара-жігі астарлы оймен баяндалады. Көрерменді ойын арқылы ойға жетелейді. Сюжеттің желісі бойын­ша сүйген жігітінен жүкті болып қалған даяшы қыздың алдында екі таңдау болады. Болашақ сәбидің әкесі – қызға үйленер ойы да, «сендерді асырап-бағам» деген жауапкершілік сезімі де, үй-күйі де жоқ тақыр кедей. Махаббат пен қуаныш, асыл арман, өкініш пен қатыгездік, сатқындық, шетел асқан жастардың әке-шешесін тастап кетуі, Мұқағали образы мен суретші және қарт кісі бүгінгі қоғамның проблемасын көрсетіп, үлкен буынды толғантып жүрген мәселелерге жауап іздейді.

–       Кім білсін, біздің кінәміз де, күнә­міз де көп шығар. Бірақ сендер ойлағандай біздің заман оңай болған жоқ. Рас… Хауызда су шүпілдеп толып тұратын. Онда аққулар жүзіп жүретін. Бірақ… бірақ олар ұша алмаушы еді. Өйткені, қанаттары қырқылған бола­тын, – дейді қарт кісі күрсініп.

Осы жерде біз автордың неліктен драмаға поэманы арқау еткенін түсін­гендей болдық. Өйткені, аққу – махаббат­тың, адалдықтың, тазалық пен сұлулықтың символы. Ал бүгінгі кейбір жастар поэма тұрмақ аққудың өзін көрмеген, білмейді. Оны қалың құстың арасынан тауып бере де алмайды. Сондықтан болар, қарт кісі даяшы қыз бен жігітке: «Сонда қалай, сендердің ойларыңша адамзат өмірге белгілі бір бағдарлама бойынша ғана ұрпақ әкелуі керек пе?», – дейді ойлы көзбен.

Премьераны тамашалауға Түркия елінен қонақтар да келгенін айта кетейік.

Бүгінгі қоғамның тағы бір пробле­масын қарт кісінің аузына салған драмада: «Апыр-ай, өзіңнен туған ұрпақ өзіңе өстіп жат болады екен!.. Дегенмен, адамның бір қызығы бала деген…» дейді. Ойланбай шалыс басқан жастардың ақшаның тарлығынан абдырап, қыл­мыс­қа баруы, аналардың өз баласын тастап, басқа адамға тұрмысқа шығуы. Кез-келген ойлы адамға спектакльдің айтар ойы жетіп жатыр.

Дегенмен, қазақ өз ұрпағынан жеріген емес. Ол бөтеннің баласы болса да, өз қазағымның баласы деп бауырына басқан. Қарияның аузымен айтсақ, біз өлмейміз. Біз жаны сірі, өлмейтін ұлтпыз ғой, қарағым. Өлмейміз…

Рухани тазарғыңыз келсе, бүгінгі өміріңізге шығармашылық көзбен қарап, мән-мағына іздеп жүрсеңіз, театрдың есігі сіз үшін әрдайым ашық.

 

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Video Format : Vimeo Post

admin

Елордада «Дарын» сыйлығының иегерлері марапатталды

admin

ӨНЕР ҰЖЫМДАРЫ АРАСЫНДА ЖАРЫС ӨТТІ

admin

ПІКІР ҚАЛДЫРУ