Сахна шеберіне сай қойылым – Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры

Сахна шеберіне сай қойылым

22.06.2018 | БАҚ жаңалықтары ЖАҢАЛЫҚТАР | 483 рет оқылды

teatr-1-750x430
Loading

Қазақ театрының тарихына көз жүгіртетін болсақ, өмірлерін өнермен өрнектеп, аты аңызға айналып, қайта­ланбас бейнелерді сомдаған тұлға­лар аз емес. А.Кенжеков, С.Саттарова, М.Құланбаев, М.Бақты­гереев, Ч.Зұлқашев, Ә.Өмірзақова, К.Өмірзақов, Қ.Жәкібаев, Ж.Бектасова сияқты тұлғалармен сахналас, үзеңгілес болу – әр өнер адамына мақтаныш әрі мәртебе. Осы кісілердің алдын көріп, өнегесін алған Роза Әшірбекқызы 60-шы жылдары театрға келді. Көрсе көз тоятын табиғаты сұлу, қасиетті Көкшеде туып-өскен Ақан сері, Біржан сал, үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ сынды өнер алыптарының сарқытындай сары қыздың өнері өміріне, өмірі өнеріне айналды. Содан бері қазақ театрында табан аудармай 60 жыл тер төгіпті. Есімі қазақ театры өнерінің тарихында өшпес, алтын әріптермен жазылып қалатын Роза Әшірбекқызының 80 жылдық мерейтойы өнердегі 60 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр.

Актрисаның Ж.Жұмақанов, Ә.Тәжібаев­тың «Қарагөз қарындасы­мын­да» Анна, М.Әуезовтің «Жас Абайында» Тоғжан, С.Мұқановтың «Мөлдір махаббатында» Бәтес, «Ботагөзде» Ботагөз, ­Б.Май­линнің «Шұғасында» Шұға, Т.Ахтановтың «Махаббат мұңында» Ләззат, Ш.Айтматовтың «Арманым – Әселімде» Хадиша, «Бетпе-бетте» Сейде, М.Кәрімнің «Ай тұтылған түнінде» Шафақ, Ә.Тәжібаевтың «Монологтарында» Мәншүк, Т.Әбдіктің «Біз үшеу едік» шығармасында Дариға, Ш.Уәлихановтың «Қос Анарында» Ақбөпе, т.б. рөлдері ел есінен шықпақ емес.
Оның осындай қазақ қызының бейнесін сомдап, жастарға үлгі болған еңбегін бағалаған Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының басшылығы белгілі жазушы Сұлтанәлі Балғабаевқа Роза апамызға арнап пьеса жазуды ұсынады. Шығармалары қазақ театрларында сұранысқа ие жазушы Сұлтанәлі Базарбайұлы бұл ұсынысты қуана қабылдапты. Өзінің айтуынша, Роза Әшірбековаға арналған пьесаны жазу қиынға соқпаған. Себебі театр саласында талай жылдан бері бірге жұмыс істеп, бір-бірімен етене жақын араласқан. Кейіпкерінің қыр-сырын, мүмкіндігі мен шеберлігін жақсы білетін, бағамдай алатын Балғабаев бар өнерін осы шығармаға салады.
«Роза Әшірбековаға арналған «Енелер мен келіндер» пьесасын бір деммен жазып шықтым. Онда қазақ отбасындағы мәселелерді, ене мен келін арасындағы қарым-қатынасты, үлкен мен кіші арасындағы байланысты көрсетуге тырыс­тым. Басты кейіпкеріміз үлкен ене рөлін Роза Әшірбекқызы сомдап, түрмыстағы өзекті мәселелерді қалың қауымға жеткізсін деп жаздық. Тақырыпқа екі ене, екі келін арқау болады. Сондықтан үлкен ененің үлкен келінін сомдаған Айгүл Иманбаеваға да бағыттап жазған сәттерім болды. Менің түсінігімде, қос актриса бір-біріне үйлесуі тиіс. Ал қойылым көрерменнің көңілінен шығады деп ойлаймын» деді С.Балғабаев.
Пьесадағы басты рөлдердің бірі Айгүл Иманбаеваға да арнап жазылуының себебі бар. Бұл қойылым туралы ақылдаса бастағанда-ақ, Роза Әшірбекқызы бірден «мен Айгүлмен ойнаймын» деген екен. Мұның сырын Айгүл де мақтанышпен түсіндірді. ­«Театрда жұмыс істегеніме 21 жылға қадам басты. Соның 15 жылында Роза апаймен сахнада үнемі келіні болып ойнайды екенмін. «Енелер мен келіндер» қойылымы біздің театрдың репертуарынан түспей, ұзақ жыл жүреді деген үміттеміз. Апай екеуіміз сахнаға шыққанда бір-бірімізге жарасып кеттік, бір-бірімізді үнсіз түсініп, бір-бірімізге қанат бітірдік» дейді Айгүл Иманбаева.
Сондай-ақ актриса театр өнерінде өзінің даңғыл жолын салып, театрдағы жастардың анасына айналған Роза Әшірбекқызынан, оның сахнадағы шеберлігінен әлі де талай тәлім-тәрбие алатынын айтты.
Актрисаның шығармашылық өмірі жастар мен балалар театрының өсу-өркендеуі жолымен тұтастай байланысты десек қателесе қоймаймыз. Ол сахналаған қойылымдардың барлығы дерлік театрдың ең үздік туындыларының қатарында. Роза апамыздың қашанда жүзі жарқын, жүректі жарып шыққан үні тұла бойыңды елжіретіп жібереді. Ол өнерді, театрды, әріптестерін ерекше жақсы көрді. Әлі де солай. «Енелер мен келіндер» спектаклінде Р.Әшірбекова жас буын актерлер құрамымен әдемі ансамбль түзіп, өз шеберлігімен тәнті етті. Сахнада сергек әрі ширақ қимылдап, көзге түсе білген өнер иесінің рөліне көрермендер ризашылықпен қол соқты. Расымен, сексеннің сеңгіріне шығып, жастармен қатар өнер көрсету тек Р.Әшірбековадай қажырлы адамның ғана қолынан келер. Ол сахнада өнер көрсетіп жатқанда, Астанадан арнайы келген қонақтың ­театр директорынан «80-ге келіп отырған апамыз қайда отыр?» деп сұрағанын құлағымыз шалды. Қойылым соңында театрдың директоры Сәбит Әбдіхалықов осыны айтып күлді де, «мен апамыз әне, басты рөлде ойнап жүр» дедім деп ерекше сүйіспеншілікпен әңгімеледі.
«Бұл – сый. Алланың берген сыйы. Осы жасқа жеткен мен өзімді бақытты санаймын. Бұл – мен үшін үлкен қуаныш, үлкен бақыт. Үлкенді сыйлау – кішіге парыз. Біздің спектакліміздің мәні де сонда. Ертеректегі енелер мен келіндердің әңгімесі бір басқа. Ал қазіргі ене мен келін мәселесі назар аударарлық. Біз осыны көрсетуге тырыстық. Қысқа өмірде сыйласып өткенге не жетсін» дейді Қазақстанның халық артисі, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері Роза Әшірбекова.
Ол батыс елдерінде жасы келген өнер иелеріне 80, 90, тіпті 100 жасқа келсе де рөл беріп, сахнаға шығаратынын алға тартты. «Осы жасқа келгенде арнайы пьеса жаздырып, маған басты рөлді ұсыну – біздің елде де ардагер артистерге деген құрмет бар екенін айғақтайды» деді актриса.
Р.Әшірбекованың 80 жылдық мерейтойында Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыстар комитетінің төрағасы Қуат Бораш Елбасының арнайы құттықтау хатын оқып берді. Сонымен бірге Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы да құттықтау хаты мен ықылас гүлін жолдаған екен. Алматы қаласы Мәдениет және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлиев қала әкімі Бауыржан Байбектің жылы лебізін жеткізді. Сондай-ақ Қазақстанның Ресей Федерациясындағы төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетовтің құттықтау сәлемдемесі де табысталды. Ал актрисаның туған жері, киелі Көкше өңірінен, Біржан сал ауданының әкімі Ермек Нұғманов арнайы келді. Жиын барысында актрисаға Біржан сал ауданының «№1 құрметті азаматы» атағы табысталды.
Роза Әшірбекованың мерейлі кешіне жиналған жұрт актрисаны сахнадан жібермей, ұзақ қошеметтеді. Құшағы гүлге, жанары қуанышқа, жүзі нұрға толған өнер адамы үшін бұдан артық бақыт та, байлық та болмасы анық.
«Қойылымнан алған әсерім ерекше. Роза Әшірбекқызын тағы бір жаңа қырынан көрдік. Жастармен қатар күліп-ойнап, басты рөлді абыроймен орындады. Оның драмада да, трагедияда да, комедияда да өз рөлін шебер сомдайтынын білеміз. Бүгін апамыз ерекше толқыныста болса да, айрықша сезіммен ойнап шықты. Өзім риза болдым. Бұл қойылымды көруге тағы келемін» деді көрермендердің бірі Сая Райымбек.
Біз Роза апамызға зор денсаулық, шығармашылық шабыт тілейміз!

Ақбота ҚУАТОВА

Ақпарат көзі: http://anatili.kazgazeta.kz/?p=48472

admin

About admin

  •  

Sitio web optimizado por: Posicionamiento en Google
Plugin Modo Mantenimiento patrocinado por: Wordpress modo mantenimiento