«ҰШҚЫШ БОЛҒЫМ КЕЛГЕН ЕДІ» – Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры

«ҰШҚЫШ БОЛҒЫМ КЕЛГЕН ЕДІ»

31.05.2018 | БАҚ жаңалықтары ЖАҢАЛЫҚТАР | 583 рет оқылды

55-1-900x_
Loading

Кезекті қойылымның дайындығы арасында «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иесі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Роза Әшірбекқызымен  небәрі бір жарым сағатқа созылған жедел сұхбатымыз жүрек тебірентер сырлы да, мұңлы сәттерге шолу іспетті болды. Бүгінде сексен жылдық мерейтойын атап өткелі отырған актрисаның сахна десе сәуле ойнап, жанып тұратын екі жанары бір сәт сағыныш жасына толып, мөлдіреген тамшылар енді-енді тостағаннан төгіліп барып… аппақ жүзін жуып өтті.

– Қайдағы жастық, қарағым, қанша өз бойыңды бекем ұстап, кәрілікке дес бермесең де уақыт өз дегенін орындайды екен ғой. Оның үстіне, тағдырым да оңай болмады. Тағдырына жазылған, маңдайына таңбаланған жазмыштан ешкім қашып құтыла алмайды. Бірақ қасиетіңнен айналайын сахна деген құдірет өнер деп соққан жүрегімдегі салмақтан арылтты, сол бір қиын, азапты күндерде қолдап-қолпаштап айналамда жүрген әріптестерімнің арқасында… Өзім де біреудің жалғызы болдым, әкемнің анасы – әжем марқұм қайыспайтын, қайратты кісі еді. Сол кісінің тәлім-тәрбиесінің жемісі болар, өзім де анау-мынауға сабырлылықпен қарайтын төзімді болып өстім. Әйтпесе, жастай қосылған ер-азаматымнан, одан кейін отыздан енді ғана асқан қызым мен азамат болып қалған жалғыз ұлымнан айырылған жылдарым, жанымды бірге ала кетер ме еді, кім білсін?!

Барша қазаққа Оқжетпес, Жұмбақ­тасымен әйгілі сұлу Көкшенің тумасымын. Табиғаты керім, көрікті өңір! Сәкен жырлаған сексен көлдің жағасындағы бұл ел өнер әлеміне талай перзент сыйлаған өлке! Көкшетаудың бұрынғы Еңбекшілер ауданы бүгінде Біржан сал атымен аталса, қазақ әнінің сол абыз ақсақалына жиендігім тағы бар. Әкемнің анасы Рахия әжем жағынан туыстығымыз тартылады. Ал нағашы атам Ахметқали аса сауатты, көкірегі ояу, тарихты терең білетін көзі ашық кісі болды. Өнерден де құралақан емес-тін. Біржан салға жақындығымызды да сол атамнан естіп білдік. Бертіс әулетінен тараған бес ұл – Ақшуақ, Байшуақ, Жаншуақ, Қожағұл мен Қожамқұл болса, Біржан Қожағұлдың ұлы Тұрлыбайдан, мен Қожағұлдың немересі Ахметқалидың туған қарындасы – Күлпаштан туғанмын. Осылай өз жағымнан, нағашы жағымнан да ағайын-туыс болып келеміз. Оның үстіне Көкшенің сұлу табиғаты, көңіліңді сергітер таза, мөлдір ауасы өнерді сүюге, құмар болуға икемдейтіні де ақиқат. Туған жердің көрікті болуы – көркемдікке апарар даңғыл жол. Өзім кіндік қаным тамған осынау керім өлкенің аяулы көріністерін көңілге түйіп, жүрекке сыйдырып өскендіктен болар, ойламаған жерден өнер өлкесіне сүңгіп кеттім…

– Ойламаған жерден дейсіз бе?

– Біздің балалық шағымыз соғыс, қанды майдан деген тіркестермен байланысты. Жеңіс дегеннің түп-тамырын терең түсінбесек те, сұрапыл бір майданның болғанын, онда талай ер-азаматтардың ажал құшып, біздің өлкеде де талай шаңырақ иесіз, қаңырап қалғанын бала болсақ та үлкендердің әңгімелерінен ұғып өскен ұрпақпыз. Олардың азалы жүздерін жуған жастары балғын жүрегімізде мәңгі қалып қойды десем, артық айтқандық емес. Өйткені әкем майданға кеткенде үш-ақ жаста екенмін. Бейнесі еміс-еміс көз алдымда қалып қойған әкеге деген сағыныш бала жүрегімді арагідік сыздатып қоятыны бар. Тіпті, әлі күнге дейін әкесі барларға қызыға да, қызғана қарайтын жайымды жасырмаймын. Ал қазақ әйелдерінің төзімділігі, шыдамдылығы, қайраттылығы ер-азаматтардан да берік пе деп қаламын. Анам марқұм төрт баламен жалғыз қалып, жап-жас қалпында жесір атанып, бірақ соған мойымай, үш ұлы мен мені мәпелеп, ер жеткізді.

Қазіргідей жаппай жаһандану, технологияның жылдам дамып кеткеніндей емес, ол заманның идеологиясы – экраннан беріліп жататын кинолар. Тіпті, мәдениет, кино үйлері де жоқ, дала экранынан көретініміздің барлығы – соғыс туралы, майдан жайлы кинолар. Әлия мен Мәншүктей болғымыз келеді. Олардың батырлығы бала болсақ та қанымызды қыздырып, делебемізді қоздырады. Тезірек бойжеткіміз, ер жеткіміз келеді. Сондай күндердің бірінде екі аяғы жоқ ұшқыш жайында кино көрдік. Оның бойындағы отанға, туған жерге деген перзенттік махаббат, қайсарлығы, ерлігі кімді де болса бейжай қалдырмады. Осы кинолентадан кейін, тіпті, менің де ұшқыш болғым келген. Бертінге дейін санамдағы осы бір жұмбақ та қиын мамандыққа деген қызығушылық, құмарлық бой бермей жүрді. Бірақ бала – қиял, бала – арман болып қалып қойды.

Біздің әулет есеп-қисапқа бейім білем. Сондықтан он жылдықты бітірген соң, 1956 жылы әкемнің туған қарындасы Мағрипа тәтем мен Қабылан жездемнің ақылымен Қазақ педагогика институтының физика-математика факультетіне оқуға түстім. Шын қалап тұрмасам да, қыз балаға оқу керек. Үлкен қала, мәдени орта, студенттік орта… бәрі қызық, бәрі жақсы-ақ, бірақ өнер деген тұңғиық өзіне тарта береді. Институттың драма үйірмелеріне қатысамын. Домбыра шертемін. Кейін домбыраны қойып, бірыңғай пьесаларда ойнай бастадым. Қала берсе театрға барамыз. 60-70 жылдардың қыз-жігіттері әлі ұмыта қойған жоқ, ол кезде театрға билет деген тым тапшы. Гүлдің орнына спектакльге билет сыйлау әбестік емес. Ол ол ма, соншалықты бағалы, қымбат сыйлық ретінде қабылдайды қыздар. Күләштің – Қыз Жібегі мен Байғали Досымжановтың Төлегенін бірнеше қайтара тыңдаған кездеріміз де болды. Сөйтіп жүріп бірінші курсты бітіріп, ауылға демалысқа келдім. Біздің жақта Алтыбақан дегеніңіз ерекше қызықты сауық болып саналады, күндіз кітапханаға барамыз, кешке қарай ауыл сыртындағы Алтыбақанға жиналамыз. Ән айтылады. Әңгіме-дүкен құрамыз. Бір күні газет-жорнал қарап отырып, Алматыда М.Әуезов атындағы академиялық театр жанынан актерлік студия ашылғаны жайлы хабарлама көзіме оттай басылды. Өмірімде тұңғыш рет «Алматыға картоп жинауға шақырып жатыр» деп, өтірік айтып, әжем мен анамды алдап, қалаға тартып кеттім. Қабылдау бітіп, қабылданғандар шынымен де колхозға жұмысқа кетіп қалыпты. Бөлмедегі үш кісінің жүздері таныс: Ә.Мәмбетов, Х.Бөкеева мен Қ.Қуанышбаев. «Қабылдау бітіп қалды, келесі жылы келерсің» дегендей, көздерімен мені селқос шолып өтті. Бір орнымда қаттым да қалдым. Не алға, не артқа жүре алар емеспін, аяғым көтертпейді. Өңім де бұзылып кеткен болуы керек, әлгі кісілердің өңі жіби бастады. «Актриса болғың келсе, студияға келіп, сабақтарға қатысып жүр. Бірақ оқуыңды тастама» дегенді айтты. Қайдағы оқу, өнер деп соққан жүректің әмірі ҚазПИ-ге, тіпті құжаттарымды алуға да жібермеді ғой. Солай, екінші курстың екінші семестрінде-ақ Мәмбетов студиясына ауысып тындым… Ә.Молдабеков, Е.Жайсаңбаев, Ж.Омаров, А.Сәлімбаев, А.Тайғаринова, О.Дүйсенов, З.Ысқақова, Ш.Жүнісов, Б.Имашева, С.Қожақова сынды бүгінде қазақ халқына, қазақ көрермендеріне жақсы таныс өнерлі топ сол студияның алғашқы түлектері едік. Бір үйдің балаларындай тату болдық, қайда барсақ та бірге жүрдік.

– Содан олар академиялық, ал сіз Жастар театрына қызметке келдіңіз. Уақыт шіркін жылжып барады…

– Иә, сол алпысыншы жылдың түлектері тегіс қаладағы екі театрға қызметке орналастық. Одан кейінгі өмірімнің бәрі осы театрмен тығыз байланысты. Екінші үйім. Өз таңдауым.

Жолдасым Баян Бәсібеков – ауылшаруашылығы ғылымының докторы, профессор болса да өнерге құмар еді. Әсіресе, операны жанындай сүйді. Кез келген классикалық шығармалардан ария орындағанда, тіпті, өзім таңғалатынмын. Домбыраға әуес-тін, ақындардың өлеңдерін жатқа оқитын. Осы қасиетімен жас актрисаның бос жүрегін жаулап алды. Өйткені мен ойнаған спектакльдердің барлығын дерлік көріп шықты, қайталап көре беретін. Бойындағы өнерге деген құштарлығы болар, театрға жиі келіп жүріп, маған көзі түскен ғой. Саратовта институт бітіріп, Алматыға аспирантураға келген беті екен. Ескі театр Қабанбай мен Наурызбай батыр көшелерінің қиылысында болды да, студияның соңғы курсын соған жақын жердегі Фарида Шәріпованың үйінде жатып оқыдым. Бірнеше рет спектакльден соң үйге дейін шығарып салды. Сөйтіп, 1961 жылы қоңыр күзде отау құрдық. Келесі жылы Бақтияр өмірге келді. Араға жеті-сегіз жыл салып қызымыз Әлия дүние есігін ашты. Екеуі де енді-енді оңы мен солын танып, өз қолдары өз ауыздарына жетіп қалған шағында құлындарымнан айырылып қалдым… Баламен үйде отырып қалсам, өнерден қол үзіп кетемін деген іштегі қорқыныш осылай өзекті өртеген өкініш болып шыға келді.

Өзімізге шығармашылығы жақсы таныс болса да, актрисаны осынау ауыр да қиын ойлардан арылтқымыз келіп, әңгімені өнеріне қарай бұруға тырыстық.

– Роза апай, әңгімені бүгінгі дайындық, қойылымға қарай бұрсақ. Өзіңіз айтпақшы, уақыт деген тағы бар…

– Иә, айналайын, әлгінде өзің айтқан «сексен жасқа келгенге ұқсамайсыз» дегеніңе байланысты әңгіме ақтарылып кетті. Тағдырдың жаныма салған жарасын, шын мәнінде, осы қасиетті сахна ғана жеңілдетті дегенді айтайын дегенім ғой. Өткенді бір сәт еске алып тұрған да жақсы қасиет. Сол күндерге деген сағыныш мұңлылау болғанымен адам баласын ширата түсетін де қасиеті бар. Мұңнан қашпау керек, пәни өмір сонысымен де қымбат, қадірлі. Сағына отырып көзіңе жас аласың, жылап отырып қуанатын сәттерің де аз болмайды. Өйткені ол – өз өмірің, өзің ғой. Пенде өзінен қалай қашып құтылмақ, сондықтан да өткенге саяхат жасап отырудан қашпаған абзал.

Менің тұстастарымның көпшілігі оқыған М.Әуезов атындағы академиялық драма театры жанынан ашылған, қазақтың қайталанбас перзенті Ә.Мәмбетов іргесін қалаған екі жылдық студияны бітіріп, осы Жастар театрынан өмір жолым – өнер жолым басталды. Содан бері осынау киелі сахнада талай марқасқалармен иық тіресе қызмет етіп келемін. Биылғы жыл өзім үшін айтулы жыл болғалы тұр. Осынау жылдар ішінде қазақ әдебиеті мен мәдениетіне өшпес мұра қалдырған жазушылардың талай шығармаларын сахналадық. Сол еңбегімді бағалап, сексен жылдығыма жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаев «Енелер мен келіндер» деген драма жазып, оны театрымыздың жас режиссері Ержан Қауланов қойғалы жатыр. Сұлтанәлі ғажайып лирик-драматург. «Ең әдемі келіншек», «Қыз жиырмаға толғандасын» қалың көрермен аса жоғары бағалады. Жазу стилі, жанры өзгеше. Жалпы, театрдың азығы – драматургия ғой. Жаңа драманың дайындығымен жүгіріп жүрміз. Ененің рөліндемін, ал келінім – Айгүл Иманбаева! Өте талантты актриса. Еңбекқор! Өз басым жасап жатқан тірліктеріне үнемі тілеулес болып, амандығын тілеп жүремін. Біздің «Енелер мен келіндеріміз» жақсы болып шығарына сенімдімін. Шыны керек, қазақ келіндерінің ибасы, имандылығы, өкінішке қарай, жоғалып барады. Келіндер өзінің келіндік қасиеттерін білсе екен, ұлттық үрдісіміз үзіліп қалмаса екен деген мақсат! Пьесада да ене мен келін шарт-шұрт болып қалады да, артынша татуласып жатады. Шиыршық атқан оқиға. Маусым айының орта тұсында сахналанып қалар деген үміттеміз. Директорымыз Сәбит Әбдіхалықов, бас режиссер Еркін Жуасбеков, бәрімізде сол спектакль көрермен көңілінен шықса деген тілеудің үстіндеміз.

– Жастар театры десе, көрерменнің көз алдына Әмина апамыз Өмірзақова, Қасым Жәкібаев келетіні даусыз.

– Иә, ол рас. Біздің алдымыздағы толқын – М.Құланбаев, С.Саттарова, Ә.Өмірзақова, Ж.Бектасова, А.Мәмбетова, Б.Қалтаев, Қ.Жәкібаев, менің замандастарым А.Кенжеков, С.Есенқұлов, бәрі о дүниелік болып кетті ғой. Әрқайсысы сайдың тасындай, өнер десе жанарлары шоқ болып жанып тұратын жүректі азаматтар еді. Олар жайлы таңды таңға ұрып, сыр-естелік айтуға болар еді, әрине, уақыт дегенге бағынып қалған заман қазір. Десек те, өнер десе ішкен асын жерге қоятын халық барда, қазақ халқы барда олардың есімдері мен өнердегі жолдары ұмытылмақ емес! Бізге де, бізден кейінгілерге де олардың жүріп өткен жолдары тәлім-тәрбие, өнеге. Сол әдемі үрдіс әлі үзілген жоқ, үзілмейді. Театр ақтаңгерлері салып берген сара жолмен келе жатырмыз. Өзімнен кейінгі Г.Қазақбаева, Л.Кәденова, Р.Халиолдина, Ш.Сіргебаева сынды сахналас-әріптестерім де жандары қалмай, жанкүйер болып жүр.

Театрымызда жиырма жылға таяу директор болған Жанысбаева Гүлжаһанның тұсында қызметке келдім. Өте іскер, талғампаз,тиянақты басшы еді. Ол театрға тек таланттыларды ғана қабылдап қоймай, сонымен қатар қазақ әдебиетінің классигі Ғ.Мүсірепов, көрнекті кинорежиссер һәм актер Ш.Айманов сияқты өнерге жан-тәнімен берілген, бүгінде аттары аңызға айналған саңлақтарды театр тірлігіне кеңінен пайдаланып, ақыл-кеңестеріне тиянақты құлақ түріп жүретін. Тіпті, шетелдік режиссерлерді де көптеп тартып, шығармашылық деңгейімізді байытуға білек сыбана кірісетін. Академиялық драма театры қойған «Ақан сері-Ақтоқты» , «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қыз Жібек» секілді қойылымдар да осы жылдары біздің театр репертуарынан берік орын алды. Еліміздің мәдениетін басқарған министр Ілияс Омаровтың өзі қойылымдардан қалмайтын,  үнемі бақылауына алып, өз көзқарасы мен пікірлерін ашық айтып отырушы еді. Одан кейінгі жылдардағы өсіп-өркендегеніміз – Райымбек Сейтметовтің тұсы дер едім. Өзі актер, өзі режиссер, бесаспап азамат еді. Басыма қиын-қыстау іс түскен жылдары демеу жасап, қамқорлық көрсеткенін қалай ұмытайын?! Күннің көзін ұмытуға жақын қалған мені қараңғы қапастан алып шыққан білімді де, білікті азаматты айтпай кетуге қақым жоқ. Талай актрисаның арманына айналған А.П. Чеховтың «Шағаласындағы» Аркадинасын маған ұсынып, сахнаға қайта алып шықты. Ол заманда Мәскеудің өзінде Чехов шығармалары енді-енді сахналана бастаған кез. Мажурин деген режиссер қойды. Маған, әрине, оңай тиген жоқ. Басыма түскен ауыртпалықтан арыла алмай, делсал болып жүрген шағым. Бірақ соңында бәрі жақсы боп шықты. Ұстазым Бағыбек Құндақбаев спектакльден кейін: «Роза, сен қазақтың тұңғыш Аркадинасысың»,– деп риза болғаны бар.

– Роза апай, сіздің тамырыңыз осы театрмен бірге соғып келе жатқанынан көзіқарақты көрермен хабардар. Сонда да болса, жаныңызға ең жақын рөлдеріңіз жайлы өз аузыңыздан тағы бір мәрте естісек деймін…

– Ең алғашқы рөлім – Ш.Құсайыновтың «Рәбиға» спектакліндегі Рәбиға рөлі. Бұл рөлді ойнайтын актрисаның аяғы ауыр болуына байланысты, 15-маусымның ашылуына менің шығуыма тура келген еді. Жиырмаға енді ғана толған кезім, жауапкершілік жоғары. Алда – бір-ақ апта! Сөйтіп, тұңғыш рет сахна саңлақтары Сәлима Саттарова, Байділдә Қалтаев, Әмина Өмірзақовамен партнер болдым. Шынымды айтсам, қалай ойнап, сахнада қалай жүріп-тұрғанымды да білмеймін. Әйтеуір, бәрі шулап құттықтап, қуанып жатыр. Сәлима Саттарова – рухани анам болды, өмірбақи қызым деп, атымды атамай өтті. Әмина апам «сестренкам» дейтін-ді. Несін айтасың, бүгінде бәрі сағым-сағынышқа айналды ғой…

Одан кейінгі «Қаракөз-қарындасым» (авторлары Б.Тәжібаев, Ж.Жұмаханов) соғыс жылдарындағы оқиғаға құрылған. Музыкасын жазған – Нұрғиса Тілендиев. С.Мұқановтың «Мөлдір махаббатында» – Бәтес, «Ботагөзінде» – Ботагөз, Т.Ахтановтың «Махаббат мұңындағы» – Ләззат өте сәтті шыққан образдарым деп ойлаймын. Ақын қыз Ләззат – қалың көрерменге жақсы танытқан рөлім болды. Б.Майлиннің «Шұғасында» – Шұға, Ш.Айтматовтың «Арманым Әселімде» – Хадиша, «Бетпе-бетте» – Сейде, М.Кәрімнің «Ай тұтылған түнінде» – Шафақ, Ә.Тәжібаевтың «Монологтарында» – Мәншүк, Т.Әбдіктің – «Біз үшеу едік» драмасында Дариға, С.Жүністің – «Қос Анарында» – Ақбөпе, Ш.Уәлихановтың «Тағдырында» – Ұлбала, О.Бөкейдің «Атау-Кересінде» – Нүрке ана, С.Балғабаевтың «Ең алғашқы Жаңа жылында» – әже рөлдері, Ә.Оразбековтің «Бір түп алма ағашындағы» – Дәметкен ана бейнесі, әрине, түрлі тағдыр, түрлі мінезді болса да жаныма жақын образдар дер едім. Әсіресе, «Біз үшеу едікте» Райымбек – Мұратты, Пірімжаров – Өмірбекті, мен – Дариғаны ойнадым, бар болғаны осы үшеудің арасындағы оқиға. Ғажайып шықты!

Шетел классиктерінің, Мольердің «Скапеннің айласында» – Глецинте, Б.Брехттің «Әйдік апайында» – Иветта, Брунштейннің «Том ағайдың лашығында» – Бала, Шекспирдің «Гамлетінде» – Гертруда, Островскийдің «Адам аласы ішінде» спектакліндегі Мамаева ханым образдары осы күнге дейін жағымды пікір қалыптастырған образдар. Қайсыбір жылы Шәкен Айманов М.Әуезовтің «Жас Абайын» сахналады да, Тоғжанды сомдадым. Солай, алғашқы Г.И. Вайсман, Г.Жанысбаева, С.Тұрлымұратов, Р.Сейті­метов, Д.Жолжақсынов, Т.Мейрамов, Т.Теме­нов басшылық жасаған кездерден басталған үрдісті бүгінгі басшылық та әдемі жалғастырып келеді.

– Кешіріңіз, жалғыздан қалған жалғызды атасының атымен Баян деп қойдым дедіңіз… Баян Бақтиярқызы атасының, әлде әжесінің жолын қуды ма? Ауыр да болса бір сұрақ қойғым келіп отыр, қызыңыз тұрмысқы шықпай өмірден өтті дедіңіз. Ал ұлыңыз Бақтиярдың келіншегі, келініңіз жайлы бір ауыз сөз естісем деймін…

– Ұлымның асын берген соң, бір жылдан кейін келініме рұқсатымды бердім. Бірақ тұрмысқа шықпады. Ене мен келін жалғыз Баянымызды дертке қуат етіп, соның амандығын тілеп, бірге тәрбиелеп өсірдік. Бүгінде келінім де ене, ол немерелі, ал мен шөберелі әжемін. Шүкіршілік!

Роза апайдың даусына діріл араласты. Сексеннің сеңгіріне шыққалы отырған талантты, танымал актрисаның көңіл күйін біржола бұзып алмайын деген оймен шұғыл қоштастым. Көңілімнің түкпіріндегі ащы күрсініс өзіммен бірге ілесе кетті…

 

Әңгімелескен

Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ

Ақпарат көзі: https://turkystan.kz/article/61499-sh-ysh-bol-ym-kelgen-edi

admin

About admin

  •  

Sitio web optimizado por: Posicionamiento en Google
Plugin Modo Mantenimiento patrocinado por: Wordpress modo mantenimiento