Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

70-ші маусым – жаңалықтар маусымы

«Адам бүгін театрға ертең адам болып қалу үшін барады»

Робер Лепаж

     Қаланың у-шуы мен қым-қуыт тіршіліктен жалыққанда, миыңды тынықтырып, жаныңды тазалағың келетін кездер әр адамда болатын шығар. Ондай кезде тып-тыныш, жалғыз өзің көз көрмес, құлақ естімес жаққа кетіп қалғың келеді. Бірақ ол мүмкін емес екенін ұғасың да, басқа жолын есіңе түсіресің. Менде сол кезде бір-ақ таңдау тұрады. Ол – театр! Қойылымды алдыңғы қатарлардың біріне отырып алып, актерлардың эмоциясымен қоса тамашалағанды жаным сүйеді. Ең алғаш аттаған театрым болғандықтан шығар, бір бүйрегім Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрына бұрып тұратынын жасырмаймын. Ендігі сөзімде сәл өткенге көз салып, сол театрдың бір жылдағы тыныс-тіршілігіне шолу жасасам деп отырмын…

Театрсүйер көрерменнің есінде болса, кеше ғана  тарих қойнауына енген  70-ші маусымның шымылдығы қос бірдей жаңа қойылыммен ашылған болатын. Шынайы өнерді сағынған жұртшылық – бұл жаңалықты қуанышпен күткені анық. Өткен жылдың 14 қазанына белгіленген қос премьера – балаларға арналған Е.Әбдірешовтің «Алтын мүйізді киік» ертегісі мен М.Ахмановтың «Райымбек! Райымбек!» поэтикалық дастаны. Премьераның алғашқысы күндіз кішкентай бүлдіршіндерге жол тартып, олардың таным-түсінігіне ықпал ете алған қойылым болды деп ойлаймын.

Ал, Қазақ хандығының 550 жылдығына тарту ретінде, ақиық ақын М.Мақатаевтың «Райымбек! Райымбек!» поэтикалық дастанын сахнада сөйлеткен қойылым – қазақ халқының басынан өткен нәубетті көрсетіп, көзімізге жас алдырғаны рас. Көпшіліктің көңілінен шыққан бұл қойылымдар – маусым бойы көзіқарақты көрерменге жол тартып отырды.

Осылайша, ыстық ықылас, құрмет-қошеметпен жаңа маусымның шымылдығы түрілді.

Бұл театрдың басқа театрлардан ерекшелігі – қойылымдарының басым көпшілігінің жастарға арналғандығы. Театр ұжымы әдетке айналдырған тағы бір үрдіс – қараша айындағы студент жастарға арнайы сахналанатын театрландырылған ән-думан кеші. «Айтылмаған махаббат» деген атаумен көрерменге жол тартқан ерекше қойылым –  әнімен де, сәнімен де, биі мен әзілімен де көрермендердің көңілінен шыққан, еріксіз қошемет ұрдырған қойылым болды десем, қателеспеспін. Көрермен мен артист арасындағы шынайы махаббатты тілмен жеткізбей, көзбен ұғындырған естен кетпес кеш болғаны есімізде. Студенттердің мерекесіне арналған осындай ән-думан кештері алдағы уақытта да жалғасын табады деп сенеміз.

Бүлдіршіндердің сүйікті мерекесі – жаңа жыл қарсаңында Б.Дәуренбековтің «Томпақпен келген Жаңа жыл» ертегісі 10 күн қатарынан кішкентай балапандар үшін сахналанды. Сүйікті Томпақтарымен кездесіп, Аяз аталарынан сыйлық алып көңілдері тоқ болған балалардың жүздері қуаныштан бал-бұл жанғанын көзіміз көрді. Бұл да – театрдың жылдағы үрдісі десем, артық болмас. Жыл сайын жаңа жыл қарсаңында осындай ерекше қойылым ұсыну әдетке айналған. Бұдан бұлай да жалғасын тапсын деп тілейміз.

2016 жылдың алғашқы премьерасы – «Бір түп алма ағашы» жайлы әлі де көптеген жылы лебіздер айтылып, жазылып келеді. Осыған дейін еліміздің бірнеше театрларында сахналанған бұл қойылымның Мұрат Ахманов қойған нұсқасы да алматылық патша көңілді көрермендердің  жүректерінің төрінен орын алғанына сенімдімін. Әр сеанс сайын аншлагпен өткен спектакльді көріп отырып, актерлық құрамға, шығармашылық ұжымға бас имей кетпейтініңіз анық…

Ал, наурыз айында театр Абай өмірінің бір бөлігін көрсеткен «Телғара» қойылымын көпшілікке ұсынған болатын. Ұлы ақынның балалықтан даналыққа өтер тұсын сахналаған қойылым да терең тарихымыздан сыр шертетін қойылым болды деп есептеймін. Көрерменнің көңілінен шыққан бұл спектакльдің де ғұмыры ұзақ боларына сенеміз.

Театрдың аға буын өкілі – Тынышкүл Сұлтанбердиева сәуір айында өзінің бенефис кешін өткізгенін атап өтпесек болмас. Мерейтойына орай Альберт Гернидің «Махаббат хаттары» (Реж: Жұлдызбек Жұманбай) драмасын сахнадағы әріптесі Қадырғазы Қуандықовпен көпшілікке ұсынды. Айтар ойы терең бұл спектакль – көпшіліктің сұрауы бойынша, театр репертуарына енді.

70-ші маусымның жабылуына қарсы, театр тағы бір жаңа қойылыммен көрермендерін қуантты. Бұл жолғы премьера – әлем театрлары мен қазақ театрларында бұған дейін бірнеше рет сахналанған классикалық туынды – У.Шекспирдің «Бір сен үшін тудым…» (Ромео мен Джульетта) қойылымы болды. Аты да, заты да қазақыланған жаңа туынды да көпшілік көңілінен шығып, қошеметке ие болды. Үш айлық еңбектің, дайындықтың нәтижесі – үмітті ақтады.

70-ші маусым осындай премьераларды көпшілікке ұсына жүріп, жетістіктерге де қол жеткізген маусым болды деп ойлаймыз. Маусымның басында Таразда өткен «Тұңғышбай әл-Тарази Таразға шақырады» фестивалінде театр ұжымы «Қара шекпен» қойылымымен қатысып, «Үздік эпизодтық ер адам бейнесі», «Үздік эпизодтық әйел адам бейнесі» номинацияларын жеңіп алса, көктемде Түркияда өткен Халықаралық фестивальде дәл осы қойылым ең үздік деп танылған еді. Бұл жетістіктер ұжымға үлкен абырой болып, мерейлерін өсірген.

Алғаш рет ұйымдастырылған Алматыдағы өнер ошақтары арасындағы волейболдан жарыста театр ұжымы бас жүлдені қанжығаларына байлап кетіп еді. Бұл – театр тарихындағы үлкен жетістіктердің бірі болғаны анық.

Былтырғы жылдың қорытындысы ретінде театрдың қос бірдей актеры – Бейбіт Қамаранов пен Бақыт Тушаев – Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлығының иегері атанса, Лидия Кәденова «Парасат» орденімен марапатталып, Жібек Бектемір мен Айгүл Иманбаева «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын иеленді.

Биылғы жылдың тағы бір жаңалығы деп – тұңғыш рет ұйымдастырылған «Алтын сақа» балалар қойылымдарының фестивалін айтсақ болады. Бұл фестиваль – алғаш рет ұйымдастырылып, бірнеше номинациялар өз иелерін тапты. Олар: «Көрермен көзайымы» (Ербол Идрисов), Қасым Жәкібаев атындағы «Ең үздік қосалқы рольдегі ер адам бейнесі» (Жомарт Зейнәбіл), Әмина Өмірзақова атындағы «Ең үздік әйел адам бейнесі» (Нұргүл Мыңғатова), «Эпизодтық рольдегі актерлық шеберлігі үшін» (Мөлдір Қонысқызы), «Ең үздік эпизодтық роль» (Ерлан Кәрібаев), «Ең үздік дебют» (Динара Нұрболат), Байділдә Қалтаев атындағы «Ең үздік ер адам бейнесі» (Мерей Әджібеков), Аққағаз Мәмбетова атындағы «Ең үздік әйел адам бейнесі» (Динара Абдуллина).

«Өнер адамын өлтіру үшін оқ шығындап, жендет жалдап керегі жоқ. Елемей қойсаң болғаны, өзі-ақ өліп қалады». Еңбектері еленіп, марапатқа ие болған артистердің қуанышында шек болмады. Театр басшылығы бұл фестиваль жылда жалғасын табатындығын жеткізді.

Айта кететін тағы бір тың дүние – театрдың қос талантты актерларының жеке жұмысы – «Ол» моноспектаклі. Ермек Аманшаевтың «Үзілген бесік жыры» шығармасының желісі бойынша сахналанған бұл спектакль –  Ерлан Кәрібаевтың алғашқы режиссерлық жұмысы. Бүкіл қойылымның жүгін жалғыз өзі арқалайтын Данияр Базарқұлов – осы ролі арқылы көптеген көрерменге ой салып, толғандырды. Тамашалаушылар жауабы жоқ сұрақтарды өз-өздеріне қоюмен спектакльден шығып жатты. Моноспектакльдің тағы бір ерекшелігі – қойылымның сахнада емес, театр фойесінде болуы. Бүкіл бір залға емес, арнайы 50 шақты көрерменге ғана қойылуы  — актер мен көрерменді бір-біріне жақындатып, жақыннан түсінуге мүмкіндік жасады деп ойлаймын. Моноспектакль – көрермендердің өтінішімен бірнеше рет сахналанып, мамыр айының соңында ІІ Халықаралық «Дидар» театр өнерінің эксперименталдық фестиваль-лабораториясында «Ең үздік қойылым» номинациясына ие болды. Бұл – Ерлан Кәрібаев пен Данияр Базарқұловтың күндіз-түні жасаған еңбегінің жемісі деп білеміз.

70-ші маусым – патша көңілді көрермендер мен сахна адамының арасына көпір орнатты. Бұлай дейтін себеп –  маусым ашылысымен жаңа жобаның іске асуы. «Кейіпкер келбеті» мейман бұрышы – осы күнге дейін біршама театрдың артистерімен халықты  жақындатты. Әр жексенбі сайын қойылым алдында бір сағат көрерменмен сырласқан актер да, сүйікті артисімен жақыннан сұхбаттасқан көрермен де бұл жобаның сәтті шыққанын дәлелдей түсіп жатты.

Келесі жылы қазақ халқының нар тұлғасы, қазақ кино өнерінің аңыз адамы – Асанәлі Әшімов 80 жасқа толады. Мерейтойына тарту ретінде театр актердың өмірі мен шығармашылығына арнап «Тағдыр тақтасы» деп аталатын поэтикалық дастан сахналады. Қойылым режиссері – Жұлдызбек Жұманбай. Актер өмірінің біраз бөлігін қамтыған спектакльде басты рольді Әсет Иманғалиев сомдады.

Міне, театрдың бір жылдағы еңбегі, жетістігі – осындай. Бір маусым бойы көрермендер үшін аянбай еңбек етіп, тек жақсы жаңалығымен қуанта алған театр ұжымы – 22 маусым Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» қойылымымен 70-ші театр маусымын салтанатты түрде жапты. Ендігі кезекте, ұжым демалысқа шығып, жаңа маусымға тың идеяларымен, жаңаша бастамалармен келетініне сенеміз. Жаңа маусым – бұдан да көп жетістіктерге, көрермен қошеметіне толы болсын деп, сөзімді аяқтағым келеді.

 

Нұргүл Кеңесқызы

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Бал дәурен мен жастықтың театры

admin

СТУДЕНТТЕР КҮНІН АТАП ӨТТІ

admin

2 қараша театрдың көптеген спектакльдерінің композиторы, талантты музыкант, музыкамен көркемдеуші – Болат Нұрқасымовтың дүние есігін ашқан күні!

admin

ПІКІР ҚАЛДЫРУ