«АЛТЫН САҚА» ФЕСТИВАЛІ ӨТІП ЖАТЫР – Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры

«АЛТЫН САҚА» ФЕСТИВАЛІ ӨТІП ЖАТЫР

30.03.2018 | БАҚ жаңалықтары ЖАҢАЛЫҚТАР | 901 рет оқылды

dsc_5039-780x405
Loading

Балнұр АХМЕТ

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Алтын сақа» атты жаңа қойылымдар фестивалі өтіп жатыр. Өнер ордасы жыл сайын ұйымдастыратын бұл фестивальде соңғы бір жылда көрермен назарына ұсынылған үздік қойылымдар мен өнерімен өрге жүзген өнерпаздар анықталатын болады.

Биылғы фестиваль репертуарында «Сең», «Аққулар ұйықтағанда…», «Жусан иісі», «Шыңырау», «Жаңа жылдық бәйше­шек», «Базарың тарқамасын» қойылым­дары бар. Халықаралық театр күніне орай ұйымдастырылған өнер байқауында «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шығатын үздіктер «Үздік режиссер», «Жыл актері», «Жыл актрисасы», «Үздік ер адам бейнесі үшін», «Үздік әйел адам бейнесі үшін»,  «Екінші қатардағы үздік ер бейнесі үшін», «Екінші қатардағы үздік әйел бейнесі үшін», «Эпизодтық рөлдегі ер адам бейнесі», «Эпизодтық рөлдегі әйел адам бейнесі», «Театр үміті» аталымдары бойынша мара­пат­талады. Үздіктерді анықтайтын қазылар алқасының құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Дариға Тұранқұлова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлия Бөпежанова, өнертану ғылымының кандидаты, доцент Бақыт Нұрпейіс бар.

Театр директоры Сәбит Әбдіқалықов өз сөзінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған бұл өнер мерекесінің негізгі мақсаты – соңғы бір жылдағы әртістердің еңбегін бағалау, құнды­лығы терең жаңа қойылымдарды халыққа таныту екендігін атап өтті. Сондай-ақ, театр басшысы биыл фестиваль аясында Алматы қаласы мен Алматы облысы мектептерінің бастауыш сынып оқушылары арасында «Менің сүйікті кейіпкерім» атты сурет салудан байқау өткі­зілгенін тілге тиек етті. Байқаудың шарты бойынша сүйікті спектакльдің кейіп­керін салған қатысушылар 31 нау­рызда өтетін фестивальдің жабылу салта­натында марапатталатын болады.

Дәстүрге айналған өнер байқауының шымылдығы жазушы Әбдіжәміл Нұрпейі­совтің «Парыз» романының желісі бойынша сахналанған «Сең» спектаклімен ашылды. Арал тағдыры мен адам тағдыры ара­сындағы арпалыс… Махаббат пен ғадауат қатар өрілген шығарма – Арал тағдырына, жалпы табиғат-анаға ақыл-ғылыммен емес, махаббатпен қарауға шақырады. Қойы­лымда табиғат пен пәндәуи тіршіліктің тартысындағы таразы теңсіздігі айқын көрінеді. Заман талабына сай сахналанған бұл шығарма өз көрермендерін ойлан­дырмай қоймайды. Байғали Есеналиевтің «Базарың тарқама­сын» музыкалық драма­сы «Қоян­ды» жәрмеңкесінің қайнаған базарынан бір үзік сыр шертеді. Ұлттық рухани жаңғыру, салт-дәстүрлерімізді заманымызға лайық жаңаша әспеттеуге үлес қосуды көздеген қара шаңырақ қазақ­тың сал-серілері мен ақын-жыршылары, батыр-балуандары өнер көрсеткен «дала театрын» қайтадан жаңғыртпақшы. Н.Ораз­­­дың «Аққулар ұйық­тағанда…» атты драмасы адамзаттық құн­дылықтар туралы хикаяласа, С.Мұратбековтің «Жусан  иісі» драмасы балғын шақта жүрекке жазылмас жара салған соғыс зардабы, ауылдағы балалық шақ туралы баяндайды. Жазушы Максим Горькийдің «Шыңырау» драмасы да көрерменді өмірдегі тынымсыз тіршілік, адамзат пен ақиқат туралы ой теңізіне батырады, өмірге ақыл көзімен қарауға ұмтылдырады, жас ұрпаққа жақсылық пен жамандықты ажырата білуді үйретеді. Ал С.Маршактың «Жаңа жылдық бәйшешек» («Он екі ай») музы­калық ертегісі көңілі кіршіксіз кішкентай көрермендерге өмірде армандар ақиқатқа айналатындығы туралы әңгімелейді.

Ақпарат көзі: http://almaty-akshamy.kz/%D0%B0%D0%BB%D1%82%D1%8B%D0%BD-%D1%81%D0%B0%D2%9B%D0%B0-%D1%84%D0%B5%D1%81%D1%82%D0%B8%D0%B2%D0%B0%D0%BB%D1%96-%D3%A9%D1%82%D1%96%D0%BF-%D0%B6%D0%B0%D1%82%D1%8B%D1%80/

admin

About admin

  •  

Sitio web optimizado por: Posicionamiento en Google
Plugin Modo Mantenimiento patrocinado por: Plugin WordPress Maintenance