Мұз үстіндегі махаббат – Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры

Мұз үстіндегі махаббат

30.11.2017 | БАҚ жаңалықтары ЖАҢАЛЫҚТАР | 321 рет оқылды

1511936950_article_b_1500_
Loading

Сахнаға салтанатты реңк сыйлайтын драма театрлары­ның қызыл­күрең дүрия яки масаты шымылдығы ауыр қоз­ғалып ашыла баста­ған­да, селт еткізетін тың туын­­ды күтіп отырған кө­ңі­ліңді көп жағдайда жеңіл дүниенің даңға­за­сы жайлап ала жөне­леді. Ойлану­ға мұрша бермей­ді. Ойлану­дың қажеті де жоқ – жалт-жұлт оқи­ғалардың жете­­гінен қа­лып қоймай желпініп оты­руға жара­саң, болды.
Теледидар аз болғандай, енді театр қалып па еді күңкілдесең де, «бүгін­гі көрерменге керегі осы» болған соң екі сағатқа жуық уақыт мюзикл мен ко­ме­дияның арасындағы белгілі режиссердің бел­гісіз жанрға құрылған кезекті туын­дысын тапжылмай отырып көруге мін­деттісің. Мұндай көрініс, әсіресе жас­­тар театрларына тән. Қалыпты жайға айналғаны сондай, репертуардан сирек көріне бастаған ел тағдыры, жер киесі, отаншылдық сезімді оятатын биік ойға негізделген авангард идеяны жас режиссер Сырым Асқаров Ғ.Мүсірепов атындағы Жастар театрының сахнасына әкелгенде, әуелде тосырқай қабылдадық.

Арнайы драматургиялық жанрда жазылған да­йын пьеса да емес, классик жазушы Әбдіжәмил Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романының инсценировкасымен «Сең» атты спектакль қойған Сырымның бұл әрекетін сонда да болса «көрерменнің жетегінде кетпеуді» ойлаған, азаматтық көзқарасын айғайлап айтқысы келген саналы қадамы ретінде пайымдадық. Өйткені репертуарының тең жартысынан астамы жастарға арналған тақырыптардан тұратын ТЮЗ-дың сахнасында, Дулат Исабеков айтқандай, сөз саптауының өзі қатал кірпияздықпен жазылған «Соңғы парызды» спектакль етіп қоймақ түгілі, оқып шығудың өзі оңай емес.

Хош, сонымен Арал тағдыры мен адам тағдыры арасындағы арпалысты желі етіп, махаббат пен ғадауат қатар өріл­ген шығарманың шыңы – Арал тағд­ырына, жалпы табиғат-анаға ақыл-ғылым­мен емес, махаббатпен қарауға шақы­рады. Ғалымдардың пайымынша, тарихта төрт рет тартылып, төрт рет қайта толған Аралдың басындағы қасірет пен ғылыми-техникалық прогресс тонап бітіруге айналған адами қа­сиет­тердің жұтаңдығы өте ұқсас. Спек­такльде табиғат экологиясы деген идея тек сыртқы фабула ретінде ғана алын­ған, әңгіменің үлкені – адам жаны эколо­гиясының бұзылғандығында.

Романдағы алуан қырлы кейіпкерлер сахнада мейлінше шағындала келіп, санаулы образбен Әзім – Бәкизат – Жәдігер үшеуінің төңірегіне топтасқан. Қойылымда Арал-шал – Еділ Рамазанов, Сары шал – Кәдірбек Демесінов, Жәдігер­дің анасы – Лидия Кәденова, баласы – Динара Нұрболат, Сары Иван – Жомарт Зейнәбіл, Ақжігіт – Тұрсын Құралиев сияқты драманы өрістететін үлкен-кіші кейіпкерлер бар. Бірақ бүкіл оқиға осы үш адамның төңірегінде өрбиді. Өйткені бұл үшеу – жер бетіндегі бүкіл адамның сахнаға ұшып түскен себезгі сәулесі.

Адам жанының қалтарысы қандай қатпарлы! Зер салып қарасақ, үшеуі де адасып жүрген адамдар. Өзін-өзі таба алмай жүрген адамдар. Күйеуі Жәдігер мен сүйгені Әзімнің ортасында не істерін білмей аласұрған Бәкизатты кінәлауға кімнің дәті барар? Аралымен кіндігі байланып, ата қонысын қимай, балықшы бабаларының аманатына адалдық танытып, туған жерін тастай алмағаны үшін Жәдігерді жек көруге бола ма? О баста еті тірі, өмірге икемді Әзімді құлай сүйгенімен жауапсыз махаббаттан жалыққан Бәкизат амалсыз жаратылысы бөлек Жәдігермен тағдыр қосып, ақ некелі жарына айналса да, адалдық пен адамдықты биік қойған күйеуіне көңілі бәрібір жібімегені үшін, ақыры соңынан еріп, етегінен ұстағаны үшін Әзім жазықты емес қой? Руслан Ахметов (Жәдігер), Толқын Нұрбекова (Бәкизат) және Данияр Базарқұлов (Әзім) сынды актерлер мынау жарық дүниеде жұмыр басты пенде кешуі мүмкін құқайдың бәрін көрерменнің көз алдында қопарды да тастады.

«Махаббат үшбұрышының» бойында өзі күткен үміттің жетегінде өмір сүріп жүрген үшеудің тірлігі мына өмірде төрт құбыласы түгел, армансыз адамның болмайтынын айна-қате­сіз айтып тұр. Жан-жүрегіңмен аялап сүймесең, тағылық танытып таптап өтсең, табиғат сырқатқа ұшырайды. Сол секілді отбасыны махаббатпен құрма­саң, ол жерге бақыт келеді деп күту­д­ің қажеті жоқ. Адам мен табиғат ара­сын­дағы үйлесімді режиссер ғажап аллего­риямен байланыстырады. Арал өз-өзінен тартылып бара жатқан жоқ, ол адам қолымен жасалып жатыр.

Режиссер спектакль шешіміне «Аралдың тартылуы – адамның ар-ожданының тартылуы» деген символдық мағынаны сыйғызған. Мысалы, Жәдігер мен Бәки­заттың жалғыз баласының ақыл-есі кем, ауру. Сырт қарағанда тартылып бара жатқан Аралдың апатынан ауру болып туған секілді, шын мәнінде, сүймеген жандардың сезімінен жаралған баланың дімкәс болып тууына Жәдігер мен Бәки­зат­тан басқа ешкім де кінәлі емес. Тір­лік­тің заңы біреу-ақ – не нәрсенің де өзе­гіне сүйіспеншілік сіңбесе, ол ешқа­шан өзіне де, өзгеге де қуаныш сый­ла­ма­й­ды. Келіп тұрған қуаныштың қай­ғым­ен алмаса салуы қиын емес. Әр кейіп­кердің ішіне қорықпай үңіліп, ішіне жасырған шындығын суырып алып, айдай әлемге жалаңаштап көрсеткен режиссер жас көрерменге махаббаттың сүйенер жалғыз күші адалдықта екенін айтады.

1511936841__982b712e6b675a7d502bbaa865780926

Режиссер «Адамның менмендігі, өзімшілдігі, тұтынушылық талабы дәл осы қарқынмен өсе берсе, оның ақыры өзін ғана емес, тұтас табиғаттың тағды­рын, адамзат қауымын апатты жағ­дайға алып келеді» деген ойға меңзей­ді. Жас ре­жиссердің үлкен театрдың сахна­сын­дағы тырнақалды дербес туындысы бол­са да, ажал аузында жатқан теңіз­дің азалы реквиемі сияқты жазылып, қазақ әдебиетінің айбынын асқақ­татқан «Соң­ғы парыздың» авторы Ә.Нұр­пейі­сов­тің романындағы түпкі идеяны тап басып танып, соңына дейін жүлгесін бұз­бай алып шыққаны – үлкен ізденіс нәтижесі.

Спектакльдің «Сең» деп аталуының өзі образды ойдан туған. Белгілі театр суретшісі Есенгелді Тұяқов сахнаға декорация құрғанда «минимум» деген қағидаға сүйенгені көрінеді. Сахнада басы артық бутафория бұйымы жоқ, ағыс, жел әсерімен тұтас теңізден ойылып түскен үш түйір сең ғана жатыр. Сең – мұз сынығы болса, оның үстін­дегі өмірден мән таба алмай, бірде табы­сып, бірде кетісіп арпалысып жүрген бақытсыз үшеу де тіршіліктен, өз тұл­ғасынан тұтастық таба алмай шытынап түскен тағдыр сынықтары. Сең үстін­дегі сюжет соншалықты шынайы. Екі еркек­тің ортасында қақпақыл болып жү­рген Бәкизаттың махаббаты соңғы рет мұз бетінде сынға түседі. Спектакльдің шарықтау шегінде үш тағдыр бір сеңнің үстінде қалып, өліммен бетпе-бет кездес­кенде, Бәкизаттың осы уақытқа дейін жанын үзіп беруге әзір болған Әзім­нің зұлымдығын, ал жек көріп келген Жәдігердің қымбат адам екенін түсінетіні ит өмірде арпалысып жүріп, кімнің адал, кімнің залым екенін тани алмай өтетін пенденің дәрменсіздігін тағы бір еске салады. Әрине, Кеңшілік ақын жырлағандай, «ғашықтар жылап қалды деп, дүние құлап қалмайды», тіршілік жалғасады. Жалғасқаны сол, Арал-шал жуан білегіне ораған алты құлаш арқанымен елдің, жердің сахналық белгісіндей болып бір бұрышта тұрған кішкентай ғана «алып» кемені қара нар күшпен шіреніп, атырапты бетке ала алға сүйреп барады. Өркениет өзекке тепсе де, оның керуенінен елдің көші қалмайды, ілесе береді…

Бұл қойылымның өзектілігі неде? «Ойбай, жұрттың көңілі пәс, олардың көңілін көтеру керек» деп күлдіру немесе «адам азып, заман тозып барады» деп жылату мақсат етіп қойылмағаны анық. Спектакльден кейін көрермен алдына шығып режиссер мен актерлер жұмысына баға берген Дулат Исабеков пайымды ойын: «Күрделі романды сахнаға шығару және ішіндегі оқиғаларды теріп-теріп алып сахналық әдебиет жасау екінің бірінің қолынан келмейді. Театрға Мулен Руждар емес, осындай ұлттық проблеманы көтерген дүниелер керек. Бұл жекелеген ұлттың қасіреті болғанымен, тұтас адамзаттың мәселесі.

Асқан шыдамдылық танытып, қайта-қайта оқып барып түсінуді қажет ететін романның сахнада сәтті қойылуымен режиссерге ғана емес, театр ұжымына құтты болсын айтамын» деп түйіндеді. «Соңғы парыз» Әбдіжәмил ағамыздың Аралмен арыздасуы еді, арыздаса отырып, адамзатты рухани апаттан сақтандыруға шақыр­ған болашаққа жазып кеткен сәлем­деме хатын көркем шежіреге айналдырып, көрерменге ұсынылғанын Жастар театрының жаңа маусымдағы жаңалығы деп қабылдадық.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ

Ақпарат көзі: https://egemen.kz/article/161896-muz-ustindegi-makhabbat

admin

About admin

  •  

Sitio web optimizado por: Diseño Web
Plugin Modo Mantenimiento patrocinado por: Wordpress modo mantenimiento